Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жалпы, салауатты өмір салтын ұстану – сәнді әрі жағымды тенденцияға айналғанын күнделікті әлеуметтік желілерден, ақпараттық ресурстардан байқап жүрміз. Соның ішінде корпоративтік ұжымдардың бұқаралық спортпен шұғылдануы – қуантарлық үрдіс. Осы тұрғыдан келгенде, «KEGOC» АҚ қызметкерлері де салауатты өмірге басымдық беретінін және олардың спорттағы жетістіктері жайында ауыз толтырып айтуға болады.
Мәселен, компания ішінде қалыптасқан дәстүрлі спорттық үрдіс бар, ол–жыл сайын «KEGOC» АҚ атқарушы дирекциясы мен өңірлік филиалдары қызметкерлері арасында өтетін спорттық спартакиада. Компания қызметкерлері өзара сайысқа түсетін спартакиада аясында мини-футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг, тоғызқұмалақ және шахмат сынды бұқаралық спорттың 6 түрінен жарысады. Мұндай спорттық шаралар өте тартысты және қызықты өтеді. Сайыстардан сүрінбей өткен жеңімпаздар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес және тәуелді компаниялар арасында өткізетін кең ауқымдағы спорттық жарыстарға жолдама алады. Әрине, бұл өз кезегінде қызметкерлерді әрі ынталандыру, әрі салауатты өмір салтын ұстануға әкелетін кешенді шаралар. Әрі ұжым қызметкерлерінің бір-бірімен танысуға, өзара коммуникация және тәжірибе алмасуына жақсы мүмкіндік. Өкінішке қарай, қазіргі пандемиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптарды сақтау мақсатында спорттық спартакиадаларды өткізу уақытша тоқтатылғаны белгілі.
«KEGOC» АҚ қызметкерлері арасында өтетін спартакиаданың тарихына көз жүгіртетін болсақ, сонау 2004 жылдан бастау алады. Яғни, әуесқой спортшылар арасындағы алғашқы жолдастық кездесу «Орталық жүйеаралық электр тораптары» филиалының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында өткен болатын. Алғаш рет өткен жарыста спорттың бір ғана түрінен, дәлірек айтқанда волейболдан 4 команда өзара сайысқан болатын. Уақыт өте келе компания деңгейіндегі маңызды сипатқа ие болған спорттық шараға қатысатын қызметкерлердің қатары да артты, сайысқа түсетін спорт түрлері де көбейе бастады. Әлбетте, спортакиаданың аясында еліміздің әр өңірінде жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі-бірімен танысуына, еркін коммуникация орнатуына жағдай туды. Ал бұл өз кезегінде қызметкерлер арасындағы корпоративтік рухты жігерлендіруге және ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтуға септеседі.
Спартакиада әр жыл сайын Қазақстанның әр өңірінде, яғни компанияның филиалдары орналасқан аймақтарда өткізіліп келді. Бір айта кетерлігі, қай өңірде өтсе де, спорттық шараны қызықтап келетін жанкүйерлердің қатары да аз болмайды. Жанкүйерлер қауымы, әсіресе өте жоғары деңгейде өтетін қызметкерлеріміздің волейболдағы тартыстарын тамашалайды. Сондай-ақ компания қызметкерлерінің арасында армрестлинг, тоғызқұмалақ сияқты ойын сайыстарына қызығушылық артып келеді. Бұл бұқаралық спортқа деген қызығушылығы бар қызмеркерлер санының артып келе жатқанының дәлелі.
«KEGOC» АҚ-ның әуесқой спортшыларының білек сыбанып, бағын сынайтын тағы бір тамаша алаң бар. Ол – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы арасында өткізетін спорттық спартакиада. Бұл жиырмаға жуық ұлттық компания мен мекемеден іріктелген спортшылар сайысқа түсетін орта. Осындай тартысты бәсекелерде кегоктықтар бірнеше жыл бойы алғашқы төрттіктің қатарынан түспей келеді.
Мәселен, «KEGOC» АҚ құрамасы 2013 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялары тобы арасында өткен І спартакиаданың қорытындысы бойынша 19 команданың ішінен жалпыкомандалық ІІІ орынды иеленсе, кезекті 2015 жылғы спартакиадада да кегоктықтар жақсы нәтижелер көрсеткен болатын. Дәлірек айтқанда, мини-футболдан 5-ші, волейболдан 1-ші, шахматтан 5-ші, үстел теннисінен әйелдер арасында – 3-ші, ерлер арасында – 7-ші, армрестлингтен 5-ші орындарды иеленіп, жалпы ұпай санымен IV орынға ие болды. Ал 2016 жылы өткен сайыста KEGOC өкілдері волейбол (1 орын), мини-футбол (4 орын), армрестлинг (5 орын), шахмат (3 орын), үстел теннисінен (2 орын) өте жоғары нәтижелерімен өнер көрсетіп, жалпы ұпай санымен ІІ орынға ие болды. Тағы бір ерекше жайт, 2019 жылы өткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобы арасында өткізетін спартакиадасында KEGOC компаниясы қатысушылар саны бойынша алдыңға қатарға шықты, яғни компания атынан 184 қызметкер қатысқан болатын. Бұл жай сандық көрсеткіштер ғана емес, ұжым қызметкерлерінің бұқаралық спортқа едәуір жақын екенін және айтарлықтай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жиі өткізілетін жаппай жүгіру марафондары қазіргі кезде Қазақстанның өзге қалаларында да трендке айналып келеді. Қала тұрғындары жаппай қатысатын жүгіру шараларының сүйсінер тұсы тағы бар. Қатысушылардан түскен қатысу жарнасының белгілі мөлшері қарайымдылық қорларға аударылады. Спортпен шұғылдана отырып, игілікті істерге қатысу, өз үлесінді қосу құптарлық үрдіс. Осындай бұқаралық марафондарға қызығушылық танытып жүрген KEGOC компаниясы қызметкерлерінің қатары жыл сайын артып келеді. Алғаш рет 2016 жылғы Астана марафонына қатысқан әріптестеріміз бүгінде жаппай жүгіру шараларына белсенді қатысуды жағымды дәстүрге айналдырған. Соңғы 6 жылдың көлемінде жүйрік әріптестеріміздің арасында жүгіру техникаларын үнемі дамытып, жаттығу дайындықтарын жақсартудың нәтижесінде жартылай марафон (21,1 шақырым) және толық марафон (42,2 шақырым) қашықтықтарын бағындырушылардың қатары артқан.
Қазіргі таңда марафоншы әріптестерімізді біріктіретін орта – KEGOC RUNNING CLUB клубы қалыптасқан. Аталмыш клубта «KEGOC» АҚ атқарушы дирекциясы және өңірлік филиалдары, еншілес компаниялар «Энергоинформ» АҚ және «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС-дан жиналған барлығы 30-дан астам қызметкер бар. 2016 жылдан бергі аралықта кегоктықтар бас-аяғы 20-ға жуық марафонға қатысып, жылдамдыққа жүгіру көрсеткіштерін жыл сайын жаңартып келеді. Яғни, компаниямыздың қызметкерлері дәстүрлі түрде өтіп жүрген Аstana marathon, Almaty marathon, BI marathon, Astana Winter Marathon секілді бұқаралық шаралардың белсенді әрі тұрақты қатысушылары. Ерекше қызықты өткен марафондардың бірі – қыстың ауа температурасы -25 градусқа дейін түсетін қақаған аязды күнінде өткен II Astana Winter Marathon-да кегоктықтар асқан ерік-жігер танытып, белгіленген қашықтықтарды (10 және 21,1 шақырым) мүдірмей жүгіріп өткенін атап өткен жөн. Қатысушылардың барлығы естелік медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген BI марафонда да «KEGOC» АҚ корпоративтік командасы бір кісідей қатысып, әсіресе ораза тұтқан әріптестеріміз межелеген қашықтықтарын еш қиындықсыз жүгіріп келді. Бұл жолы корпоративтік команданың құрамында «KEGOC» АҚ Атқарушы дирекциясы, «Энергоинформ» АҚ, «ЖЭК жөніндегі ҚЕАО» ЖШС және Ақмола ЖЭТ филиалынан жиналған 20-ға жуық жүйрік болды.
Компания басшылығы бұқаралық спортқа жақын қызметкерлердің артып келе жатқандығын ескеріп, 2019 жылы елорданың триатлон паркінде компания тарихындағы алғашқы жүгіру KEGOC RUN марафонын өткізген болатын. Спорттық іс-шара жыл сайын 28 сәуірде аталып өтетін халықаралық мереке – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылды. Марафонға қатысуға тілек білдірген компанияның барлық қызметкері өз мүмкіндіктерін 35-ке дейін және 35-тен жоғары жас категорияларында сынап, жылдамдыққа жүгіріп келді. Жеңімпаздар жүлделі орындарға ие болып, арнайы марапатталды.
Сонымен қатар әуесқой спортшыларымыздың арасында өтетін шахмат, мини-футбол сынды жарыстардағы жеңістеріне тоқталып өтуге болады. Мәселен, ЖЭК-ті қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС Дамыту және жоспарлау департаментінің бас маманы Тимур Мажиков, «KEGOC» АҚ ҚС қызмет көрсету жөніндегі электр монтері Баянбек Бақтыбаев және «Энергоинформ» АҚ Қауіпсіздік, еңбекті қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің бас маманы Данияр Бердоңғаров сынды қызметкерлерден құралған «KEGOC» АҚ шахматшылар командасы биыл Орталық Азия бойынша өткен KPMG шахмат ойындарының онлайн чемпионатында көшбасшылар бестігіне енді. Яғни, «KEGOC» АҚ командасы жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Турнирге Қазақстан, Қырғыз елі мен Өзбекстаннан 46 команда қатысқан. Чемпионат Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен lichess.org ойын алаңында (онлайн форматта) өткен болатын.
– Жыл сайын шахмат турнирі үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Биыл турнирге Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен жинақталған 40-тан астам команда қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бұл турнирге 2016 жылдан бері қатысып келемін және жыл сайын шахматшылардың деңгейі артып келе жатқанын атап өту қажет. Мен шахматты 5 жастан бастап ойнаймын. Өз атымнан KPMG турнирінің ұйымдастырушыларына, шахмат турниріне қолдау білдірген Қазақстан шахмат федерациясына және жақсы ойын көрсетіп, жеңіске ұмтылған өз командама алғыс білдіргім келеді, – дейді Данияр Бердоңғаров.
Сондай-ақ «KEGOC» АҚ атқарушы дирекциясында да, өңірлік филиалдарында да мини-футболдан құрылған командалар бар. Командалардың басым бөлігі аймақтық және республикалық жарыстарда жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Соның бір дәлелі, 2021 жылғы 5 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен мини-футбол турниріне «KEGOC» АҚ командасы қатысып, қола жүлдені жеңіп алды. Мерекелік турнирге елорданың KEGOC, ҚТЖ, BAZIS-A, «Қазатомпром» сияқты ұйымдарынан келген командалар қатысты.
Жалпы, компания қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта белсенді түрде бұқаралық спортқа ден қоюы және түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алуы – қуантарлық жайт. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысы тапсырған бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын жыл сайын арттыру жөніндегі тапсырмасы осындай қадамдармен жүзеге асатыны анық. Себебі дені сау ұрпақ – ертеңгі елдің жалғасы, жарқын болашақтың кепілі.
Спортпен шұғылданайық!
Ақмарал БАЯЗИТОВА,
«KEGOC» АҚ Коммуникациялар
қызметінің бас маманы
https://aikyn.kz/176862/kegoc-kyzmetkerler-bukaralyk-sportta-belsendi/