Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Солтүстік өңірлерге өнім жеткізу мерзімі 10 күннен 1 күнге дейін қысқарды.
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС Астана қаласында полипропиленді сақтау және жылдам жеткізу үшін қойма ашты.
500 тонна дайын өнімге есептелген жаңа қойма Қазақстанның солтүстік өңірлерінің өңдеуші компаниялары үшін полимер шикізатының логистикалық қолжетімділігін арттырады және клиенттерге өнім жеткізу мерзімін 10 күннен 1 күнге дейін айтарлықтай қысқартады.
Жаңа қойманың ашылуында ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов отандық өндірушілерді қолдау үшін логистикалық желіні дамытудың маңызын атап өтті.
"ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы – KPI клиенттерді қолдау бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. KPI басымдықтарының бірі – ең алдымен отандық тауар өндірушілердің полимерлерге деген қажеттіліктерін өтеу. Биыл Қазақстанда полипропилен бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен болды. Ішкі өңдеу нарығын дамытуға қатысты келесі қадамымыз – 2025 жылы Шымкент қаласында еліміздің оңтүстік өңірлері үшін осындай қойма ашу", – деді Әсет Мағауов.
Бүгінгі таңда полипропиленнің ішкі нарығында KPI үлесі 50%-ды құрайды, бұл ішкі нарықта бағалардың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. KPI-дің Сату қызметі және тұтынушылар сервисінің басшысы Дамир Әбелдиновтің айтуынша, компания тауарды өңдеуші кәсіпорындарға теміржол көлігімен жөнелту мүмкіндігін ұсынып, кросс-докинг қызметін іске қосты. Бұл сервис өнімді сақтауға шығын шығармай, полипропиленді экономикалық тұрғыдан тиімді сатып алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы өнімді сатып алушылардың теміржол және тұйық станцияларына жеткізе отырып, сервис аясын кеңейту жоспарда.
Астанада қойманың ашылуында бірінші клиент – «Aqua Atom» отандық компанияға полипропилен жеткізілді. Бұл компания ай сайын 5 тоннаға жуық өнімді тұтынып, суды тазарту үшін әлемдік деңгейдегі полипропилен сүзгілерін шығарады. Компанияның өнімдері жоғары технологиялық жабдықта KPI полипропиленінен жасалады.
Бұған бұрын «KPI» ЖШС Алматыда осындай қойма ашқан болатын, ол жарты жыл ішінде оңтүстік өңірлердің өңдеушілеріне қызмет көрсетіп, 2 мың тоннадан астам полипропилен жеткізді.
Логистикалық желіні кеңейту және инновациялық бағдарламаларды іске қосу KPI-дің өнеркәсіптік өсімді қолдауға, полимерлерді өңдеу саласын дамытуға және Қазақстанның экономикалық дамуына ықпал етуге ұмтылысын растайды.