Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша 50 еншілес тәуелді ұйымдардың және бірлесіп бақыланатын компаниялардың басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді.
ҚазМұнайГаз бүкіл өндіріс тізбегі бойынша тиімді жұмыс пен қаржылық тұрақтылықты көрсетуде. Былтырдың қорытындысы бойынша ҚМГ тобының мұнай және конденсат өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткіштерден асып, 23,8 млн тоннаны құрады. Мұнай тасымалдау көлемі 4%-ға өсіп, 83,6 млн тоннаға жетті. Мұнай өңдеу зауыттары 17,44 млн тонна мұнай өңдеді. Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы зауыттарда жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі 370 мың тоннаға ұлғайды.
Сонымен қатар, ҚМГ геологиялық барлауды жандандырып, ел қорын толықтыруда. Бұл бағытта жаңа технологиялар енгізіліп, инвестициялар тартылып жатыр. Жер қойнауының мүмкіндігін зерттеу аясында былтыр Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған учаскелерінде бұрғылау жұмыстары басталды, олардың мұнай қоры 800 млн тоннадан асады.
Мұнай өңдеу және мұнай-химия бағытында «CASPI BITUM» ЖШС-де битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, ҚМГ елде мұнай-газ химия саласын дамытуға бағыт алды – қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасы бойынша ерте құрылыс жұмыстары басталды.
«Мемлекет басшысы геологиялық барлау мен мұнай-газ химиясын дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша және басқа да нақты міндеттер қойды. Әлемдік энергетика нарығының қазіргі жағдайында алдымызда елеулі сын-қатерлер тұр. Ел экономикасына қосып отырған зор үлесін ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы операциялық тиімділікті арттыру, экономикалық көрсеткіштерді жақсарту және өңірлерде әлеуметтік тұрақтылықты қолдау жөніндегі жұмысты күшейтеді», - деді отырыстың ашылуында Асхат Хасенов.
Отырыс барысында еншілес және тәуелді ұйымдар басшыларының есептері тыңдалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаржылық және өндірістік көрсеткіштер, 2025 – 2027 жылдарға арналған операциялық тиімділікті арттыруға қатысты негізгі іс-шаралар, сондай-ақ ұлттық компанияның цифрлық даму саласындағы жоспарлары қаралды.
Сонымен қатар, ел Президенті жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы ҚМГ бастамалары талқыланды.
«Кез-келген компания дұрыс шешім қабылдау, қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде жетістікке жетеді. Сондықтан басшыларды қызметкерлерге өндірістік процестерді жақсартуға белсенді атсалысуын ынталандыратын жағдай жасауға шақырамын», - деп атап өтті Асхат Хасенов.
Жиын қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу, процестерді цифрландыру арқылы мұнай өндірудің және жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің өсуін қамтамасыз етуді, еңбек өнімділігі мен энергия тиімділігін арттыруды, инвестициялық жобаларды бекітілген мерзімде сапалы іске асыруды тапсырды.