Главная Новости Кең пейілді Кенжегүл
18 сәуір 2024, 16:21 635

Кең пейілді Кенжегүл

Кең пейілді Кенжегүл

Жаны жайсаң, атқаратын қызметіне асқан ұқыптылықпен қарайтын Кенжегүл Ізбасарованың Қаламқас кен орнында қызмет еткеніне де 40 жылға таяп қалыпты. Жастайынан еңбекке араласқан ол 5-ші дәрежелі сылақшыға дейін көтеріліп, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы Күрделі құрылыс департаментінде табаны күректей 32 жыл еңбек етті. Тапжылмай, тұрақты түрде бір орында жасау деген оның өз ісіне деген адалдығы, кәсіби біліктілігінің арқасы шығар, сірә.

Табиғаты қарапайым Кенжегүл: «Осы жылдар ішінде түйгенім - адамдар арасында өзара сыйластық болса, сенім мен түсіністік орнайды. Тіл табысып, кез келген түйткілді мәселені оңай шешуге болады» - дейді. Небір қақаған қыстың ызғары, шіліңгір шілденің аптабында да вахталық ауысыммен жұмыс істеп келе жатқан Кенжегүлді өмірлік қосағы да үнемі қолдайды екен. Бір қызығы екеуі де бір құрылымдық бөлімшеде еңбек етіп, жұмыс барысының қиындығы мен рақатын, қызығы мен шыжығын қатар көріп келеді. Сүттей ұйып отырған берекелі шаңырақтың отанасы Кенжегүл алтын асықтай бес баланы өмірге әкеліп, отағасымен бірге олардың алаңсыз өсіп-өркендеуіне барлық жағдай жасап отырған көрінеді.

«Балаларыма алты ай толғанда жұмысқа шығып кететінмін. Өзіміз жұмысқа кеткенде оларды апам бағып, қарасатын еді. Бүгінде алды үйленді, бір немереміз бар. Кенжетайым 2-ші сыныпта оқиды. Өзіміз түзде еңбек етіп жүргенімізбен, балалардың тәрбиесі мен қажеттілігіне қатты мән береміз. Вахтадағы уақытта үнемі телефон арқылы бақылауда ұстап, жиі хабарласып отырамыз ғой», - дейді кейіпкеріміз.

Өндіріс ошағының қай саласы болса да игеріп, аянбай еңбек етіп жүрген Кенжегүл, Компания мүддесі үшін кез келген жұмысты абыроймен атқаруды өзіне міндет санайды. Кенжегүл Ізбасарова бүгінгі таңда «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының Ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының Ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының 5-ші дәрежелі химиялық талдау лаборанты. Бұл кәсіптегі еңбек өтіліне санаулы жылдар өтсе де, ол өз ісінің шебер маманы болып алған. Ұжымдастарының тарапынан құрмет пен жақсы пікірлерге де ие.

«Жалындаған жас кезімізден, күш-қайратымыз тасып тұрған кезден-ақ, жұмысқа деген құлшынысымыздың арқасында осы күнге жеттік. Еңбегіміз еленіп, тапқан табысымыздың да берекесі бұйырып отыр. Компанияның дамуына, өсіп-өркендеуіне теңіздің тамшысындай үлесімізді қоссақ – ол да бір адамзаттық мақсатымның орындалғаны деп білемін», - дейді адал еңбегінің жемісін көріп отырған аяулы ана.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: