Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласына жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысындағы ҚМГ еншілес және тәуелді ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді.
Кеңеске ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Ak Su KMG» ЖШС басшылары қатысты.
Кәсіпорын басшылары өндірістік қызметтің негізгі көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелері туралы баяндады.
Мағзұм Мырзағалиев компаниялар мен мердігерлік ұйымдар ішіндегі проблемаларға уақтылы ден қою үшін ұжымдармен және кәсіподақтармен өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайларды жасау және қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын, 2024 жылға арналған өндірістік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді, ілеспе қабат суын тұшыту зауытының («Қаражанбасмұнай» АҚ) жобалық көрсеткіштерге дейін жеткізуді жүзеге асыруды, Жаңаөзен қаласындағы тұшыту зауыты («Ak Su KMG» ЖШС) бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы "Мемсараптама" РМК-ға уақтылы ұсынуды тапсырды.
«Бүгінде «ҚазМұнайГаз» үшін басты мәселелердің бірі - өндіріс объектілері мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында біз тұшыту зауытының құрылысын бастадық», - деді ҚМГ басшысы.
М.Мырзағалиев қауіпсіздік техникасы, еңбек тәртібі, Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау ережелерін қатаң сақтауды тапсырды.