Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында цифрлық технологияларды дендеп енгізу іс-шаралары қарқынды жүргізілуде. Оның айқын бір дәлеліне ҚТЖ-ның Қозғалыс қауіпсіздігі департаменті мен «Бас есептеу орталығы» филиалының бірлесіп әзірлеген «Қозғалыс қауіпсіздігі» автоматтандырылған жүйесін және «Инфо-орталық» ақпараттық кешенін атауға болады.
«Қозғалыс қауіпсіздігі» автоматтандырылған жүйесі (ҚҚ АЖ) екі модульден тұрады: Біріншісі, «Қозғалыс қауіпсіздігі бойынша ревизор» автоматтандырылған жүйесі 2016 жылы тұрақты пайдалануға беріліп, «Ревизор» автоматтандырылған жұмыс орны» жүйесін алмастырды. Осының арқасында соңғы он жылдағы ҚТЖ желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігі туралы ақпаратты сақтау мүмкіндігі туды. Ал екінші модуль, «Қозғалыс қауіпсіздігі тәуекелдерін талдау» автоматтандырылған жүйесі биыл әзірленген болатын. Оның міндеті – қабылданған ауытқулар бойынша статистикалық мәліметтер негізінде тәуекелдерді талдау және бағалау.
Қозғалыс қауіпсіздігі департаменті мамандарының айтуынша, бұл жүйелер адами факторды, қағазбастылықты жоюға, осылайша, мамандардың жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жүйе еліміздің әртүрлі аймақтарынан алынған ақпаратты жедел өңдейді және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі үшін туындайтын тәуекел дәрежесін объективті бағалайды. Бұл ҚТЖ басшылығының нақты уақыт режимінде жол бөлімшелері мен басқарудың барлық деңгейлеріндегі жекелеген бөлімшелер бойынша қозғалыс қауіпсіздігінің жай-күйі туралы ақпаратты алуына мүмкіншілік беріп отыр. Ал «Инфо-орталық» ақпараттық кешеніне келсек, ол ҚТЖ және жол бөлімшелері басшыларын пайдалану жұмысы, жылжымалы құрамның жай-күйі, инфрақұрылым және қозғалыс қауіпсіздігі бойынша өзекті деректермен хабардар етуге арналған.
Кешен нақты уақыт режимінде жол бөлімшесі учаскелерін визуализациялауды қамтамасыз етеді, барлық жүйелердің деректерін интерактивті бақылау тақталары түрінде көрсетеді. Ақпаратты қабылдаудың ыңғайлылығы үшін жоспардың орындалуы немесе орындалмауы, қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуының төмендеуі немесе өсуі туралы түсті индикация қарастырылған. Бүгінгі таңда Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай жүк тасымалдау бөлімшелерінде кешенді тәжірибелік пайдалану аяқталса, ел өңірлеріндегі қалған бөлімшелерге және ҚТЖ-ның корпоративтік деңгейіне тарату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"