Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қаражанбас кен орнында «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығының ІІ вахта жұмысшыларына есеп беру кездесуі өтті. Жиналысқа ҚБМ Басқармасы, Бас директор орынбасарлары, департамент және цех басшылары мен еңбек ұжымы қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Бас директор Марат Елеусінов қаражанбастықтарға 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Одан соң қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өндірістік, геологиялық, экономикалық, коммерциялық, кадр және әлеуметтік сала басшылары өз бағыттары бойынша көрсеткіштерді таныстырып, алдағы жоспарларға тоқталды.
2023 жылы Қаражанбас кен орнында 2 053,0 мың тонна мұнай өндірілді. Алайда бұл көрсеткішке жету жолында бірқатар кедергілер туындады. Атап айтсақ, электр энергиясының бірнеше рет апаттық өшуі мен шектеулері өндіріске кері әсерін тигізіп, жылдық жоспардың 3,7 мың тонна орындалмауына әкелді. Дегенмен жұмысшыларының табанды еңбек етуі арқасында жылдық жоспар 99,8 пайызға сәтті орындалды.
Сондай-ақ мұнайды экспортқа тасымалдау жұмыстары да уақытылы жүргізілді. Қаражанбас кен орнынан ішкі нарық – «CASPI BITUM»БК» ЖШС-не мұнай жеткізу 853 000 тонна, жол битумын өндіру және жөнелту көлемі 357 000 тоннаны құрады.
2023 жылы ҚР Мемлекеттік қорлар комитеті отырысында «Қаражанбас кен орны мұнай қорларының өсуі» есебі қабылданды. Бұл бойынша геологиялық қор 313 381 мың тонна, алынатын қорлар – 96 360 мың тонна болып бекітілді. 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда қара алтынның геологиялық қоры 2 404 мың тоннаға, ал алынатын қорлар 663 мың тоннаға ұлғайды. Бұл кен орны болашағының жарқын екенінің кепілі.
Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайларын жақсарту – басым бағыттардың бірі. Былтыр кен орындағы өндірістік емес және тұрмыстық қызмет, мұнай ұңғымаларына техникалық қызмет көрсету және құрылыс-монтаж жұмыстары үшін, сондай-ақ жүктерді тасымалдау және көтеру, персоналды тасымалдау үшін барлығы 140 техника берілді. Бұдан бөлек, №4 жатақхана аумағын кеңейту аясында 192 орындық төрт блоктан тұратын модульдік жатақхана құрылысы басталды. Өндірістік цехтардағы кеңселер мен санитарлық бөлмелерге, вахталық кенттегі №1 жатақхананың 5,6 подьездеріне толықтай күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтап, жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша жұмыстар қарқынды. 2023 жылы компанияда 9 жазатайым оқиға тіркелді. Оның екеуі өндіріске қатысты жазатайым оқиға, ал 7 жазатайым оқиға өндіріске қатысы жоқ фактілер. Былтырмен салыстырсақ, Компанияда қабылданған қауіпсіздік шаралары нәтижесінде өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалар саны 6 оқиғаға немесе 71 % ға азайған.
Оған қоса «Қорғау» бағдарламасы бойынша қауіпті жағдайлар анықталып – 555 «Қорғау картасы» өңделді, 38 қауіпті жұмыс тоқтатылды. Сондай-ақ тарихи мұнаймен ластанған 63,6 гектар, яғни 213 мың 674 тонна топырақ қалпына келтірілді.
Осы және өзге де мәліметтер таныстырылған кездесу соңында жұмысшылар компания басшылығына сұрақ қойып, нақты жауап алды. Өз кезегінде ҚБМ Басқармасы мұнайшыларды ұйымшылдықпен еңбек етіп, компания жетістіктерін еселеуге шақырды.