Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев кен орнына жұмыс сапары аясында бірқатар нысандардың өндірістік процестерімен және жұмыс орнындағы жағдаймен танысты.
Цех басшыларымен кездесу барысында мұнай өндіру нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ басшылыққа жыл соңына жоспарланған көрсеткіштер таныстырылды. Өз кезегінде, ҚБМ Басқармасы компания дамуы өндіру көлемін орындауға тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған сүйене отырып, апаттық ажыратуларға қарамастан өндірістегі үздіксіз процесті тоқтатпау тапсырылды.
Бұдан соң, басшылыққа «Optiwell» деп аталатын ұңғыма деректерін жинаудың автоматтандырылған жаңа цифрлық жүйесінің артықшылықтары таныстырылды. Кен орнын цифрландыру стратегиясы аясында ҚБМ ұңғымаларды автоматтандырудың жаңа жүйесін енгізуде.
Оның дәстүрлі тәсілдерден айырмашылығы, ұңғыма көрсеткіштерін тәулік бойы көрсетіп, мұнай өндіру кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйені енгізу өндірілетін мұнайды есепке алу процестерін автоматтандырып, ілеспе бизнес-процестерді қайта ұйымдастыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта «Optiwell» желісі №3 мұнай өндіру цехына (МӨЦ) қарасты 400 ұңғыманы қамтиды. «Optiwell» желісін 2022 жылдың соңына дейін 2800 ұңғымаға жеткізу жоспарланған.
Жұмыс сапары технологиялық көлік басқармасының №1 өндірістік базасында жалғасты. Мұнда Бас директордың бірінші орынбасары автотізбек басшыларымен кездесті. Тараптар ағымдағы жұмыс процесін, көліктердің мен қосалқы бөлшектердің жай-күйін талқылады. Одан соң, басшылық жаңғырту бағдарламасы аясында жұмысшыларға тағы бір арнайы техниканың кілтін табыстады. Көлік қызметкерлері 10 тонналық вакуумдық қондырғыны қуана қабылдады. Айта кету керек, бұл жыл басынан бері ТКБ-на пайдалануға берілген 15-ші арнайы техника.
«Мен бұрынғы ВҚ-да 15 жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Өздеріңіз білетіндей, ескі техника жиі істен шығады, ұзақ уақыт жөндеуге тура келді. Бүгін мен өте жаңа көлік руліне отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің басқармаға назар аударғандарыңыз үшін басшылыққа алғыс айтамын», – деді ВҚ операторы Нұрболат Тілеген.
Кен орнын жаңарту көптеген салаларда жүріп жатыр. Мысалы, вахталық кенттің мәдени-демалыс орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмысшылар жағдайын жақсарту мақсатында ғимараттың акт залы, кітапхана, сондай-ақ кір жуу және тігін шеберханасы жөнделеді. Жағдаймен танысқаннан кейін Басқарма жөндеу қарқынының төмендігі және нашар ұйымдастырылғанын алға тартты. Осыған байланысты, жоғары сапаны сақтай отырып, жұмысты жеделдету тапсырылды.
Сонымен қатар, Қ.Нұрғалиев №1 БӨП-тен вахталық кентке дейінгі автожолдың құрылыс барысымен танысты. Қазір мұнда асфальт төсеу кезеңі аяқталып, жолақтарды белгілеу жұмыстарына көшу жоспарлануда.
Интеграциядан кейін Қаражанбастың өндірістік өмірінде ерекше орын алатын бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасына көп көңіл бөліне бастады. Жұмыс сапары аясында ҚБМ Басқармасы бригадаларға көтеру мүмкіндігі 40 тонна болатын жаңа көтергіш қондырғының кілтін тапсырды.
Жаңа арнайы техника өндіріс үздіксіздігін және жерасты жөндеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Бұрғылаушылар жаңа техниканың кілтін қуанышпен қабылдап, компания басшылығына алғыс білдірді. Айта кету керек, жыл соңына дейін тағы екі көтергіш пайдалануға беріледі. БжҰЖКЖБ автопаркін жаңарту келесі жылы да жалғасады.