Главная Новости Көшпенділердің кеме керуені
10 декабря 2020, 14:40 3208 Нигматулин Рэмир

Көшпенділердің кеме керуені

Көшпенділердің кеме керуені

Пролог орнына. 2004 жылдың 12 желтоқсаны. Ресей Федерациясының Ленинград облысындағы Выборг кеме жасау зауыты. Дәл осы күні, дәл осы жерде қазақстандықтар үшін елеулі жаңалық болды. Аяғын енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан Қазақстан флотының Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдайтын алғашқы алып танкері жасалып бітіп, соның тұсаукесеріне барғанымыз қазір есімізге түсуі де – заңдылық. Қазақстандағы мұнай тасымалының білгір мамандарының бірі Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдиннің алып кемеге қызыға қарап тұрып айтқан мына сөзі әлі құлағымызда: «Көшпенді қазақ едік бір кезде, енді міне, кеме жасап, Каспийде жүзіп барамыз». Теңізге шыққан көшпенділер ұрпағы туралы мақаламызды Қайрекеңнің осы бір аталы сөзінен бастағанды жөн көрдік.

 Флот қалай құрылды?

Флот негізі 1998 жылдың 4 желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысымен  «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының» құрылуынан бастап қаланды. Аталмыш мақала да компанияның туған күніне орай жазылып отыр. «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы ұжымын осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, олардың ел ертеңі жолындағы жұмыстарына табыс тілейміз.

Қазақстан теңіз көлігі секторын барынша пайдаланып, өз экономикасын одан әрі дамытуға арналған осы стратегиялық нақты қадамын жасау арқылы Каспийде толыққанды сауда флотын құруға үміт артты. Квазимемлекеттік компания болып саналатын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымы бойынша бизнесті барынша  дамытудың жолдарын ғасырлар тоғысында мықтап қолға алды. Сол кездің өзінде холдинг көмірсутегі шикізатын тек қана құбырлар арқылы ғана емес, оған балама ретінде теңіз арқылы тасымалдау проблемасымен де айналысуды күн тәртібінен түсірген жоқ. Холдингтің еншілес кәсіпорны ретінде құрылған  «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС өзінің басты стратегиялық мақсатын сол кезден айқындап алған-ды. Оның қатарында теңіз тасымалы мен көмірсутегіні теңізде барлауда мемлекеттің үлесін арттыру, сауда кеме қатынасы саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және осы секторда халықаралық ынтымақтастықты нығайту сияқты міндеттерді айтуға болады. Сондықтан да компания Каспий, Қара теңіз және Жерорта теңізі бассейндерінде отандық теңіз флотын құру, мұнай және мұнай өнімдерін әлемдік нарыққа тасымалдау, сондай-ақ өзіміздің кеме жөндеу базасын қалыптастыру ісіне алғашқы күннен қызу кірісіп кетті.

  2001 жылы ел Үкіметі сауда кеме қатынасын дамытудың егжей-тегжейлі тұжырымдамасын қабылдады. 2002 жылы «Қазақтеңізкөлікфлотының» қатысуымен «Сауда кеме қатынасы туралы» Заң әзірленіп, бекітілді. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «2004–2006 жылдарға арналған Ұлттық теңіз кеме флотын құру туралы» бағдарлама әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Ол кезде Қазақстанның бүкіл теңіз сауда флоты тек 4 құрғақ жүк кемесінен тұрса да, алдағы онжылдықтардың болашағы батыл белгіленген болатын. «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясына сол жылдары Ақтау теңіз портының үш мұнай құю терминалы берілді. Кәсіпорын оларды қайта жарақтап, Қазақстан флотының негізін қалады. Баржалар арқылы мұнай тасымалдау жүзеге асырыла бастады. Енді бұл шаруаны интенсивті түрде жетілдіру қажеттілігі де алдыңғы жоспарға шықты.

 

Интенсивті жетілдіру демекші, қазір баржаларды кемемен сүйреп, мұнай тасу «баланың ойыны, бақсының жынындай» болып қалғаны жасырын емес. Сондықтан да Қазақстанның ен мұнайын сыйымдылығы өте жоғары алып танкерлермен тасымалдау керектігін флот басшылары алғашқы жылдары-ақ түсінді. Сөйтіп, компания мұнайды танкерлермен тасудың жолдарын қарастыра келіп, Ресейдегі Выборг кеме жасау зауытымен келісімшартқа отырып, әрқайсының сыйымдылығы 12 мың тонналық үш танкер жасауға тапсырыс берді. Иә, бұл тек компания емес, Қазақстанның мұнай-газ секторындағы бедерлі бетбұрыс еді.

2006 жылы Қазақтан Республикасы Президенті Жарлығымен «2015 жылға дейінгі тасымал стратегиясы» бекітілді, онда «Қазақтеңізкөлікфлотының» танкер, құрғақ жүк флотын және теңіз операцияларын қолдау үшін флот құруға арналған инвестициялық жобаларын жүзеге асыру нақтыланды. 2006 жылы «ТК Ақтау» танкері пайдалануға берілді, үш жылдан кейін Ақтау портына «Атырау» танкері келді. Келесі жылы «Ақтөбе» және «Орал» танкерлері тасымал керуеніне қосылды. Сол кезеңде Каспий теңізінің қазақстандық секторында жұмыс істеуге арналған «Тобыл» және «Есіл» сүйреткіштері Ақтау портына табан тіреді. Әрқайсысының жүк көтергіштігі 3600 тоннаны құрайтын «KMG-105», «KMG-106», «KMG-107», «KMG-108» алаңқай-баржалары пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ертіс», «МБ Урал» буксирлері де іске кірісті.

 

2011 жылы тағы бір маңызды оқиға болды: Грузияның Батуми портында Румыниядағы қазақстандық өңдеу активтеріне мұнай тасымалдауға арналған Афрамакс типіндегі әрқайсысы 115 мың тонналық алғашқы сыйымдылығы ірі «Алатау» мен «Алтай» танкерлері қабылданды. Бұл кемелерді сатып алу «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен жүзеге асырылды.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС 22 жыл ішінде қуатты материалдық база құра білді. Бүгінгі күні компанияда жалпы сыйымдылығы 340 мың тоннаны құрайтын 23 кеме, оның ішінде 5 танкер бар, оның үшеуі Каспий теңізінде, екеуі Қара теңізде, сондай-ақ 3 мамандандырылған көпфункционалды кеме мен 4 құрғақ жүк кемесі іске қосылған. Теңіз операцияларын қолдау қоры 8 платформалық баржадан және 3 буксирден тұрады. Сыртқы нарықтағы жұмысты ойдағыдай жүзеге асыру үшін мұнайды ашық теңізде флоттың 4 еншілес компаниясы тасымалдайды. Бүгінгі күні «Қазақтеңізкөлікфлоты» қауіпсіз және тиімді теңіз саудасы мен экспорттық процестерді тек Каспий маңы елдерімен ғана емес, сонымен қатар аталмыш бассейн акваториясынан тыс жерлерде де дамытуды жалғастыруда.

 

Жалға алудан – тәуелсіз компанияға

 

2005 жылға дейін «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы Әзірбайжан, Ресей және Иранның кеме қатынасы компанияларынан танкерлерді жалға алып, жұмыс істеді. Десе де, Каспий теңізі үшін 2003-2004 жылдары олар өздерінің танкерлерін жобалаумен айналыса бастады. Жүк көтергіштігі 12 мың тонна кеменің жобасын Нижний Новгородтағы Вымпел конструкторлық бюросы жасады. Астраханьда, Қазанда, Зеленодольскіде 8 баржа салдырды, ал 4 буксир Вьетнамнан сатып алынды.

 

Мұнай өндіру мен тасымалдаудың үнемі өсіп келе жатқан көлемі мұнай құю цистерналарының санын көбейтуді талап етті. «BarenShipping» ресей–британ компаниясымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде компания уақытша чартер үшін дедвейттік салмағы 5 тонна өзен-теңіз класындағы 8 танкер сатып алды. Ал 2001 жылы Қазақстан Республикасының тарихында алғаш рет Ақтау–Махачкала және Ақтау–Баку бағыттары бойынша жалға алынған флоттың жұмысы басталды. Бұл сол кездегі үлкен жетістік болды. 2002 жылы Иранмен келіссөздерден кейін «Қазақтеңізкөлікфлоты» отандық көмірсутегіні Ақтау–Нека бағыты бойынша тасымалдауды жолға қойды. 2003 жылдан бастап Бакуден басқа Иранға мұнай тасымалдау басталды. Содан кейін Махачкала бағыты қосылды. Дедвейт салмағы 12 мың тонна болатын «Астана» типтес танкерлердің әрқайсысы «Ақтау–Баку» және «Ақтау–Махачкала» маршруттары бойынша жылына 1 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдады. Тасымал көлемі жылына 3 миллион тоннаға, ал ең жақсы жылдары олар 12 миллион тоннаға жетті. Теңіз операцияларын қолдау үшін флоттың қалыптасуының басында компания Болгариядан ҚТКФ-1 алғашқы буксирі  сатып алынды, ол 2003 жылдың қазан айында Ақтау портына келді. Ақтау портының мұнай тиеу айлақтарының өткізу қабілетін жылына 8-10 миллион тонна мұнайға дейін жеткізу мақсатында 2003 жылдың басынан бастап компания Ақтау портының №4 және №5 мұнай құю айлақтарын қайта жаңартуды бастады. Арнайы Каспий теңізі үшін 2003-2004 жылдары олар өздерінің танкерлерін жобалай бастады. Сол кезеңде Қашағанға жасанды аралдар үшін тастарды тасымалдауға арналған баржалар салынды.

2003 жылы компанияның алғашқы маңызды дамуы басталды. ҚР Президентінің Жарлығымен «Каспий теңізінің қазақстандық секторын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді, оның кейбір учаскелерінде «Қазақтеңізкөлікфлотының» Солтүстік Каспий теңізінің қайраңын игеруге тікелей қатысуы белгіленді. Сол жылы Солтүстік Каспий жобасын іске асыру үшін компания Баутино портында теңіз операцияларын қолдау базасын салуға келісімшартқа отырды. Құрылыс жоғары қарқынмен жүргізіліп, рекордтық мерзімде,  небары алты айда аяқталды. 2004 жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» Каспийде құрғақ жүктерді тасымалдау бойынша қызметін бастады. Компания жалдаған алғашқы құрғақ жүк кемелері Испат-Кармет өнімдерін Иранның Амирабад портына тасымалдауды бастады. Астрахань кеме жасау зауытының қорларынан әрқайсысының жүк көтергіштігі 3600 тонна екі KMG-101 және KMG-102 баржалары іске қосылды. Сол жылы «Қазақтеңізкөлікфлотының» бас кеңсесі Алматыдан Ақтау  қаласына көшірілді. Өндіріспен қатар әлеуметтік мәселелер де шешілді. Ақтау қаласында компания қызметкерлері үшін 35 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.

2005 жылдың мамырында отандық алғашқы «Астана» мұнай танкері Ақтау портына келді. Мемлекет тарихындағы бұл маңызды оқиға Қазақстанның өз теңіз флотының дүниеге келгенін білдірді. Олай дейтін себебіміз, «Астана» танкерінің келуімен Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбырына жаңа қуатты бағыт ашылды. Сол жылы компания «Алматы» танкерін және KMG-103 және KMG-104 баржаларын пайдалана бастады. 2006 жылдан 2011 жылға дейін «Қазақтеңізкөлікфлоты» қарқынды даму кезеңінен өтті. Мемлекеттік деңгейде компанияның ондаған жылдарға арналған көлік стратегиясы мен көпқырлы даму бағдарламалары қабылданды. Ресейлік «Красное Сормово» зауытымен бес мұнай танкерін салуға келісімшарт жасалды, оның үшеуінің дедвейттік салмағы 13 мың тонна екенін айта кеткен жөн.

 

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС-інің қазіргі күші неде? Осы сұрағымызға жауап берген компания бас директоры Айдар Есенжанұлы Оржанов былай деді: «Біздің компанияда өз саласының кәсіби мамандары жұмыс істейді, олардың арқасында «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» өсіп, жаңа қызмет бағыттарын дамытты. Компания халықаралық нарықтағы сұранысты және ашық теңізде тасымалдаудың өсіп келе жатқан көрсеткіштерін ескере отырып, сыйымдылығы үлкен танкерлерді, теңіздегі мұнай операцияларын қолдау флотын және т.б. жұмыстарды жоспарлап отыр. Бізде болашаққа деген сенім мен тұрақтылық бар. Компанияның  тәжірибесі де жылдан жылға артып келеді. Біз жүктерді тасымалдаумен қатар, оңтайлы және тиімді көлік шешімдерін ұсына отырып, логистиканың қыр-сырын терең меңгердік деп айта аламыз. Өткен кезең Қазақстанда өзінің сауда теңіз флотын құру туралы шешімнің дұрыс болғанын айқын дәлелдеп берді. Жаһандану мен мемлекеттердің бір-біріне тәуелділігінің артып отырған жағдайында өмір сүріп жатқан елімізде бұл тарихи шешімнің үлкен саяси және стратегиялық күшін дәл қазір анық сезіне бастадық».

Теңіз державасы болу оңай ма?

 

2011 жылдың сәуірінде «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясына Қазақстан Республикасы Ұлттық теңіз тасымалдаушысы мәртебесі берілді, оның позициясы мен қызметінің негізгі бағыттары бекітілді: флоттың қауіпсіз және сенімді жұмысы; ұлттық теңіз саудасы мен қызмет көрсету флотын дамыту; Каспий маңы елдерінде, одан тыс жерлерде де кеме қатынасының табыстылығын арттыру.

«Қазіргі таңда компания теңіз жүктерін тасымалдау бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Компанияның Каспий, Қара және Жерорта теңіздерінің кеңістігінде жүретін заманауи кемелері бар. Қалыптасу жылдарында компания теңіз сауда кемелерімен жұмыс істеудің баға жетпес тәжірибесіне ие болды, теңіз науқанының ерекшеліктерімен танысудағы алғашқы нюанстар мен қиындықтардың бәрі артта қалды» дейді бізбен әңгімесінде компания бас директорының навигация қауіпсіздігі және флотты пайдалану жөніндегі орынбасары Жақсылық Төлеубекұлы Көпбаев.

 

Бұрын-соңды болмаған стратегиялық жобаны қолға алған компанияда кемелерді сатып алу және порттар салу, мәмілелер жасау, өршіл жобалар құру және жүзеге асыру, ең бастысы Каспий бассейнін жедел дамыту сияқты кезек күттірмейтін шаруалар дер кезінде жүзеге асырылды. Бастапқы кезеңде көрсетілген сенімді ақтап қана қоймай, болашақта сауда флотын біртұтас команда ретінде дамыту қажет болды. Құрлықтың ішінде орналасқан Қазақ елі қазір толыққанды теңіз державасына айналды. Орталық Азия аймағындағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан біздің мемлекетіміз Еуразияның теңіз хабы болып саналады. Қазақстанның Еуропа мен Азия мемлекеттері арасында көлік байланысы жүйесінде ерекше орын алатынын көптеген мемлекеттер мойындады.

 

Компанияның ерекше мәнге ие болуы Каспий қайраңының қарқынды дамуымен тығыз байланысты.  Дәл сол кезден бастап флот ұлттық танкердің, құрғақ жүк тасу мен қосалқы флоттың жедел құрамын, сондай-ақ Каспий акваториясында жұмыс жасау үшін теңіз инфрақұрылымының нысандарын пайдалануға беруді алдын-ала анықтады.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» Каспий теңізін игеру жөніндегі ауқымды мақсатына қол жеткізгеннен кейін өзінің алдына Қазақстанның туы астында ашық теңізге шығып, отандық мұнайды тасымалдау мақсатын қойды. Жиырма жыл бұрын бұл арман еді. Өйткені, Қазақстан ол кезде ашық теңізге тікелей шыға алмады және оған жету үшін ұзақ та қиын жолды еңсеру керек болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан Еділ–Балтық және Еділ–Дон каналдары арқылы Балтық, Азов және Қара теңіздеріне, одан мұхитқа шығуға мүмкіндік алды. Афрамакс типіндегі 120 мың тоннаға дейінгі жүк таситын танкерлері бар ҚТКФ халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді және Chevron, NCOC, Shell, Exxon Mobil, Total сияқты жетекші халықаралық энергетикалық компанияларымен байланыс орнатты. Ашық теңізде жұмыс істеген уақыт ішінде BP, Repsol, ExxonMobil, Shell, Eni сияқты сауда серіктестері мен сауда терминалдары «Қазақтеңізкөлікфлотының» танкерлерінен бас тартқан бірде-бір жағдай болған жоқ. Өйткені, компания барлық қатаң талаптарға сәйкес жұмыс істеп келеді. Мұның өзі төл флоттың халықаралық беделінің арта түскенін аңғартады.

Сондықтан да «Қазақтеңізкөлікфлотының» әлемдік жүк тасымалдау компаниясы болуға әлеуеті өте жоғары. Заманауи кемелер, білікті персонал, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі, халықаралық мұнай компанияларының талаптарын орындау сияқты компания қол жеткізген артықшылықтар бұған мол мүмкіндік береді. Қатаң бәсекелестікке қарамастан «Қазақтеңізкөлікфлоты» кемелері Қара теңіз және Жерорта теңіздеріне шығып, ашық теңіз қатынасы нарығында жеңілдік шарттарсыз, кейде тарифтері нарықтық ставкалардан төмен жағдайдың өзінде де жұмыс істеп, абырой биігінен көрініп келеді. Отандық флот мұндағы өзінің сыбағалы үлесін біртіндеп көбейтуді көздеп, сенімді түрде жұмыс істей бастауы оның болашағының зор екенін білдірсе керек.

 

Сондықтан болар, 2018 жылы мамырда «Қазақтеңізкөлікфлоты» «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» Халықаралық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне қабылданды. 2019 жылғы 16 сәуірде Ақтау–Баку–Ақтау транскаспийлік бағыты бойынша тұрақты фидер желісі іске қосылды. «Қазақтеңізкөлікфлоты» осы фидер қызметінің теңіз операторы болып анықталды. Осы тарихи күні 225 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) сыйымдылығы бар қазақстандық «Түркістан» кемесі алғашқы сапарымен Ақтау портынан кетті. Бүгінгі күнге дейін дәл осындай сыйымдылығы бар «Бекет Ата» кемесі Ақтау–Баку–Ақтау желісінде қолданылуда. Өткен жылдың сәуірінде іске қосылған «Ақтау–Баку» фидерлік желісі барлық жұмыс кезеңінде шамамен 17 мыңнан астам ЖФЭ тасымалдады. Мұның бәрі Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша құрғақ жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайту арқылы Қазақстан экономикасына қосымша табыс алуға мүмкіндік берді.

 

Кадрлық құрам қалай дайындалды?

 

Жеке теңіз флотын құрудың әу басында компанияда кәсіби деңгейі халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін кадрлар тапшы болатын. Алайда, жағдай біртіндеп жақсы жаққа өзгере бастады. Қазір отандық флотта кәсіпқойлар тобы, өз ісінің нағыз шеберлері қалыптасты. Бүгінгі күні  «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясында жоғары білікті, сенімді мамандар жұмыс істейді, олардың білімі мен тәжірибесі флот қызмет көрсететін ірі отандық және шетелдік мұнай компаниялары қоятын халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Компания басшылығы білікті кадрларды қалыптастыру бойынша бүгінге дейін мақсатты саясат жүргізіп келеді.

«Төл кадрларды даярлау –  компания кадр саясатының негізгі міндеті. «Танкерлер флоты мен теңіздегі мұнай операцияларын қолдау флотына арналған қазақстандық кадрларды дамыту бағдарламасына» сәйкес Ресей Федерациясының жоғары теңіз оқу орындарында теңіз мамандарын даярлау жүзеге асырылды. Осы бағдарлама аясында қазақстандық азаматтар «Навигация», «Электромеханика», «Кемелер мен электр станцияларын пайдалану» мамандықтары бойынша оқыды. Курсанттар Новороссийскіде адмирал Ф.Ушаков атындағы Мемлекеттік теңіз университетінде және оның Астрахандағы филиалында, сондай-ақ Санкт-Петербургтегі адмирал С.Макаров атындағы Мемлекеттік теңіз академиясында оқыды. Оқыту теңіз навигациясы, кеме жасау, электромеханика, кемелерді пайдалану және энергетика мамандықтары бойынша жүргізілді» дейді компанияның персоналды басқару департаментінің директоры Орынбасар Сансызбайұлы Кусалимов.

 

Бұл бағдарлама теңіз операцияларын қолдау үшін танкерлер флоты мен флоттың кадрлық жетіспеушілігін шешу және Қазақстан Республикасында теңіз көлігін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ісінде ерекше роль атқарғанын айтпай кетуге болмайды. Жуырда біз осы бағдарламаның жемісін көрген, флоттың MCV класындағы «Бүркіт» кемесінің жүргізушісі Алламұрат Отызовпен кездескен едік. Ол өзінің қызметі туралы қызықты әңгімелеп берді: «Мен Ақтау қаласында тұрамын. 2009 жылы «Қазақтеңізкөлікфлотының» грантын жеңіп алып, Санкт-Петербургтегі адмирал С.Макаров атындағы Мемлекеттік теңіз академиясында бес жарым жыл оқып, оны абыроймен аяқтап шықтым. 2015 жылдан бері осы компанияда еңбек етіп жатырмын. Мұндағы еңбек жолымды «Атырау» танкерінде капитанның үшінші, одан кейін екінші көмекшісі болып бастадым. Қазір «Бүркітте» капитанның аға көмекшісімін. Бұл күндері Ерсайдан Прорваға Теңіздегі зауытқа қажетті насостар мен құбырлар тасымалдап жүрміз. Болашақта кеме капитаны болу үшін мен теңізде әлі сегіз ай жүруім керек». Владислав Андреевич Фролов,  Борис Алексеевич Талько сияқты оның әріптестері де компанияның гранты аясында білім алып, қазір флотта еңбек етіп жатқан үздік  мамандар екен. Біз олардың бәріне сәттілік тіледік.

Теңіз мамандарын даярлау қазақ-британ техникалық университетінің базасындағы Қазақстан теңіз академиясында да жүзеге асырылды. Мұндағы компания түлектерінің көпшілігі капитанның үшінші көмекшісі, үшінші механик пен электромеханиктен бастап жұмысқа араласып, қазір компания кемелерінде, компанияның бас кеңсесінде қызмет етеді. Үздік студенттер компанияның ашық теңіздегі танкерлерінде жұмыс істейді. Компания қызметінің тиімділігі көбінесе қызметкерлердің біліктілігіне, олардың кәсіби дайындығына және іскерлік қасиетіне байланысты. 

Кәсібиліліктің қажетті деңгейін қалыптастыру және қолдау мақсатында стратегиялық дамудың талаптары мен перспективаларын ескере отырып компания қызметкерлері біліктілікті арттыру және қайта даярлаудан тұрақты оқудан өтеді. Бұл бағытта өндірістік кадрлар Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік теңіз және өзен флоты университеті жанындағы үздіксіз кәсіби білім беру институтына оқуға жіберіліп келеді. Компанияның әкімшілік-басқарушылық құрамы үшін біліктілікті арттыру республикалық орталықтарда және жоғары оқу орындарында өтеді.

Басты міндет – бәсекеге қабілетті болу

 

Қарқынды дамып келе жатқан «Қазақтеңізкөлікфлоты» құрылған кезінен бастап-ақ Каспий маңындағы басқа мемлекеттердің теңіз көлігі компанияларымен үнемі қатал бәсекеде болып келе жатқаны белгілі. Осыған қарамастан флот өз қызметін халықаралық стандарттарға сәйкес абыроймен, кәсіби шеберлікпен жүргізіп келеді және Қазақстанды әлемдік көлік жүйесіне интеграциялауға ықпал етуде.

2012 жылдың тамызында Иранның Анзали портына жеткізу үшін алғаш рет қазақстандық 5000 тонна металл өнімі «Қазақтеңізкөлікфлоты» кемесіне тиелді. Сондай-ақ, «Ақтөбе», «Алматы» және «Атырау» танкерлері алғаш рет мазутты Түрікменбашы портынан Махачкала порты бағытына тасымалдады. Келесі жылы компанияның буксирлері мен баржалары Каспий теңізінің түрікмен секторында Petronas Caligali теңіз мұнай жобаларына қызмет ету үшін жұмыс істей бастайды. Баржалар Голландияның Роттердам портынан Баку портына үлкен габаритті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылады.

 

Дей тұрғанмен, әлемдік экономикалық дағдарыстың әсері «Қазақтеңізкөлікфлотын» да айналып өтпеді. Бірақ дағдарыстың жағымсыз факторларына қарамастан компания отандық сауда флотын қалпына келтіріп, дамуын жалғастыра берді, бизнесті қажетті әртараптандыруды жүзеге асырды және мұнай мен басқа да жүк тасымалдау көлемінің айтарлықтай төмендеуіне жол берген жоқ. Компания бизнестің қолданыстағы салаларында жаңа міндеттерді абыроймен атқара білді: тасымалдаудың жаңа маршруттары ашылды. Соның арқасында қаржылық-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілмеді.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» өз қызметінде теңіз көлігі мен логистикалық процестерді ұйымдастырудың және басқарудың заманауи әдістерін енгізуді де естен шығарған емес. 2016 жылдың шілдесінде «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС мен BlueWaterShipping консорциумы өтіп, «Теңізшевройлдың» болашағын кеңейту жобасы аясында аталмыш компаниямен ірі өлшемді модульдер үшін көлік қызметін ұсыну туралы келісімге қол қойылды. Осы жобаны жүзеге асыру үшін 2017-2018 жылдары Румынияның Браила қаласындағы VARD кеме жасау компаниясы «Қазақтеңізкөлікфлотына» арнап MCV класындағы «Барыс», «Бүркіт», «Сұңқар» үш кемесін және «Талас», «Ембі» және «Ырғыз» үш буксирін жасады.

 «Қазақтеңізкөлікфлоты» бүгінде Қазақстандағы кеме жасау және кеме жөндеу инфрақұрылымын дамытуға да белсенді қолдау көрсетіп келеді. Мұнай, құрғақ жүк тасымалдау, теңіз операцияларына қолдау көрсету үшін флоттық қызметтерді қамтамасыз ететін интеграцияланған кеме компаниясы дәрежесіне көтерілген флоттың болашағы бұдан да жарқын.

Каспий теңізінде мұнай тасымалдау – компанияның маңызды бағыты. Өйткені, флот Қазақстанның экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігінің негізгі элементтерінің бірі және мемлекетті әлемдік экономикаға интеграциялау құралы болып табылады. Каспийдегі танкерлер флотының жетекші операторларының бірі ретіндегі «Қазақтеңізкөлікфлотының» осы саладағы стратегиясы қазақстандық мұнай жүктерінің экспорттық ағындарын Ақтау порты арқылы тасымалдау үлесін 100 пайызға дейін арттыру және қауіпсіз, сенімді, үнемді қызметтерді ұсыну, таза кірісті арттыру арқылы компанияның айқын позициясын сақтауға бағытталған.

 

«Қазақтеңізкөлікфлоты» өзінің жұмыс істеген жылдары ішінде шамамен 150 миллион тонна жүк, оның ішінде 130 миллион тонна мұнай тасымалдады. Ел бюджетіне 16 миллиард теңге салық төледі. Сондай-ақ, компания мұнайды ашық теңізде тасымалдау қызметін дамытуды жалғастыруда. 2008 жылдан бастап «Қазақтеңізкөлікфлоты»  ашық теңіз тасымалдау нарығына шыққаннан бері 35 миллион тоннадан астам мұнай тасымалданды. «Қазақтеңізкөлікфлотының» ашық теңізде болуы қазақстандық көмірсутегі шикізатын әлемдік нарыққа тасымалдаудың технологиялық тәуелсіз және сенімді экспорттық дәлізін қамтамасыз етеді және мұнайды кен орнынан тұтынушыға тасымалдаудың бірыңғай логистикалық тізбегін құруға мүмкіндік береді. Мұның өзі Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түсетіні сөзсіз.

Сондықтан да «Қазақтеңізкөлікфлотының» теңіздегі мұнай тасымалдау саласындағы стратегиясы ұлттық теңіз тасымалдаушысының трансқаратеңіз аймағындағы позициясын нығайтуға және өзінің ірі тонналық флотын құру, қауіпсіз, сенімді және экономикалық тиімді қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету, қазақстандық көмірсутегі шикізатын тасымалдаудан қосымша кіріс алу қызметтері арқылы қазақстандық мұнай жүктерін ашық теңізде тасымалдаудың жалпы көлемінде компанияның қатысуын үнемі арттыруға бағытталған.

Осы стратегия аясында халықаралық мұнай компанияларының жоғары халықаралық талаптарын қанағаттандыру үшін «Қазақтеңізкөлікфлотында» барлық алғышарттар бар: инновациялық технологияларды қолдану, заманауи техникалық шешімдерді енгізу, жауапты кадрлық ресурстар және ұсынылатын мұнай және өзге де жүктерді тасымалдау қызметтерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру.

 

Сонымен бірге «Қазақтеңізкөлікфлоты» өндірістік қызметінің перспективалық бағыттарының бірі – теңіз операцияларын қолдау үшін флот қызметтерін ұсыну. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде кен орындарындағы мұнайды барлау, игеру және өндірудің белсенді процесі жалғасуда. Осыған байланысты флоттың оффшорлық операцияларды қолдау қызметтері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өйткені, бұрғылау және өндіру процестерінде қалқымалы бұрғылау қондырғыларының жұмыстарына флоттың қолдауы ауадай қажет. Теңіз операцияларын қолдау ісіндегі флоттың бұл қажеттілігі де оның табысын тасқындата түсері даусыз.

 

Толыққанды флот – Қазақстан мақтанышы

 

Қазақстан өзінің басты мақсатына жетті: қуатты, бәсекеге қабілетті отандық сауда флоты құрылды. Компания жиырма жылдан астам уақыттан бері осыған ұмтылды. Белгілі бір биіктерге жетті. Компанияның қарқынды дамуы жалғасуда. Ұлттық сауда теңіз флотын одан әрі дамытуға бағытталған стратегия әзірленді. Оның басты бағыттары ашық теңіздегі танкерлердің санын (Афрамакс және Суэцмакс) кеңейту; теңіз операцияларын қолдау флотын дамыту; ұлттық мәртебесін пайдалана отырып, Транскаспий халықаралық көлік маршрутымен (TХКМ) контейнерлерді тасымалдау үшін MCV кемелерін жаңарту; тасымалдаушы жүктердің барлық түрлерін, оның ішінде қауіпті жүктерді тасымалдау құқығын алудың басымдығын қамтамасыз ету; сондай-ақ, ұлттық тасымалдау операторы ретінде мультимодальдық тасымалдауға қатысу және жүктерді Қазақстан аумағы арқылы өткізу болып табылады. Осының бәрі компания қызметінің кең көкжиегін айқындайды.

 

Компания басшылығы мен ұжымы қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалғысы келмейді. Каспий аймағында және одан тыс жерлерде де теңізбен тасымалдау рентабельділігін арттыру үшін тың ізденістерге ұмтылуда. Қазір ҚТКФ сұйық және құрғақ жүктерді (астық, металл, контейнерлер және т.б.) тасымалдау үшін чартерлік кемелер ұсыну бойынша қауіпсіз және сапалы қызметтерді ұсына бастады.

Компанияда жұмыс ережелерін реттейтін қауіпсіздікті басқару жүйесі (ҚБЖ) жұмыс істейді. Сондай-ақ, ашық айдында теңізшілер қауіпсіздігінің сақталуын Кеме қатынасы қауіпсіздігі департаменті, Флоттың техникалық пайдалану департаменті, Еңбекті қорғау, қоршаған орта және сапа департаменті сияқты тиісті құрылымдық бөлімшелер бақылайды. Олардың жақсы үйлестірілген әрекеттері және кеме экипажының бейімділігі адам өмірі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етеді. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» Халықаралық конвенцияларды да (ISM Code, MARPOL, SOLAS, STCW және т.б.) қатаң сақтайды.

Компания мұнай және жанармайдың басқа түрлері секілді қауіпті жүктермен жұмыс жасайтындықтан, экология мен қоршаған ортаны қорғау алғашқы күндерден бастап ең өзекті мәселелердің бірі болды және болып қала береді. Себебі, флот Каспий теңізінің және халықаралық сулардың ластануын болдырмау ісінде өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін жақсы сезінеді.

 

2005 жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» қауіпсіздігін басқару жүйесі кемелердің қауіпсіз жұмысын басқару және ластанудың алдын алу жөніндегі халықаралық кодекстің талаптарына сәйкес деп танылды. Сонымен қатар, халықаралық «Теңізшевройл» және «Тотал» компанияларымен жұмыс жасау үшін әртүрлі халықаралық құжаттарға негізделген қоршаған ортаны қорғаудың жоғары стандарттарын сақтау қажет. Осы қағидалардың бәрін бұлжытпай орындау – компания үшін үлкен мәртебе. Астын сызып айта кетер бір жайт, компанияда бүгінге дейін қоршаған ортаға әсер еткен бірде-бір мұнай төгілу фактісі тіркелген емес.

Қауіпсіздік пен сапа менеджменті салаларының үйлесімділігі арқасында компанияның барлық бизнес-процестерін бақылаудың анағұрлым тиімді жүйесі ұйымдастырылды. Кәсіпорынның және мердігерлер мен жеткізушілердің жеке құрамы үшін қауіпсіз еңбек жағдайлары толық жасалған. «Қазақтеңізкөлікфлоты» өз қызметінің бүкіл кезеңінде объектілерді пайдалануға беру кезінде бірде-бір оқыс оқиғаға немесе инцидентке жол берген жоқ. Компания жаңа қызмет түрлерін ұсыну арқылы бизнесін әртараптандыру процесін жалғастыруда. Ең бастысы, «Қазақтеңізкөлікфлоты» бірінші деңгейлі мемлекеттік лицензия алып, көптеген құзыреттерге ие болды.

Эпилог орнына. Компания биылғы жылы да жоспарын асыра орындады. 2020 жылдың тоғыз айында Каспий бойынша және ашық теңізде мұнай тасымалдаудың жалпы көлемі 7,2 млн тоннадан асты (осы жылға жоспарланған көрсеткіштің 164 пайызы).

Айтары жоқ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» өзін жеке флоты бар сенімді тасымалдаушы ретінде танытты. Ол Chevron, Vitol, Total, Glencore, Litasco сияқты алыптармен жұмыс істеуде. Компанияның негізгі қызметі мұнай тасымалдау болғанымен құрғақ жүктерді, контейнерлерді, Каспий теңізі аймағындағы жобалар үшін габаритті емес жүктерді тасымалдау нарығына да белсенді түрде кіре бастады. Болашақты ойлау деген осы. Бұл көшпенділердің кеме керуені қашанда көрікті болатынына сендіреді.

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: