Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына ресми сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ мен «ТәжСирекМет» компаниясы уран, сирек және сирек жер металдарын (СМ және СЖМ) өндіру және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум екі елде де тау-кен өнеркәсібін дамытудың маңызды кезеңі бола алатын стратегиялық әріптестікті көздейді. Компаниялар уранды және басқа да СМ және СЖМ барлау, өндіру және қайта өңдеуді, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуді, инновациялық технологияларды енгізуді, сондай-ақ кадрлар даярлауды қамтитын бастамаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
«Бұл қадам біздің компанияларымыз арасындағы серіктестікті нығайту үшін үлкен маңызға ие. Нақты нәтижелер туралы айтуға әлі ерте болса да, біз уран саласындағы, сондай-ақ Қазақстанға да, Тәжікстанға да елеулі пайда әкелетін сирек және сирек жер металдар бойынша бірлескен перспективалық жобаларға назар аудардық. Бұл меморандум екі елдегі экономикалық өсу мен жоғары технологиялардың дамуына ықпал ете отырып, ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастықтың негізі болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Жақын арада «ТәжСирекМет» компаниясының өкілдері Қазатомөнеркәсіптің өндірістік қуаттарымен танысу үшін Қазақстанға жауап сапарымен келуге ниетті, бұл бірлескен жобаларды іске асырудағы маңызды қадам болып, екі тарапқа одан әрі ынтымақтастықтың әлеуетін егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік береді деп күтілуде.