Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қазақтелеком» Түркістан облысы Полиция департаментімен бірлесе отырып, мектептерге бейнебақылау камераларын орнатып, ол жерден түскен деректерді ПД-нің Жедел басқару орталығына шығаратын жобаны жүзеге асырды. Бүгінгі таңда бұл орталықтың мамандары нақты уақыт режимінде Түркістан облысындағы 349 мектепте болып жатқан оқиғаларды алақандағыдай көре алады.
Түркістан облысы Спатаев атындағы ауылда кешегі күнге дейін интернет іс жүзінде болмаған еді. Небәрі 700 тұрғыны бар ауылға CDMA технологиясы бойынша телефон тартылып, бірақ ол тиісті деңгейде қызмет көрсетпей, интернетпен қамтамасыз ете алмады. Өткен жылы пандемияға байланысты карантиндік шектеулер мен қашықтықтан оқытуға көшу кезінде студенттер мен мұғалімдер интернетке кіруде көптеген қиындықтарға тап болды, себебі ауылда ол кезде ұялы байланыс болмаған.
Ұялы байланыс сигналын алу үшін мұғалімдер мен оқушылар көрші ауылға баруға мәжбүр еді. Ауылдық елді мекендерге жүргізілген талшықты-оптикалық байланыс желісі оқушылар мен мұғалімдер үшін нағыз құтқарушы құралға айналды. Спатаев атындағы білім ордасы жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, шәкірттері мен ұстаздар цифрлық білім беру қызметі мен интерактивті технологиялардың, қашықтан оқыту мен электронды журналдардың мүмкіндіктеріне қол жеткізді.
«Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аясында оптикаға қосылған нүктелерде ұялы байланыс операторлары «250+» бағдарламасы аясында 3G /4G желілерін дамыту жобасын жүзеге асыра алды. Спатаев ауылында Kcell базалық станциясы орнатылды, осының арқасында ауыл тұрғындары көптен күткен жоғары жылдамдықты ұялы байланысқа ие болды. Жоба үшін 20 Мб/с жылдамдықты қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндігі бар ауылдық елді мекендердегі мектептер таңдалды», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, Түркістан облысына сапары кезінде.
Сонымен қатар, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізудің арқасында білім ордаларында түрлі тәртіпсіздіктердің алдын-алып, құқық бұзушылыққа дер кезінде ден қою мүмкіндігі пайда болды. Яғни мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларына күндіз-түні жазылған бар деректер аудандық полиция бөлімшелеріне сонымен қатар Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына түсіп, қырағы бақылауды қамтамасыз етеді. «Көз ілмейтін» камералар бүкіл оқу процесін бақылап қана қоймай, аумақты қарауға, мектеп мүлкін қорғауға және мектепке кірген бөтен адамдарды бақылауға көмектеседі.
Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігі үшін Спатаев атындағы мектепте 8 бейнебақылау камерасы орнатылған, ондағы деректер 30 күн сақталады. Дәліздерде, асханада, тренажер залында, фойеде, кіре берісте және мектеп ауласында болып жатқанның барлығын нақты уақытта да, жазылып сақталған жерден де көруге болады.
«Мектебімізде орнатылған Қазақтелекомның бейнебақылау камералары қауіпсіз оқу үдерісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осы қызметтің арқасында рұқсат етілмеген адамдардың мектептерде болуын бақылау күшейтілді, сабаққа кешігіп келетіндер саны айтарлықтай азайды. Білім беру мекемесінің кіреберісі мен шығаберісінде және мектеп дәлізінде орнатылған камералар кез-келген төтенше жағдайды тіркейді. Қандай да бір жанжал туындаған жағдайда, мектеп әкімшілігі, қажет болған жағдайда, оқушылардың ата-аналары бейнетаспаны көріп, әрқашан даулы жағдайларды жіті қарастырып, болған жағдайға әділ баға бере алады. Айта кету керек, біздің мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылғаннан кейін оқушылар тарапынан бірде-бір тәртіп бұзушылық тіркелмеді», – дейді Спатаев атындағы мектеп директоры Жандос Қошан.
Полиция департаментінің жедел басқару орталығында жедел іздестірудегі қылмыстардың ашылу көрсеткіші өсіп қана қоймай, сонымен қатар құқық бұзушылықтың әр түрін анықтау әлдеқайда жеңілдеді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Үкімет отырысында бұл мәселе жан -жақты қаралып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жоба мектептерде орнатылған бейнекамералар жазбаларын нақты уақыт режимінде және бейне жазбаларды кейіннен де қарау мүмкіндігін берді. Бұл мәліметтерді аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімінде, сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында қарауға болады. Осылайша біз кез-келген қауіп-қатерді уақытында анықтап, тиісті шараларды қолдана аламыз. Бүгінгі таңда облыста бейнебақылау камераларының көмегімен 67557 әкімшілік құқық бұзушылық пен 95 қылмыс анықталды», – дейді Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Далбеков.
Енді ата-аналар да баланы уайымдамай сабаққа жібереді. Тіпті баласының қимыл-әрекетін бақылауды қалаған ата-ана бұлтты бейнебақылау жүйесін смартфонына жүктеп, камералардан мәліметтерді қарап отыруға мүмкіндік алады.
Егер бұрын қауіпсіздік талаптары ұсыныс сипатында болса, енді білім беру мекемелері міндетті түрде бақылау жүйелерімен, персонал мен келушілерді ескерту құралдарымен, дабыл түймелерімен, мамандандырылған күзет пен кіру жүйелерімен жабдықталатын болады.