Главная Новости ҚТЖ басшылығы Шымкент бөлімшесінде теміржол кәсіпорындарын аралады
13 қыркүйек 2024, 14:47 450

ҚТЖ басшылығы Шымкент бөлімшесінде теміржол кәсіпорындарын аралады

ҚТЖ басшылығы Шымкент бөлімшесінде теміржол кәсіпорындарын аралады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының өңірлерге жұмыс сапары оңтүстікке ойысты. Үшінші мегаполиске ат басын бұрған компания басшылары бірнеше құрылымдық нысандарды аралап, теміржолшылармен кеңес өткізді.

Ең алдымен өндірістік нысандардың жай-күйі, қысқа дайындығы, Шымкент жол дистанциясындағы еңбек жағдайы тексерілді. Басшылыққа Арыс – Шымкент – Түлкібас учаскесіндегі темір жолдарды, жол шаруашылығының жасанды құрылыстарын ағымдағы күтіп ұстау бойынша жұмыстар туралы ақпарат берілді. Шымкент жол дистанциясының қызметкерлері жолды жөндеуде рельсті бунақтарды қосу кезінде алюминий термитті дәнекерлеуді қолданудың артықшылықтары туралы айтып берді. Станциядағы өрт сөндіру пойызының дайындығы мен әзірлігі де қаралды. «Кедентранссервис» АҚ Шымкент станциясы бойынша өңірлік филиалының да жұмысы таныстырылды. Биыл 8 айда аталған филиал терминалында 88 мың тоннадан астам жүк, 2 541 жиырма футтық контейнер өңделген.  

Шымкент торабы басшыларымен өткен кеңесте қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек қорғау, инфрақұрылым мен локомотив паркін күтіп ұстау, көлік қызметтері сапасын арттыру, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісін салу мәселелері талқыланды. Негізгі өндірістік көрсеткіштердің орындалуы, Сарыағаш станциясының өткізу қабілеті артқаны атап өтілді. Шаруашылық пен қызметкерлерді қысқа дайындау бойынша тапсырмалар берілді.  

Шымкент ЖТ бөлімшесі бойынша қозғалыс қауіпсіздігі ревизоры Ғалымжан Шуылдақов бұл салада өңір теміржолында ешқандай кемшіліктерге жол берілмегенін жеткізді. Жиында 20 жылдан астам уақыт өндірісте жарақат алуға жол бермеген 18 еңбек ұжымы аталды. Компанияның Аппарат басшысы Серік Кеулімжаев Шымкенттегі персоналды басқару және әлеуметтік саясат бойынша көрсеткіштерді баяндады. Ал компанияның Бас инженері Рамазан Садырқұлов еңбек қауіпсіздігі бойынша мәселелерге тоқталды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының Бас инженері Қайырбай Орынбаев өңірдегі магистральдық желі бөлімшесіне қарасты ғимараттардың жағдайы мен жөндеу жұмыстары, активтерді оңтайландыру жайын сөз етті. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС директоры Марлен Көкірекбаев пен Шымкент ЖТ бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев өңір теміржолындағы оң өзгерістер мен енді шешімін тауып жатқан жұмыстар, кейбір көрсеткіштердің орындалмау себептері, еңбекақыны көтеру, қысқа дайындық жұмыстары туралы баяндады.  

– Шымкент магистральдық желі бөлімшесі бойынша еңбекті ұйымдастыру деңгейін арттыру және санитарлық-тұрмыстық жағдайды жақсарту жөнінде қабылданған бағдарлама аясында былтыр бізде 8 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл ЭЦ қосыны мен Түлкібас станциясындағы ШЧ-37 байланыс үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Қазіргі таңда жалпы жұмыстың 15%-ы орындалды. Сонымен қатар былтыр шалғай телімдерде жұмыс істейтін ПЧ және ЭЧ жұмысшылары үшін 9 модульдік ғимарат алынды. Қол еңбегі үлесін азайту және жол жұмыстарын оңайлату мақсатында ШЧ мекемесіне 2 шағын механизация алынды. 2024 жылы тағы сондай 2 техника алу көзделуде. Жалпы, 2023-2024 жылдары 12 модульдік ғимарат алынып, перегондарда 35 контейнер жылыту қосындары және тамақ ішу орындары ретінде қайта жасалды. Бұл жұмысшылардың кез келген ауа райында жұмыс істеу қабілетін төмендетпеуіне ықпал етеді, – деп мәлімет берді Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің директоры Алғазы Қойлыбаев. Кеңес жұмысы Шымкент жүк тасымалы және Шымкент магистральдық желі бөлімшелерінің жұмысы қанағаттанарлық деп баға берді.  

Айта кетейік, 2024 жылдың 8 айында Шымкент жүк тасымалы бөлімшесі бойынша жүк тиеу 4% өсіп, 7,4 млн тоннаны құраған. Шикі мұнай тасымалы 2,5 есе, темір кені 11%, түсті кен 13%, химиялық және минералды тыңайтқыштар 41%, түсті металдар 38%, химиялық заттар мен сода 87% артқан.  

Шымкенттік теміржолшылар еліміз бойынша 6 млн тонна жүк тасымалдауды қамтамасыз етті. Экспортқа 1,3 млн тонна жөнелтілген.  

Салтанатты жиында сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев көпшілікті Қазақстан теміржолының 120 жылдығымен құттықтап, саланың дамуына үлес қосқан өлке теміржолшыларын арнайы марапаттады. 34 адам түрлі марапатқа ие болып, мерейтойға орай түсірілген бейнеролик көрсетілді.  

Оңтүстікке жұмыс сапары аясында компания басшылығы Арыс станциясына аялдап, ондағы вагон жуу пунктінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Арыс материалдық техникалық жабдықтау базасына жүргізілген жөндеу жұмысын көрді және Арыс станциясындағы қалпына келтіру дөңесі постын аралады. Одан әрі киелі шаһар Түркістанға табан тіреген сала басшылары тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енген, 1903 жылы салынған көне вокзал ғимаратын аралап көрді.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: