Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Теміржол саласы персоналын дамыту мен бағалау орталығында Магистральдық желі дирекциясы электрмен жабдықтау дистанцияларының басшы қызметкерлеріне арналған «Үздіктер алаңы» корпоративтік дамыту бағдарламасының соңғы модулі өтті.
Аталған бағдарлама бойынша үш модульді оқу екі ай бойына өтіп, оған Қазақстан теміржолының электрмен жабдықтау дистанцияларының 34 аға энергодиспетчері мен 25 өндірістік техникалық бөлім бастығы қатысты. Бағдарлама шеңберінде интерактивті сабақтар, нетворкинг өткізіліп, бейінді сарапшылармен кері байланыс орнатылды, қатысушылар алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, оларға білгенімен бөлісуге компанияның ішкі жаттықтырушыларынан бөлек сырттан провайдерлер шақыртылды. Жалпы алғанда оқу процесінде электрмен жабдықтау саласында заманауи технологиялар мен әдістерді қолдану, техникалық қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша оқытуға баса назар аударылды. Екі айлық оқу модулін қорытындылауға арналған екі күндік іс-шара барысында сонымен қатар «Тиімді коммуникациялар», «Кикілжіңді басқару» тақырыптарында тренингтер өткізілді.
Модульдік бағдарлама шеңберіндегі Хакатон байқауында қатысушылар 5 топқа бөлініп, 5 кейс, яғни тақырыптық проблема бойынша өз саласындағы мәселелерді талқылап, ұсыныстар берді. Атап айтқанда, олар көтерген 5 тақырыпта – «Магистральдық теміржол желісінің тиімді қоймалық инфрақұрылымын ұйымдастыру», «Жарақат алушылық. Өндірісте қайғылы жағдайларды азайту жолы», «Негізгі құралдарды есептен шығару, процесті оңтайландыру жолы», «Жұмысшыларды жұмыс орындарында ұстап қалудың жаңа тәсілдері», «Электрмен жабдықтау құрылғыларына қызмет көрсету тиімділігін арттыру үшін қандай шаралар қабылдауға болады?» деген тақырыптарда кейстер әзірленді. Ал панельдік сессияларда «Сіздің кәсіпорында коммутациялық жабдықтар үшін апаттық қор қалай жасақталады?», «Сіздің кәсіпорында жұмысшылардың біліктілігін арттыру және оқыту, кадр тұрақсыздығымен күрес қалай ұйымдастырылады?» деген тақырыптар қозғалып, оған қатысушы провайдерлер өз компанияларындағы тәжірибесімен бөлісті. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Астана РЭК» АҚ және «KEGOK» АҚ және ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері болды.
– Модульдік оқудан электрмен жабдықтау саласындағы 59 теміржолшы өтіп, бүгін олар сертификат алуда. Басты мақсатымыз олардың Hard, Soft және Digital skills бағытындағы қабілеттерін дамыту болды. Себебі қазіргі таңда әрбір қызметкердің, әсіресе басшылық қызметтегі адамдардың жеке басын дамыту, көшбасшылық қабілеттерін арттыру өте маңызды. Бұл жолғы қатысушылар да болашақ дирекция, дистанция басшылары болуы мүмкін, сондықтан оларға қарамағындағы қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынас орната білу, оларды ұйымшылдықпен, ауызбірлікпен басқара білу, кикілжің туындаса, соны дереу шеше алу машықтары үйретілді. Бірінші модуль офлайн түрде осы Астанада маусым айында өтті. Екінші модуль онлайн ұйымдастырылып, аптасына ЗУМ арқылы 2 сабақтан өтіп отырды. Міне, соңғысында олар елордада бас қосты, – дейді компанияның HR-бизнес серіктесі Алма Сәулебаева.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"