Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Мегаполисте ядролық физика саласындағы отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен «Атом энергетикасы және оның ресурстық базасын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин қазір қолданыстағы электр станцияларына қарағанда АЭС-тің қандай артықшылықтары бар екенін айтып берді.
ҚАЭС басшысы атом электр стансасының салынуы еліміздің бірқатар салаларына оң әсер ететінін айтты.
Оның айтуынша, АЭС құрылысы еліміздің ғылыми-техникалық және жоғары білікті мамандарды дайындау бағытындағы әлеуетінің өсуіне, станция құрылысы кезінде 8 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға және АЭС-тің өзінде жұмыс істейтін 2 мыңға жуық жергілікті маманды дайындауға мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдары елімізде электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өсті және оның тапшылығы тек арта бермек. Негізгі энергия өндірудің баламалы көздерін іздеу барысында заманауи, қауіпсіз атом электр станциясын салу мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Атом электр стансасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді, біздің азаматтардың пікірін ескере отырып, ел басшылығы бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынды. Атом электр станциясы жобасының қоршаған ортаға тигізетін әсері, тұрғындар мен қоршаған орта қауіпсіздігінің кепілдіктері туралы қазірдің өзінде еліміздің өңірлерінде қоғамдық талқылаулар өткізіп жатырмыз», — деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
Сондай-ақ Тимур Жантикин электр стансасының құрылысы біткен соң инвесторларға ешқандай міндет тағылмаса, ал АЭС құрылысына жауапты компания оның пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейінгі жұмысқа да жауапты болатынын атап өтті.
«Бүгінгі күні электр стансаларын салу кезінде оларды пайдаланудан шығару, қалдықтарын жою немесе кәдеге жарату бойынша талаптар қойылмайды. Электр станциясы 20 жыл жұмыс істейді, содан кейін не болады? Мысалы, күннен немесе желден жұмыс істейтін стансаларды алайық. Қазір инвестор оны салады да, ақшаны алған соң ешқандай міндетсіз кете береді. Ал электр стансасын пайдалану уақыты біткен кезде онымен өзіміз айналысуымыз керек болады. Атом электр стансаларында жағдай басқаша. Яғни, АЭС-те қауіпсіздік мәселесі толық реттелген және әрдайым бақылауда болады. Атом реакторлары құнының жартысынан көбін қауіпсіздік жүйесі құрайды. АЭС-ті пайдалану кезінде және төтенше жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірнеше қорғаныс деңгейі бар. Сонымен қатар біз жобаның қаржы-экономикалық моделін жасаған кезде радиоактивті қалдықтарды, пайдаланылған ядролық отынды шығару және жою жұмысын оның жалпы құнына кіргіземіз», — деді ҚАЭС директоры.
Дереккөз: "ҚазАқпарат" агенттігі