Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Министр Марат Қарабаев ұсынған ақпаратқа сәйкес 2023 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласындағы нақты көлем индексі 106,9% құрады. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктердің көлемі 21%-ға ұлғайып, 32,3 млн тоннаға жетті. Барлық бағыт бойынша оң динамика байқалады.
Теңіз порттарында терминалдық қуаттар қарқынмен дамып келеді. Мәселен, Құрық портында жеке инвестициялардың қатысуымен өткен жылы қуаттылығы 1 млн тонна жаңа астық терминалы салынды. Жобалар Abu Dhabi Ports компаниясымен кооперацияда жүзеге асырылды.
Инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету мақсатында Ақтау және Құрық порттары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілді.
Сондай-ақ сингапурлық PSA International компаниясымен бірлесіп Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қазақстандық учаскесін пилоттық цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзербайжан мен Грузияның көлік жүйелерімен Интеграция 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.
Бүгінгі таңда көзделген басты міндет Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту шеңберінде Қазақстанды халықаралық транзиттік елге айналдыру болып табылады. Өткен жылмен салыстырғанда осы дәліз бойынша тасымалдау көлемі 65%-ға өсіп, 2,8 млн тоннаны құраған (2022 ж. – 1,7 млн тонна). Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша қазақстандық өнімнің экспорты 2,5 есеге артты.
Экспортпен қатар импорттық жүк ағынының да өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде еуропалық компаниялардың аталған халықаралық маршрутқа деген қызығушылығын көрсетеді. Жалпы көрші мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен ТХКМ-на экспортты тарту бойынша, оның ішінде осы тасымалдарға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.