Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Astana Hub алаңында компанияның облыстық филиалдары директорларының қатысуымен "Қазпошта" АҚ-ның топ-менеджерлерінің жұмыс бабындағы кездесуі өтті. Іс-шара жаңа форматта ұйымдастырылып, жиналыс пен фасилитациялық сессияны біріктірді.
Басқарма төрағасы Әсел Жанасова әріптестермен кездесу барысында "Қазпошта" АҚ-ның компания қызметіндегі өңірлік бөлімшелердің маңызды рөлін атап өтті.
«Облыстық филиалдар компанияның дамуына елеулі үлес қосып отыр. Клиентке бағдарлануға, сервисті жақсартуға және клиенттердің бейілділігін арттыруға назар аудара отырып, біз бұл бағытта командалық жұмыс ерекше рөл атқаратынын ұғынамыз. Біз болашақ жалпы жоспарлар мен мақсаттарды талқылау және Қазпоштаның одан әрі дамуының ортақ пайымын пысықтау үшін филиалдардың барлық басшыларын бір алаңға арнайы жинадық. Мұндай кездесулер тұрақты негізде өтіп тұрады, біз білетінімізді жетілдіріп, жақсы жаққа өзгеріп, тәжірибе алмасатын боламыз. Менің ойымша, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру және пікір алмасу бізге сервистік компания ретінде бүкіл ел бойынша қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Әсел Жанасова.
Бүгінде Қазпошта операциялық процестерді өзгертуге және трансформациялауға бет бұрды. Компания ауылдық округтерде жаңа бөлімшелерді ашуды жоспарлап отыр. Цифрлық даму, инновациялар және атом өнеркәсібі министрлігімен арадағы меморандумға сәйкес Қазпошта пошта және қаржы қызметтерімен қатар мемлекеттік қызметтерді де көрсетуді жоспарлап отыр.
Компанияның жоспарларын талқылаудан басқа Қазпошта командасы 2022 жылдың жұмысын қорытындылап, үздік филиалдарды номинациялар бойынша марапаттады. "Қаржы көрсеткіштері бойынша үздік филиал" номинациясын Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жеңіп алды. Қызмет сапасының көрсеткіштері бойынша Жамбыл облыстық филиалы көшбасшы атанды. "Әлеуметтік жағдай бойынша үздік филиал" номинациясы Ақмола облыстық филиалына берілді.
Екінші күн "Компанияның тарихи картасы" фасилитациялық сессиясы түрінде өтті. Таңдалған формат әріптестерге компанияның бұрын қандай кезеңдерден өткенін және қандай тарихи оқиғалар оның қазіргі дамуына әсер еткенін және әсер етуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік берді. Фасилитациялық ойынның нәтижесінде қызметкерлер негізгі стратегиялық бағыттар бойынша мастер-жоспар құрды.