Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Алматы облысында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен республикалық «Дала күні» семинары өтті. Іс-шара аграрлық ғылымдағы озық тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаңға айналды.
KMG PetroChem компаниясының Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Диаз Диянов өз баяндамасында Ақтөбе облысында CNPC компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Карбамид» жобасын таныстырды.
«Қазақстанның аграрлық саласы үшін карбамид - жай ғана тыңайтқыш емес, өнімділікті арттырудың, жерді тиімді пайдаланудың және азық-түлік қауіпсіздігінің кілті. Ауыл шаруашылығының орасан зор ресурстарына қарамастан, елде минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейі өте төмен. «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында CNPC-мен карбамид өндіру зауытын салу туралы Негіздемелік келісімге қол қойылды - бұл жобаның жаңа деңгейге көтерілгенін растайтын маңызды қадам. Қуаты жылына 800 мың тоннаға дейін тыңайтқыш шығаратын бұл зауытты іске асыру фермерлерді арзан отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсуі үшін берік негіз қалауға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Диаз Диянов.
Өнеркәсіп пен ғылымның өзара практикалық іс-қимылының маңыздылығына тоқталған ол, ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп еліміздің төрт өңірінде жүргізіліп жатқан карбамидті егіс алқаптарында сынақтан өткізу шарасы туралы да айтты. Солардың бірі «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» алаңында сынақтан өткізілуде. Нәтижесінде тыңайтқышты тиімді және экологиялық негізде қолдану бойынша практикалық ұсыныстары бар ашық ғылыми есеп дайындалады.
Анықтама үшін:
Жоспарланып отырған карбамид зауыты жылына 800 мың тоннаға дейін азотты тыңайтқыш өндіре алады. Негізгі шикізат ретінде Жаңажол газ өңдеу зауытының тауарлық газы қолданылады. Жоба Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленуде. 2025 жылдың соңына дейін FEED кезеңінің жобалауын аяқтау, ал 2026 жылы түпкілікті инвестициялық шешім (FID) қабылдау және EPC мердігерін таңдау жоспарлануда.
Агрономия бағыты аясында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп Алматы, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында егістік алқабында карбамидты сынау жұмыстары жүргізілді. Шамамен 90 тонна карбамид енгізіліп, 600 гектар егістік алқабы қамтылды. Қазір топырақ пен ауылшаруашылық дақылдарына агрохимиялық талдау жүргізілуде.