Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының өткен жылғы қызметінің қорытындылары және осы жылға арналған жоспарлары компанияның еншілес ұйымдары мен барлық өңірлік бөлімше өкілдерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте талқыланды. Іс-шараға ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров қатысты, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиында өндірістік көрсеткіштердің өсуінің оң динамикасының сақталуы атап өтілді. Контейнерлердегі транзиттік тасымалдар 1 млн 28 мың ЖФЭ құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Қазақстан мен Қытай темір жолдары арасындағы жүктерді тасымалдау көлемі 22%-ға өсіп, 28 млн тоннаға жетті.
2023 жылы теміржолдарды жөндеу бойынша ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізілді. 1443 км теміржол төсемі жаңғыртылып, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе артқан. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары басталды. Олардың қатарында, Дарбаза – Мақтаарал темір жол желілері, Бақты – Аягөз (Қытаймен үшінші шекара өткелінің ашылуы), Алматының айналасындағы айналма желісін салу. Достық-Мойынты учаскесінде 300 шақырымнан астам екінші жол мен Сиань қаласының Қытай құрғақ портында Қазақстанның жүк терминалы салынды.
Бүгінде ҚТЖ-да 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2023 жылы жалақы 20%-ға көтерілген. Бүгінгі таңда компанияның өндірістік персоналының орташа жалақысы республикалық деңгейден 26%-ға асып түсті. 2023 жылы қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілді. Желілік қызметкерлерді жұмыс орнына жеткізу үшін 384 бірлік көлік сатып алынды. ҚТЖ желісі бойынша жұмыс жүргізу үшін шалғайдағы станцияларға шығатын теміржолшылардың толыққанды демалуы үшін қажетті барлық затпен жабдықталған 132 модульдік ғимарат орнатылды. 2024 жылы 120-дан астам модульдік ғимарат орнату жоспарлануда. Сонымен қатар бүкіл ел бойынша тозығы жеткен құрылыстарды ауыстыру үшін теміржол бойындағы аралықтарда 1224 жылыту пункті орнатылған. Алдағы қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.
Ұлттық компания қызметінің басым бағыты теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып қала береді. Сондай-ақ 2024 жылға көзделген негізгі міндеттердің бірі — тасымалдау көлемін ұлғайту және транзитті дамыту, цифрландыру бағдарламаларын іске асыру, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамды жаңарту.
Кеңес қорытындысы бойынша Мақсат Қалиақпаров теміржол көлігі қызметкерлеріне Қазақстан көлік министрінің атынан Алғыс хаттар мен грамоталар табыс етті.