Главная Новости Қордай ауданының 10 елді мекені газбен қамтылды
15 желтоқсан 2020, 08:55 1237

Қордай ауданының 10 елді мекені газбен қамтылды

Қордай ауданының 10 елді мекені газбен қамтылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Қордай ауданының 10 ауылы «көгілдір отынға» қосылды, деп хабарлайды SKnews «ҚазТрансГаз» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп Қордай ауданының Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстарын аяқтады.

Барлығы 392 км газ құбыры салынып, 62 мыңнан астам тұрғын және 274 әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік нысандар табиғи газға қосылу  мүмкіндігіне ие болды. Жұмыстар өте қысқа мерзімде  – 2020 жылғы маусым мен қазан айлары аралығында аяқталды.

«70 жылдан астам уақыт бойы Қордайды газбен қамту мәселесі шешімін таппай келді. Биылғы жылды тарихи деп атауға болады. Ел Президентінің қолдауының арқасында 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның 22 ауылын газдандыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде қордайлықтарды «көгілдір» отынмен қамту деңгейі 47 пайыздан 95-ке дейін көбейеді. Мұндай ауқымды жұмыстар бұл аймақта бұрын-соңды жүргізілген жоқ», – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Осы қуанышты күнмен жерлестерін аудандық қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов құттықтады.

«Өздеріңіз білетіндей жыл басында Президент келіп кеткен еді. Сол сапар барысында біз Мемлекет басшысынан аудандағы бірқатар түйіткілдерді шешуге жәрдем жасауын өтініп едік. Сол мәселелердің ішінде газдандыру да бар. Өтінішіміз ескерусіз қалған жоқ. Осы салтанатты сәтке қатысы бар барша жанға алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл айтулы мереке және дүнген бауырларымызбен бас қосып, бір-бірімізді құттықтап, пікір алмасатын жақсы себеп болды. Бәріміздің мақсатымыз – бірлік», – деді Әбдібек Сейілханов.

Ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаған газ қызметкерлері қауіпсіздік ережелері  жазылған жадынамалар таратты.

«Газ тұтыну – ыңғайлы, бірақ оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек», – дейді мамандар.

Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі өзгелермен бірге үйіне газ кіргізген жергілікті тұрғын Муса Машанлоның шаңырағына бас сұқты.

«Газ қосылғаннан кейін бізде жаңа өмір басталды. Үйімізде әрдайым жайлылық пен жылу болады. Еліміздің басшылығы мен газ мамандарына отбасымыздағы қуаныш үшін алғысымыз шексіз!» – деді Сортөбе ауылының тұрғыны Мәдина Молдажанова.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайловтың айтуынша,  ауылдарға газ жеткізетін құбырлардың құрылысы "Қордай" автоматты газ тарату станциясын (АГТС) жаңғырту және оның өткізу мүмкіндігін арттырумен қатар жүргізілді. Аталған жұмыстар Қордай ауданының тағы 12 елді мекенін газдандыруды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бүгінде табиғи газ ең таза органикалық отын болып тұр, сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру – экологиялық жағдайды едәуір жақсартады, ауаға тарайтын зиянды заттар көлемін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар үйді жылыту, ас әзірлеу және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи газды пайдаланудың арқасында тұтынушылардың шығындары азаяды.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: