Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға қарасты «Өзенмұнайсервис» ЖШС бұрғышының көмекшісі Абай Жолмағамбетов Франция астанасы Париж төрінде өткен халықаралық айтыста суырыла сөз бастап, жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.
Еңбек пен өнерді қатар алып жүрген мұнайшы айтыстың дамуына өз үлесін қосып, ел абыройын асқақтатып оралды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Аппарат басшысы Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы Абай Жолмағамбетовты жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
— «Өзенмұнайсервисте» жеті жылдан бері еңбек етемін. Ал айтысқа 14 жылдан бері қатысып жүрмін. Біздің жұмысымыз кеңседе емес, далада жүретіндіктен, жарыс алдындағы дайындығым да сол маң дала, маңғаз мекенде өтеді. Бірі қол еңбегі, бірі ой еңбегі ғой. Айтыс өнерінде жанашыр ағаларым болды, ұстазым — дала. Дала даналығын бойыма жинап жүремін. Маңғыстау тарихи мекен болғандықтан, ел мен жер тарихын ауылдың шежіре қарттарынан жиі естіп өстім. Қызу еңбек қызбалықты емес, салқынқандылықты талап етеді. Жерастына темір труба салып, жер-ананың тамырын басамыз. Түйгенге бұл да бір мектеп қой, — дейді Абай.
Қазақ-қырғыз ақындарының дүбірлі додасы қасиетті айтыс өнерінің ЮНЕСКО тізіміне енгеніне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды.