Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қазпошта» АҚ Жеткізушілер және мердігерлермен өзара есеп айырысуды есепке алу бөлімінің менеджері Асылы Серіктің арманы көп. Бірнеше тіл меңгеру, әлем елдерін аралау, шахматтан ірі жарыстарға қатысып, спорт шебері атану, тағысын-тағы. Ал бүгінде сол армандарының бірі орындалып, Асылы «Самұрық Қазынаға» қарасты компаниялар арасында өткен спартакиаданың іріктеу турында топ жарды.
Жүйрік ойлы Асылы
«Мектептегі шараларға қатысқаным болмаса, мұндай спартакиадаға қатысуым – бірінші рет. Жасым 23-те, көпбалалы отбасының кенжесі, жетінші баласымын. «Қазпошта» компаниясында Жеткізушілер және мердігерлермен өзара есеп айырысуды есепке алу бөлімінің менеджері болып 4 жылдан бері қызмет етемін», – дейді Асылы Серік.
«Самұрық Қазына» қорының спартакиадасы 5-7 тамыз аралығында Щучье қаласында өтті. Шахмат сайысынан 7-кезеңге 12 ару қатысқан.
«Көбі уақыт жағынан ұтылды. Ұзақ ойланды, ал шаршы тақтада тез шешім қабылдай білу керек. Бәрінен бұрын сайыс ұйымдастырылған мекен керемет ұнады. Таза ауа, айнала жап-жасыл, расымен де ұзақ ойланып, қиялдың жетегінде кететін жер екен», – деп әзілдеді жүйрік ойлы Асылы.
Ақтық сайыс қыркүйектің 11-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Оған географиялық тұрғыдан «Орталық», «Солтүстік-шығыс», «Оңтүстік» және «Батыс» болып бөлінген командалар қатысады.
Қолы қуатты Кристина
«Қазпоштаның» тағы бір қызметкері Кристина Толстова әйелдер арасындағы армреслингтен бірінші орынды жеңіп алды. Ол «Қазпоштаның» Атырау облыстық филиалында сұрыптаушы болып қызмет етеді. Ең қызығы, 25 жастағы Кристина бұған дейін ешкіммен күш сынасып, сайысқа түспеген.
«Ағам – қол күресінен жаттықтырушы. Сырттай қарап, әдіс-тәсілдерін бақылап жүретін едім. Осындай шара өтеді дегенде, мен қатысатынымды айттым. Ақтау қаласына барып, алғаш рет шеті-шегі жоқ теңізді көрдім. Өзімнің де шексіз мүмкіндігімді байқадым. Бұл менің көптен бергі арманым еді. Осындай мүмкіндік берген «Қазпоштаға» алғысым шексіз», – дейді Кристина Толстова.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қызметкерлері арасында өткізілетін VII спартакиадаға Қазпоштаның 130-дан астам маманы қатысып жатыр. Олар волейбол, мини-футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қол күресі, үстел теннисінен бақ сынайды.
Жаннұр Амантай