Главная Новости «Қазақтелеком» ұлттың ұлы тұлғаларының бейнесін жаңғыртты
19 қаңтар 2023, 16:04 1600

«Қазақтелеком» ұлттың ұлы тұлғаларының бейнесін жаңғыртты

«Қазақтелеком» ұлттың ұлы тұлғаларының бейнесін жаңғыртты

«Қазақтелеком» Қазақстанның ұлы тұлғаларын ұлықтап насихаттайтын бірегей жобаны жүзеге асырды. Компания Тulga.me шығармашыл зиялылар қауымдастығымен және суретші Әділжан Мұсамен бірлесіп, өткен ғасырда өмір сүріп, қазақ даласында кәсіпкерліктің көрігін қыздырған 12 белсенді қайраткерді топтастырған күнтізбені дүниеге әкелді. 12 қайраткердің қатарында ағартушы, кәсіпкер, меценат Мұхамедхан Сейтқұлов бейнесі де бар. Ол 1937 жылы «Алаш» қозғалысын қолдағаны үшін, ұлттың жоғын түгендегені үшін айыпталып, ату жазасына кесілген болатын. Осы кезеңде бүкіл құжаттары тәркіленіп, фотосуреттері мен құжаттарының көзі жойылады. Сол кезеңнен бері Мұхамедхан Сейтқұловтың бет-бейнесін ешкім білмеді, тек міне араға 85 жыл салып түрлі ақпараттарға сүйене отырып, оның бейнесін жаңғыртуға мүмкіндік туды.

Бүгінге дейін бірде-бір суреті сақталмаған қазақтың біртуар ұлы Мұхамедхан Сейтқұловтың портретін ұрпақтарының нақтырақ айтқанда немересі Дина Мұхамедханның естеліктері негізінде жаңғыртып, тарихтың осы бір ақтаңдақ бетін толтырды. Бүгінгі цифрлы дәуірдің жасанды интеллектісі үшін адам мүмкіндігі келе бермейтін миллиондаған ақпаратты қорытып, түйінін шығару түк емес. Дегенмен суретші Әділжан Мұсаның қаламы жасанды интеллект бере алмайтын көңіл күй мен эмоцияны жасады. Шебердің қылқаламы кейіпкердің ұлы, қазақ ұлты үшін әкесінен кем түспейтіндей еңбек сіңірген, ғылыми Абайтанудың негізін қалаған,Қайым Мұхамедхановтың суреттерін негізге ала отырып, естеліктерін қазбалай отырып дүниеге әкелді.

Мұхамедхан Сейтқұлов 1870 жылы қазақ даласында дүниеге келіп, саналы ғұмырын ұлттың жоғын түгендеп, құндылықтарын ұлықтауға арнаған. Кәсіптің көзін тапқан, бүтіндей ұлттың мүддесі үшін қаржысын құйған ірі меценат. Алаш қозғалысының ұйытқысы болған, қудалауға ұшыраған ұлт жанашырларын босатып алу үшін қаржы жұмсаған қайраткер. Одан қалды ол Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналымен «Қазақ» және «Сарыарқа» газетін тұрақты қаржыландырып тұрған. Ағартушы, мәдениет қайраткері Мұхамедхан Сейтқұлов та өзге үзеңгілестері секілді Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны, көптеген қазақ зиялыларымен бірге 1937 жылы ату жазасына кесілді. Осы репрессия кезінде ол туралы барлық ақпараттың көзі жойылды, салдарынан бірде-бір суреті қалмады.

«Мен жобаға қатысқандардың барлығына – атамның портретін тікелей салған суретші Әділжан Мұсаға, идеясы үшін Тulga.me шығармашылық зиялылар қауымдастығына және әрине, жобаны қолдағаны және оны жүзеге асырғаны үшін «Қазақтелекомға» алғыс айтамын. Осы уақытқа дейін бізде атамның бірде-бір фотосуреті болған жоқ, барлық портреттер 1937 жылы жойылды, бірақ Мұхамедханның игі істерін адамдар әрқашан есінде сақтап, ауыздан-ауызға жеткізіп отырды, ал 1970-ші жылдардан бастап әкем атам туралы көп жаза бастады және осы мәліметтердің арқасында біз оның бейнесін қайта жасай алдық», – деді Мұхамедхан Сейтқұловтың немересі Дина Мұхамедхан.

Суретші Әділжан Мұса өзіндік қайталанбас стилімен, қолтаңбасы қалыптасқан шебер. Ол Тulga.me зиялылар қауымдастығымен «Қазақтелеком» АҚ-ның Корпоративті бизнес дивизионы ұсынған біртуар тұлғаларды топтастырып күнтізбе жасау идеясынқолдап, қызығушылықпен кірісті. Қазақ даласында әр жылдары еңбек еткен 12 кәсіпкерді жылдың 12 айына бөліп орналастырды. Күнтізбенің әр беті бір тұлғаның тарихына арналды, олардың қатарында: Медеу Пұсырманулы, Қаныш Сәтпаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Ыбырай Жахаев, Баймұхамед Қошығұлов, Мұхамеджан Сейтқұлов және т.б. қайраткерлер туралы тың деректер келтіріліп, суреттермен көмкерілген.

«Әрқайсымыз бүгінде санамызда сөніп бара жатқан бірақ осыдан 100 жыл бұрын қазақ даласын дамытуға белсене кіріскен кәсіпкерлер мен қайраткерлердің тарихын білуіміз керек. Көзі тірісінде қоғам игілігіне өз қаражатын салған, кәсіпкерлік қызметін ұрпаққа аманаттаған, өмірлік маңызды салаларда, мысалы: тамақ өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығында алғашқылардың бірі болып кәсіп жүргізудің қыр-сырын игерген, кейін акционерлік қоғамдардың негізін қалаған аңыз тұлғалардың портреттерін ұсындық. Олардың әрқайсысы өз заманында ұлтқа қалтқысыз қызмет қылған, риясыз қайраткерлер. Бұл күнтізбе бір жағынан осы біртуар тұлғаларды еске алу құрметі болса, екінші жағынан бүгінгі ұрпақты шабыттандыру құралына айналады деп сенемін», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Корпоративті бизнес дивизионы Маркетинг және даму жөніндегі директорының міндетін атқарушы Абылай Жұмагелдинов.

«Қазақтелеком» қызметкерлері портретті күнтізбені 150-ден астам кәсіпкерлер мен бизнесті дамыту жөніндегі спикерлердің басын қосқан «Big Money Insights Meet-Up» іс-шарасының аясында эксклюзивті арт-көрме түрінде таныстырды. Мұндай тақырыпты жаңаша қырынан беру тәсілі қатысушылар көңілінен шықты. Олар жобаны жоғары бағалап, оның тарихи және ағартушылық маңыздылығын баса айтты. «Қазақтелеком» құндылықтарды дәріптейтін осындай ұлттық шараларды қолдауға әрі жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Себебі телеком-оператордың ұйытқы болуымен жүзеге асқан «Портреттік күнтізбе» қалың бұқараға бірдей қажетті әрі маңызды жоба, бұл ұлттың бірегейлігін түйсінуге, түкпірдегі үнін естуге, тарихын танып, келешегіне айқын мақсат қоюға көмектеседі.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: