Главная Новости «ҚТЖ 100 жас есімі» жеңімпазы: Қиын емес, қызық сәттерді есте сақтаймын
10 тамыз 2022, 09:00 2271

«ҚТЖ 100 жас есімі» жеңімпазы: Қиын емес, қызық сәттерді есте сақтаймын

«ҚТЖ 100 жас есімі» жеңімпазы: Қиын емес, қызық сәттерді есте сақтаймын

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында Жастар саясаты шеңберінде әртүрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «ҚТЖ-ның 100 жас есімі» байқауы. Бүгін біз осы жобаның жеңімпазы, жалынды жастардың бірі Дархан Әнуаровқа жолығып, теміржолшы мамандығының қызығы мен қиындығы, жастарды қолдауға арналған жобалардың жас теміржолшылар өміріндегі маңыздылығы туралы әңгіме өрбіттік.

– Дархан, әңгімемізді теміржолшы мамандығын таңдауыңнан бастайық...

– Мен теміржолшы болғанымды, ҚТЖ сияқты еліміздегі ең үлкен ұлттық компанияда жұмыс істеп жатқанымды мақтан тұтамын. Бұл ойымды менімен пікірлес жастар түсініп, қолдайтынына сенімдімін. Мен Ақтөбе қаласында теміржолшы отбасында дүниеге келдім. Әкем Өмірзақ жол жөндеуші, кейін жол жөндеу техникасы – ВПО машинисі болды. Әкемнің әпкесі де теміржолда тауар қабылдап-жөнелтуші болып көп жыл жұмыс істеді. Сондықтан теміржолдың тыныс-тірлігі маған бала кезімнен таныс. Оның үстіне, бала кезімнен пойызбен көп саяхаттайтынмын. Жолсеріктердің жүріс-тұрысы, қимыл, тіпті формасына дейін мені қатты қызықтырып, теміржолшы мамандығының мәртебесін биіктете түсетін. Содан болар, оқу бітірген соң бірден теміржол саласы мамандығын таңдап, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түстім. Оны бітіріп, 2013 жылы «Жолаушылар тасымалы» Батыс аймақтық филиалы Атырау теліміне жұмысқа орналасып, №47/48 Атырау – Астана бағытындағы пойызда жолсерік болып бастадым. Еңбек ете жүріп, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ҚазККА оқу орнын сырттай бітіріп алдым. 2018 жылы басшылық мені Ақтөбе учаскесіне ауыстырды, 2020 жылға дейін №24/23 пойызында Ақтөбе – Алматы бағытында жолсерік болдым.

– Ұлттық компанияның жастар саясатын қолдау бағытындағы жобаларына көңілің толады ма? Жалпы қандай іс-шараларға қатыстың және олардан не алып, не үйрендің?

– «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жастар саясатын тиімді жүзеге асырып келе жатқан үздік компания- лардың бірі дер едім. Себебі, жастардың өсіп-өнуіне, жан-жақты дамуына, өзін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, бір ғана жастар форумын алсақ, оның аясында бірнеше шара өтеді. Мен сол форумдарда ҚТЖ КВН лигасына қатысып, үздік ойыншы, жеңімпаз деп танылдым. Менеджмент жобасы, Жас кәсіби маман, Жас үздік маман сияқты байқауларға қатысып, 2 дүркін «Жас жолсерік» номинациясын жеңіп алдым. Әрине, қазір теміржолда жұмыс істейтін көптеген жастардың ойлау қабілеті де өзгеше. Олар компаниядан жақсы нәрсе алып қана қоймай, өздері де бірдеңе бергісі келіп тұрады. Оның жарқын көрінісін, жастардың жұмыстан тыс уақытта қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, белсенді қатысуынан көруге болады. Мұндай игілікті істер менің де жаныма жағады. Сондықтан олардың бел ортасынан табылуға тырысамын. 2018 жылдан бері «ҚТЖ» басқарма басшысы жанынан құрылған Ақтөбе белсенді жастарының жетекшісімін. Бұл шаралардың бәрі жастардың жан-жақты ашылып, өзін көрсете білуіне, өзіне сенімді болуға үйретеді. Қала берді қызметтік сатыда өсуіне ықпал етеді.

– Жеке басыңа қандай өзгерістер әкелді? Қызметтік жолыңда өсу-өрлеу бар ма?

– Әрине, аға буын өкілдерінің орнын алмас- тыратын – біз сияқты жастар. Сондықтан адал еңбек етіп, қоғамдық жұмыстарға қатысып, жан-жақты танылып жатсаң, елеусіз қалмасың анық. Батыс филиалының басшылығы да маған сенім білдіріп, жолсерік қызметінен сервистік қызмет көрсету бөліміне 1-санатты инженер етіп ауыстырды. Бұл бөлімде құжатпен жұмыс істеуді үйрендім. Бас кезінде қиындық та болды. Теміржолдан бөлек мекемелермен байланыс орнатып, барлық телімдермен тығыз жұмыс істеу керек болды. Қызметімнің қыр-сырын екі жыл жұмыс істеп игеріп алдым. Ал биылғы жылдың мамыр айында басшымыз Ердаулет Сейітқазынов мырза Пайдалану бөліміне 1 санатты инженер етіп ауыстырды. Ол: «Сервис бөлімінде құжаттармен жұмыс істеуді үйрендің. Енді вагондардың жөнделуін, құрамға тіркелуін бақылауды үйрен, мұның бәрі келешекте керек болады», – деді. Жастарға үнемі қолдау көрсетіп, кеңесін айтып отыратын ұстазымыз, ағамыздың қамқорлығына рахмет. Қазір пайдалану бөліміне тонның ішкі бауындай сіңісіп кеттім, бәрін үйреніп біліп меңгеріп алуға талпынып, еңбек етіп жатқан жайым бар.

– «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «100 жас есім» байқауының жеңімпаздары қатарынан екеніңді білеміз. Бұл байқауда топ жару оңайға соқпаған шығар?

– Әрине, бұл байқауға 300-ден астам үміткер қатысты. Іріктеп алынған 100 адам. «100 жас есім» жобасы туралы естіген бойда құжаттарымды жинауға кірістім. Компанияда болып жатқан барлық шараға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне Компания жобаларының арқасында жетістіктерге де жетіп жатырмыз. Және Қазақстан темір жолының корпоративті блогері бола тұра, бұл жобадан сырт қалғым келмеді. Оның үстіне, бұл – жастарды ынталандырып, жігерлендіріп, білімін арттырып, дамытуға арналған бағдарлама. Байқау бес кезеңнен тұрды. Бірінші кезең өтінімдерді жинаудан басталды. Бұл жобаға қатысушыларды ұжымдары, жетекшілері, әріптестері ұсынды, сондай-ақ, өзін-өзі ұсынушылар да болды. Өтінім қабылдауда шектеу қойылған жоқ. 18-ден 35 жасқа дейінгі жас қызметкерлер Инновация, Кәсібилік, Әлеуметтік жауапкершілік бағыттары бойынша қатысты. Екінші кезеңде байқауға қатысушылар өздерін жан-жақты танытатын, ашып көрсететін кеңейтілген бейнероликтер дайындады. Міне, осы кезеңде үздік бейне-презентациялар іріктелді. Бұдан кейін қатысушылар тестілеуден өтіп, кәсіби қызметтеріне, ҚТЖ ережелері, нұсқаулар, ҚР заңнамаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. Одан әрі қарай үміткерлермен, яғни әрқайсымызбен ҚТЖ-ның ішкі жаттықтырушылары жоғарыда атап өткен үш бағыт бойынша жеке-жеке сұхбат жүргізді. Ең соңғы турда сараптамалық іріктеуден өтіп, осылайша «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «100 жас есімі» тізіміне енген жеңімпаздар анықталды. Қазір біз осы жобаның екінші модулі бойынша оқып жатырмыз.

– Дархан, теміржолшы мамандығы – қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық. Сенің де салада жұмыс істегеніңе 10 жылдай болып қалыпты. Осы қызметің барысында кездескен кедергі немесе есте қалар оқиғалар болды ма?

– Аяқтан шалған кедергілер болған емес. Әрине, бұрын-соңды істеп көрмеген жұмысыңмен бетпе-бет жолыққанда бастапқыда қиналған кездер болды. Бірақ жас мамандар осылай тәжірибе жинап, үйренеді ғой. Ал есімде қалған бір оқиғаны айтып берсем, жолсерік болып жұмысқа жаңа тұрған кезімде болды. Атырау – Астана бағытында келе жатқанымызда менің вагонымда бір сәби дүниеге келді. Әрине, ол келіншекті мен босандырған жоқпын. Жиырма жастағы менде ондай тәжірибе қайда. Пойыз бастығы босандырып алды, мен ол кісіге анасын-мынасын әкеп беріп,қолғабыс еттім. Бірақ, кішкентай бір өмір иесінің менің вагонымда дүниеге келгені расында бір таңғажайып оқиға болды. Қатты әсерлендім. Жалпы жолсерік қызық мамандық қой, әртүрлі жолаушыларды кездестіресің. Біреуге көмегің тиіп, алғысын алып жатсаң, кәдімгідей марқайып, күні бойы көңілді жүресің. Сондықтан мен теміржолшы мамандығының қиындығынан қызықты, кедергісінен гөрі сәтті тұстарын есте сақтап қалуға тырысамын.

Сұхбаттасқан Сұлугүл Бакесова

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: