Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев теңіз инфрақұрылымын дамытудың және TХКМ (Транскаспий халықаралық көлік маршруты) әлеуетін одан әрі арттырудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Транскаспий маршруты Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі транзиттік дәліздердің бірі болып табылады. Соңғы екі жылда жүк тасымалдау көлемі екі есеге өсті.
Атап айтқанда, Қытайдың контейнерлік тасымалының транзиті қарқынды өсуде. Ағымдағы жылдың 9 айында шамамен 23,5 мың жиырма футтық эквиваленттер тасымалданды, бұл өткен жылдың көлемінен 20 есе көп. ТХКМ бағыты бойынша айына шамамен 40 контейнерлік пойыздар жүреді. Бұл темір жолдардың, теңіз порттарының және сауда флотының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды.
Қазір Қытайдың басқа жүк өндіруші провинциялары, атап айтқанда, Чунцин, Иу, Санпинь, Нанкин, Цзинхэ, Дунзячжэнь TХКМ-на қызығушылық танытуда. Болашақта контейнерлік тасымал көлемі жылына 3 мың контейнерлік пойызға дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар халықаралық автотасымалдаушылар ТХКМ бағытында жүйелі түрде қайта бағдарлануда. Биыл Қытаймен үкіметаралық келісімге қол қойылып, визасыз режим енгізілгеннен кейін қытайлық тасымалдаушылар да бұл бағытты дамыта бастады. Шілде айынан бері TХКМ арқылы Қытайдың 2300-ден астам көлігі өткен.
Отырыс қорытындысы бойынша Құрық портының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмысты жандандыру, жыл соңына дейін Құрық портында тереңдету жұмыстарын аяқтауды қамтамасыз ету және заманауи жол бойындағы сервисті құру арқылы жүргізушілердің Құрық портында болу жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.
Ақтау портында биыл контейнерлік хаб құрылысы басталды, алғашқы іске қосу кешені келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Қайта тиеу техникасы кезең-кезеңімен жаңартылуда, биыл жүк көтергіштігі 64 тонна порталдық кран сатып алынды. Министр Ақтау портының акваториясын тереңдету бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуді және әкімдікпен бірлесіп порт қуаттарын дамыту үшін жер учаскелерін бөлуді пысықтауды тапсырды.
Сауда флотын дамыту мақсатында Қазақстанда кеме жасау қуаттарын құру жоспарлары талқыланды. Орта мерзімді перспективада отандық сауда флоты 7 жаңа сауда кемесімен толықтырылады.
Жалпы алғанда, көлік инфрақұрылымын синхронды дамыту TХКМ бағытының серпінді дамуының және динамикалық өсіп келе жатқан жүк тасымалының тасымалдануын қамтамасыз етудің кілті болып табылады.