Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Бұл материалда біз Қазақстанда іске қосылатын серпінді жоба – полиэтилен өндірісі туралы әңгімелейміз.
Полиэтилен өндірісінен Қазақстан қандай пайда көреді?
Полиэтилен өндірісі 2030 жылға қарай жылына 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде экспорттық пайда түсіреді.
Жобаны жүзеге асыруға тартылатын қаражаттың (Ұлттық қор қарызы мен шетелдік инвесторлардан тартылатын қаржы) жалпы көлемі 6,5 млрд АҚШ долларынан астам.
Құрылыс жұмыстары үшін 8 мыңнан астам жұмыс орны қажет болады. Ал операциялық қызмет кезеңінде 875 білікті кадр тартылады. Бұл ретте, сарапшылардың бағалауынша, бір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында үш қосымша жұмыс орнын құрады.
«Алдын ала бағалау бойынша, салық түсімдерінің көлемі 5,7 млрд долларды құрайды. Мемлекет еншісіне төленетін дивиденд 18 млрд доллар шамасында. Бұл жобаны жүзеге асыру елдің экономикасына оң ықпал етіп, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі 2019 жылғы бағаны есепке алғанда 1,2% болады деп бағаланып отыр», – деді Диаз Диянов.
Қазақстанның геосаяси жағдайы полиэтилен өндірісіне қолайлы
«KLPE» ЖШС Басқарма төрағасы Диаз Дияновтың айтуынша, тұтас жобаның құны ҚҚС және қаржыландыру комиссиясын қоса алғанда 7,6 млрд АҚШ долларын құрайды. Компания газ сепарациялық кешеннің құрылысы үшін Ұлттық қордан қарыз алатын болса, жобаның қалған бөлігін іске асыру үшін халықаралық қаржы институттары мен банк қауымдастықтарынан, өзге де серіктестерден қаражат тартуға тура келеді.
Диаз Диянов
«Біздің басымдығымыз – Қазақстанның қолайлы геосаяси жағдайы. Ол қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасына сай келеді. Сонымен бірге, Арнайы экономикалық аймақтың дамыған инфрақұрылымы да маңызды рөлге ие. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қорының үлкен еңбегін атап өту керек. Әрине, тағы бір басымдық – бағалы компоненттерге толы біздің газ», – деді Диаз Диянов.
Оның айтуынша, ықтимал стратегиялық серіктестер қатарында ресейлік «Сибур» холдингі мен Қытайдың Sinopec компаниясы бар.
«Қазіргі таңда мен әріптестік туралы егжей-тегжей айта алмаймын. Бірақ, маңыздысы – олар бұл жобаға өте жоғары деңгейде мән беріп отыр. «Сибур» компаниясымен келіссөздер міндетті құжаттарға қол қою сатысына жетті», – деп атап өтті Диаз Диянов.
Иллюстрациялық фото
Газ-сепарациялық кешен ТШО аумағында орналасады
Компания басшысының айтуынша, полиэтилен өндірісінде Теңіз кен орнындағы ілеспе газ қолданылады. Тек бұл газ алдын ала газ сепарациялық кешенде (ГСК) қажетті көлем мен сапаға жеткізіліп дайындалады.
«Теңізшевройл компаниясымен келісімге 2020 жылы қол қойылды. Жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, техникалық экономикалық негіздемесі жазылды. Құрғақ газ өндіретін қуаттылығы 9,1 млрд текше метр ГСК ТШО аумағында орналасады. Бұл өндіріске қажетті шикізатты тұрақты әрі үздіксіз жеткізіп отыруға қолайлы», – деді Диаз Диянов.
«KLPE» ЖШС Басқарма төрағасы жоба құнын да атады. ГСК құрылысының жобасы 2,2 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Қаржыландыру Ұлттық қордан жылдық 3 пайызбен қаржы алу арқылы жүзеге асырылады.
«Бұл – қарыз, яғни біз қаражатты қайтарымды негізде аламыз. Меніңше, бұл қалыпты тәжірибе. Қазақстанның ақшасы Қазақстанның меншігінде қалатын зауыт құрылысына жұмсалып қана қоймай, мемлекетке пайызбен бюджетті қайтарады», – деді Диаз Диянов.
Жылына 1250 мың тонна полиэтилен өндіріледі
Компания басшысының айтуынша, Қазақстанда сонау 1993 жылы-ақ газ ресурстарын қайта терең өңдеу арқылы жоғары сапалы өнім алу жөнінде идея көтерілген. Теңіз кен орнына игерудің алғашқы кезеңінен бастап «Теңізшевройл» ЖШС компаниясымен жасалған келісімшарттардың бәрінде мұнай өндірісі барысында шығатын ілеспе газды Қазақстанның мұнай-газ қажеттіліктері үшін жеңілдікпен жеткізу туралы арнайы баптар жазылған болатын.
«Алайда, мұнай-газ жобаларын іске асыру туралы шешімдер тек 2008 жылы қабылданды. Қазақстан Республикасында мұнай-газ жобаларын жүзеге асырудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, полипропилен (жылына 400 мың тонна) және полиэтилен (жылына 800 мың тонна) өндіретін бірегей кешен салу жоспарланды. Алайда бұл жоба қомақты қаражатты талап ететіндіктен, оны екіге бөліп, кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», – дейді Диаз Диянов.
«KLPE» ЖШС басшысының айтуынша, Қазақстанда полипропилен өндірісімен Атырау облысындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» ЖШС компаниясы айналысты. Полипропилен өндірісі үшін Теңіз кен орнындағы ілеспе газ құрамындағы пропан газы пайдаланылған.
Ендігі кезекте, яғни полиэтилен өндірісінде этан газы қолданылады. Бұл жобамен «KLPE» ЖШС айналысады. Жоспар бойынша компания жылына 1250 мың тонна өндіреді. Шикізат ретінде жылына 1,6 млн тонна этан қолданылады деп жоспарланған.