Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы кен орнына жұмыс сапары кезінде бірқатар өндірістік объектілердің жұмыс барысымен танысты. ҚБМ Бас директорының бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев технологиялық қондырғылар мен жөндеу жұмыстарын тексеріп, бригадалармен кездесті.
Ағымдағы жылдың басынан бері №3 мұнай өндіру цехы аумағында орналасқан газ-су-мұнай қоспаларын айдауға арналған жаңа мультифазалы сорап қондырғысының (МФСҚ-4000) тиімді қолданылып келе жатқандығы мен оңтайландырылғаны атап өтілді. Бұл айдау жылдамдығын айтарлықтай арттырып, ұңғымалардағы қысымды төмендетеді. Оған қоса тұтқыр мұнайды алдын-ала қыздырусыз айдауға мүмкіндік беріп, ілеспе газдың атмосфераға шығарылу қаупін толығымен жояды.
Бұдан соң басшылық Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасының өндірістік алаңдарында болды. Бригадалармен тілдесу барысында өндірістік, еңбек, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер талқыланды. Жұмысшылардың пікірі тыңдалған соң, айтылған мәселелерді шешу барлық ұсыныстарды ескере отырып, әділ түрде жүзеге асырылатыны атап өтілді.
БжҰЖКЖБ базасында жөндеу жүргізіліп жатқан жұмыс кеңсесі де тексерілді. Онда кабинеттер, киім ауыстыру және тамақтану, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер жаңартылып жатыр. Енді инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары қалды. Мұнда басшылық Мұқағали Мақатаевтың жүздеген өлеңін жатқа оқитын оператор Сәкен Іздібаевпен кездесті. Мұнайшының өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысын қолдай отырып, Қаражанбастың мерейтойлық кітабы сыйға тартылды.
Сондай-ақ, басшылық технологиялық көлік басқармасында болып, бірқатар нысандардың жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда өткен жылдан бастап медициналық пункт, 4 және 6 автотізбек кеңселері, вулканизация бөлмесі және тағы басқа жаңғыртылды. Жұмысшылар басшылыққа құрал-жабдықтардың сапасы мен қосалқы бөлшектердің уақытылы жеткізілмейтінін айтты.
Басшылық ТКБ өндірістің маңызды бөлігінің бірі екенін атап өтті. Интеграциядан кейін аталмыш басқармада жаңа арнайы техника мен жабдықтарды сатып алу бойынша оң өзгерістер болатынын, қосалқы бөлшектерді уақтылы жеткізу мәселесі шешілетінін жеткізді.