Главная Новости Мағзұм Мырзағалиев: Жауапкершілік – «ҚазМұнайГаз» компаниясының басты құндылығы
21 ақпан 2023, 16:15 866

Мағзұм Мырзағалиев: Жауапкершілік – «ҚазМұнайГаз» компаниясының басты құндылығы

Мағзұм Мырзағалиев: Жауапкершілік – «ҚазМұнайГаз» компаниясының басты құндылығы

Мұнай-газ саласындағы ең ірі ұлттық оператор – «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев редакциямыздың сұрақтарына жауап беріп, компанияның былтырғы көрсеткіштерін, алдағы даму бағыты мен негізгі басымдықтарына тоқталды, сондай-ақ энергетика саласындағы қордаланған мәселелерге қатысты пікірін білдірді.

– Мұнай-газ саласы еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштеріне зор ықпал ететін ескерсек, оған деген қызығушылық халықтың немесе сарапшылардың тарапынан болсын әрдайым жоғары. Көпшілік келешектегі әл-ауқатымызды өздігінше болжап, теңге бағамымен қатар мұнайдың бағасын күнделікті бақылап отырады десем артық айтқандық емес.

Өзіңіз сарапшы ретінде, осы салаға маманданған адам ретінде қара алтын мен көгілдір отын нарығының одан әрі дамуын қалай болжар едіңіз?

– Жалпы, болжам жасау, әсіресе, қазіргі кезде оңай емес екенін көріп жүрміз. Егер былтырғы экономикалық басылымдардың тақырыптарын қарасаңыз, онда сарапшылардың болжамы ай сайын өзгеріп отырды, кейде, тіпті, түбегейлі басқа пікірлер айтылды.

Мәселен, 2022 жылдың ақпанынан кейін мұнай бағасы тек өсетіні, осыған дейін тарихта болмаған бағаға сатылатыны туралы болжамдар жасалды. Алайда санкциялар енгізіліп, мұнай бағасына шектеу қойылып, шикізатты жеткізу маршруттары әр тарапқа бөліне бастағанда, «бағаға қатысты оптимизм» күрт төмендеді.

Жалпы алғанда, біз энергия ресурстарының бағасы құбылмалы күйін сақтап тұрады деп қана сенімді айта аламыз. Бұған әсер ететін факторлардың көбі нарыққа тәуелді болмағандықтан дәл болжам жасап, кесіп айту қиын.

– Яғни, ештеңе түсініксіз дейсіз ғой...

– Болашақ мүлдем бұлыңғыр деуге де келмейді. Жалпы, алдағы онжылдықта мұнайға деген сұраныс тұрақты болады. Сарапшылардың пікірінше, мұнайдың орташа құны барреліне 80-85 доллар аралығында қалыптасады деп күтілуде.

Бұл мәселені зерттеуге аз уақыт жұмсаған жоқпын. Сондықтан теорияға көп тоқталмай, негізгі тенденциялар туралы айтып өтейін.

Қазіргі кезде бір тәулікте тұтынатын мұнай көлемі 100 млн баррель шамасында өзгеріп отырады. Ең көп тұтынатындардың тізімін АҚШ пен Қытай бастап тұр. Әлем бойынша қара алтынға сұраныстың үштен бір бөлігі осы елдерге тиесілі.

Сарапшылар мұнайды тұтыну көлемі 2030 жылға дейін артып, тәулігіне 120 млн баррельге жетеді деп болжайды. Шамамен осы кезеңде сұраныс тоқтап, болжам бойынша 5 жыл бойы өзгеріссіз қалады. 30-шы жылдардың екінші жартысында ғана әлемдегі мұнай тұтыну көлемі баяулап, төмендей бастайды, сөйтіп 2050 жылға қарай қазіргі көрсеткіштерге қайта оралады.

2022 және 2050 жылдар арасында тұтыну көлемі шамалас болғанымен, құрылымында маңызды өзгеріс болатынын айта кету керек. Ол кезде автокөліктер тұтынатын мұнай өнімдерінің үлесі айтарлықтай төмендеп, керісінше мұнай-газ химиясының үлесі арта түсуі әбден ықтимал. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын энергия ресурстарының үлесі шамамен бірдей болып қала береді.

Байқап отырғаныңыздай, қара алтынға сұранысты мұнай-газ химиясы арттыратын болады. Бұл өнімдер фармацевтика, пластмасса, резеңке бұйымдар, химиялық талшықтар және өзге де өндіріске қажет.

Мұнай-газ химиясының маржиналдылығы жоғары, демек инвестиция тұрғысынан тартымды. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» тәрізді энергетикалық компаниялар үшін бұл – келешегі зор бағыт, біз үшін мұны жаңа мүмкіндіктер бағыты деп те айтуға болады.

– Компания бұл бағытты дамыту үшін қандай қадамдар жасап жатыр?

– Ең алдымен, бұл – былтыр қарашада Атырау облысында Президенттің қатысуымен іске қосылған полипропилен өндіретін өңірдегі ең ірі газ-химия кешені.

Биыл алдымызға кешенді толық жобалық қуатына шығару міндетін қойып отырмыз. Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық өтеп қана қоймай, ТМД, Қытай, Еуропа, Түркия елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Өзімізде полимер өндіріліп жатқандықтан, бизнес бұл шикізатты қосылған құны жоғары түпкілікті өнім, яғни дүкендер мен дәріханалардың сөрелерінен көретін өнімдерді шығару үшін белсенді пайдалануы керек.

Сондықтан былтыр жыл соңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бірінші отандық «QazPolymer» форумын өткіздік. Бұл алаңда полипропилен өндірушісі мен еліміздің барлық өңірлерінен келген шағын және орта бизнес өкілдері арасында байланыс орнатылды. Бұл жұмыстың арқасында қазірдің өзінде шығарылған полипропиленнің айтарлықтай көлемі ішкі нарыққа бағытталып жатыр.

Бұл кәсіпкерлер үшін шикізаттың сапасы жағынан ғана емес, логистика тұрғысынан да үнемдеуге тиімді.

Біз сондай-ақ тағы бір келешегі зор жобаны зерттей бастадық. Ол – тамақ өнеркәсібінен бастап құбырлар мен әртүрлі көлемдегі контейнерлер өндірісіне дейін барлық жерде қолданылатын полимер – полиэтилен өндіру кешені. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын, енді жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.

Біздің болжамымыз бойынша, құрылыс кезеңінің өзінде жобада 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін оның елдің ІЖӨ-сіне қосатын үлесі 1,2% болады. Бұл үлкен көрсеткіш екеніне келісетін шығарсыз.

Жалпы, Мемлекет басшысы бұл бағыттың дамуына ерекше назар аударып отыр. Өйткені бұл елдің шикізат экспортына тәуелділігін азайтып, экономиканы әртараптандыру жоспарына сай келеді.

– Жаһандық ахуалға қайта оралсақ, әлемде күннен күнге артып келе жатқан геоэкономикалық текетірес, инфляцияның өсуі, тауарларды тасу тізбегінің бұзылуы, борыш бойынша және басқа да тәуекелдердің өсуіне қарап, «жасыл энергетикаға көшу» туралы бастамалар бәсеңдей түскендей әсер қалдырады.

Экология мәселесі ысырылып жатқандай. Шынымен де солай ма? Егер солай болса, бұл мұнай-газ компаниялары үшін жағымды жаңалық емес пе?

– Экология тақырыбының күн тәртібінде көш бастап тұрмауы уақытша құбылыс секілді. Бұл тенденцияның ұзаққа созылуы екіталай.

Кейбір өзгешеліктерді ескермегенде, қазіргі жағдай мен 70-ші жылдардағы энергия дағдарысы арасында тарихи ұқсастық бар. Есіңізде болса, араб елдері енгізген эмбарго себебінен мұнай мен газдың күрт қымбаттауы, сайып келгенде, атом энергетикасының қарқынды дамуына және басқа балама көздерді іздеуге, энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуге, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың дамуына, тіпті, адамдардың энергия тұтыну әдеттерінің түбегейлі өзгеруіне әкелді. Халық үйде жарық үнемдеп, шағын көліктерге көше бастады.

– «Жасыл энергетикаға көшуден» алыстай алмаймыз ғой?

– Бұрынғы Экология министрі ретінде мұны растай аламын (күліп - ред.).

Көмірсутек шикізатына сұраныс артқаны рас. Еуропалық Одақтың өзі инфрақұрылымды кеңейтіп, қазба отындарын жеткізуге кемінде 50 миллиард еуро жұмсады. Кейбір елдер көмір электр станцияларын толығымен қайта іске қосты.

Десе де, бұл энергетикалық дағдарыс мұнай импорттаушы елдерді баламалы энергия көздеріне белсенді инвестиция салып, жаңа технологияларды дамытуға итермелейді.

Біздің еліміз де осы бағытты бетке алды.

Осыдан екі апта бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылы «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолдары» конференциясында немесе былтыр шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөздерін алып қарасаңыз, онда Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және парник газдары шығарындыларын азайту жөніндегі жоспарлары туралы нақты айтылды.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) соңғы саммитінде де Президент сөзінде экология мәселелері негізгі ойлардың бірі болды.

– Алайда бұл дегеніміз мұнай өнеркәсібі үшін шетке шығып қалу қаупі барын білдірмей ме?

– Мұнымен не айтқыңыз келгенін түсіндім. Бұл дегеніміз «жасыл энергетикаға» бірден көшіп кетеміз дегенді білдірмейді ғой. Қазба энергия көздері кем дегенде 21-ғасырдың соңына дейін сұранысқа ие болады. Оның үстіне, кез келген технологиялық өзгеріс тәрізді бүкіл әлемнің «жасыл энергетикаға» бір уақытта көшіп кетуі екіталай.

Сондықтан біз мұнай мен газ өндіруді жалғастыра береміз. Ал оны қалай орындау керектігі басқа мәселе. Ескі әдіске салып, тек пайда табуға және кез келген өндіріске қатысы жоқ шығындарды азайтуға тырысуға болады. Немесе бұған саналы түрде жауапкершілікпен келуге болады.

Біздің компания тұрақты даму мақсаттарын ұстана отырып, қоршаған ортаға зиян әсерді төмендететін технологияларды тұрақты негізде енгізуді көздейді.

– Мысал келтіре кетсеңіз?

– Былтыр мамырда компанияның 2031 жылға дейінгі төмен көміртекті ілгерілету бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекіттік.

Мәселен, «ҚазМұнайГаз» шығаратын парник газдары шығарындыларын 2031 жылға дейін 15%-ға қысқарту мақсатын қойдық (2019 жылғы деңгейден – ред.).

Сонымен қатар, компаниямыз 2030 жылға дейін күнделікті газды алау (факел) етіп жағу көлемін нөлге дейін жеткізуге міндеттеме алды.

Жиналған мұнай қалдықтарын утилизациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2019-2021 жылдар аралығының өзінде еншілес кәсіпорындарда екі миллион тоннадан астам мұнай қалдықтары жойылды.

Өткен айда Eni компаниясының өкілдерімен өткізген кездесуде Маңғыстау облысында қуаты 120 МВт гибридті электр станциясын бірлесіп салу туралы келісімге қол жеткіздік. Станция күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейді. Газ күн және жел станцияларынан электр қуаты жеткіліксіз болған жағдайда баламалы қуат ретінде қолданылады.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парижге сапары кезінде қол қойылған келісімдердің бірі бойынша «Total Eren» мен «Самұрық-Қазына» бірлесіп қуаты 1 ГВт жел станциясын салуды жоспарлап отыр. Оның үстіне, электр станциясы электр энергиясын жинау жүйесімен толықтырылады.

Бұл – «жасыл жобалар» бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірқатары ғана.

Сөзім дәйекті болуы үшін нақты мысалдар келтіре кетейін. Компанияға салынған экологиялық айыппұлдардың мөлшеріне қарасақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 20 млрд теңгеден асса, 2021 жылы 7 млрд теңгеден аз болды, ал 2022 жылы 162 млн теңгеден аса салық салынды.

– Мағзұм Маратұлы, мұнай-газ саласындағы әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды мәселе – отын өндірісіне және оның тапшылығына көшсек. Көктем жақындап келеді, егін науқаны таяп қалды, бұл уақытта дизель отынына сұраныс күрт артатыны белгілі. Оған қоса Атырау мұнай өңдеу зауытындағы ақау бар. Бұл жағдай ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығына әкеп соқтырмай ма?

 Бұл жағдай белгілі болғаннан кейін біз бірден Атырауға барып, каталитикалық крекинг қондырғысындағы ақауды жою үшін жедел штаб құрғанымызды білетін де шығарсыз. Оны орынбасарым Арман Қайрденов басқарды, ол жағдай толық шешілгенге дейін зауытта қалды. Мамандар күшейтілген режімде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Зауыттағы мамандардың айтуынша, алдағы күндері ақау жойылып, ақпан айының үшінші онкүндігінде технологиялық режім қалпына келтіріледі.

Сұрағыңызға келетін болсам, бұл жағдай жалпы алғанда жанар-жағармай тапшылығына әсер етер болса да, жиналған қор есебінен тапшылық аса сезіле қоймайды. Бұл жағдайға әсер ететін бұдан әлдеқайда маңызды факторлар бар...

– Көрші елдермен баға айырмашылығынан туындайтын қысымды айтасыз ба?

– Ең алдымен, осы мәселе бар. Кез келген мұнай өңдеу зауыты күрделі жабдықтары бар үлкен машина екенін түсіну керек. Ірі апаттарды айтпағанда, ақаулар қандай да бір себеппен болып тұрады. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары да жүргізіледі. Бұл – қалыпты өндіріс процесі. Бірақ бұл нарықтағы басқа мәселелерге қарағанда тапшылыққа ең аз деңгейде үлес қосады.

Қазақстанда дизель бағасы – 240 теңге, Ресейде – 386 теңге, Қырғызстанда – 393 теңге, Өзбекстанда – 532 теңге. Қайдан сатып алу тиімдірек екенін өзіңіз қарап көріңіз? Жауабы анық.

Статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде отын, әсіресе, дизель тұтыну көлемі көбіне ІЖӨ-нің өсуімен байланысты. Соңғы екі жылда бізде ІЖӨ өсімі 3-тен 5%-ға дейін жетті, ал дизель тұтыну көлемі 30%-ға артты. Кімнің есебінен өсті?

Шекарамызды күн сайын кесіп өтетін мыңдаған жүк көлігінің есебінен екені анық деп есептеймін. Дизель тұтыну көлемінің жан басына шаққандағы көрсеткіштерін салыстырып қарайық: Өзбекстанда жылына – 54 литр болса, Қазақстанда – 334 литр. Бұл – ТМД елдеріндегі ең жоғары көрсеткіш.

Отын шетелге шықпай, мұндай көрсеткіштердің болуы мүмкін емес екені түсінікті.

Былайша айтқанда, еліміз бен азаматтарымыз іргелес үш мемлекеттің ауыл шаруашылығы мен жүк тасымалына демеуші болып отыр.

– Бағаны қымбаттату әлеуметтік қысымға алып келмей ме?

– Бұл тұрғыда сізбен толық келісемін. Бірақ мәселе басқада: бұл бағаларды ұстап тұрамыз деп, біз әлеуметтік қажеттіліктерге бөлуге болатын қаржыны жұмсап жатырмыз. Яғни, біз қазақстандықтардың қалтасына жасырын түрде салмақ түсіріп жатырмыз, бұл одан да жаман.

Жәй ғана мысал ретінде, қазір елдегі бағаны ресейлік компаниялармен теңестіретін болсақ, онда мұнай өндіруші компаниялар қосымша 2 млрд доллар табыс табады, оның 400 млн доллары Қазақстан бюджетіне аударылады. Ал бұл жаңа жолдар мен мектептер салуға, медициналық жабдықтар алуға, зейнетақы, жәрдемақыға жұмсалуы мүмкін еді.

Сонымен қатар, компаниялар бұл кірісті геологиялық барлауға және өндірісті ұлғайтуға инвестиция ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтпағанда.

Әрине, бұл – өте күрделі мәселе. Оны реттеу үшін жауапты органдар арасында нақты үйлесім, ойластырылған және жоспарлы шешім болуы керек.

Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» өз тарапынан тапшылықтың алдын алу үшін барлығын жасайды.

Мұнай өңдеу зауыттарымыз бар қуатында жұмыс істеп тұр.

2022 жылы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша рекордтық нәтижелерге қол жеткіздік. Оның ішінде мұнай өңдеу көлемі, бензин, дизель отыны, авиакеросин өндірісі бар. Шығындар мен технологиялық жағу бойынша да ең төменгі көрсеткіштер тіркелді.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты былтыр мұнайдың рекордтық көлемін өңдеді – ақпан айының соңында өндірістік қорытындыларды жариялағанда оған көз жеткізе аласыздар. Зауыт 3 жылдық жөндеу аралық кезеңге шықты, жақын арада Атырау мұнай өңдеу зауыты да осыған келеді.

Ал Павлодар мұнай өңдеу зауыты елімізде тапшы қысқы дизель өндірісі бойынша маңызды жобаларды атқарып жатыр.

Бұл жерде айта кететіні, зауыттардың үнемі бар қуатында, яғни өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеуі апат қаупін арттырады. Шын мәнінде, бұл тұйық шеңбер секілді – бағаның төмен болуына байланысты біздің нарықта сұранысты көрші мемлекеттердің тұтынушылары арттырады. Отын тапшылығы қаупі туғандықтан, біз мұнай өңдеу зауыттарын бар қуатына шығарып, жабдықтарын тоздыра бастаймыз. Ал ірі апат болған жағдайда, көршілерден сол отынды жоғары бағаға сатып алуға мәжбүр боламыз.

– Сонда мұнай өңдеу зауыттарымызда 7 жылға созылған қымбат модернизациялау жұмысы не үшін жүргізілді? Оның еш нәтижесі болмағаны ма?

– Осы пікірді жиі естимін. Үлкен жұмыстың нәтижесін осылай бір сөзбен төмендетіп, қалай сызып тастауға болатынына таңқаламын.

Біріншіден, зауыттар жұмысын жаңғырту арқылы мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін мұнай көлемі 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.

Екіншіден, көлемі ғана емес, өңдеу құрылымы да өзгерді. Біз бензинді – 70%-ға, дизель отынын – 20%-ға, авиаотынды – 2,4 есе көбірек шығара бастадық.

Модернизацияға дейін біз тұтынатын бензиннің жалпы көлемінің 30%-ын импорттап келдік. Бүгін мұндай қажеттілік жоқ. Көбісі осыны ұмытып кететін секілді.

Үшіншіден, зауыттарды жаңғырту Еуро 4 және Еуро 5 стандарттарындағы бензин өндірісінің арқасында қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттар шығарындыларының деңгейін төмендетті. Бұл туралы, тіпті, сирек айтылады.

Отандық бензин құрамындағы зиянды заттардың мөлшері 200 есе төмендегенін елестетіп көріңіз.

Мен қазір елімізде мұнай өңдеу саласындағыдай үлкен жаңғырту процесінен өткен ешбір ірі өнеркәсіп саласын атай алмаймын.

Әрине, зауыттарда ара-тұра болып тұратын ақауларды жоққа шығармаймын, алайда модернизациядан еш нәтиже болмады деу дұрыс емес деп есептеймін.

– Сарапшылар атап өткендей былтыр компания IPO-ға сәтті шықты. Алғашқы нәтижелер қандай?

– Расында, IPO-ға шығу – компания дамуындағы маңызды кезең. Сондай-ақ, ҚМГ акцияларын жария сату көпшілік үшін мемлекет үлесін азайту мен жекешелендіру саясаты сөзбен емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанының айқын белгісі болды деп санаймын.

Бұл IPO бірнеше көрсеткіш бойынша үлгі болды деуге келеді.

Бәлкім, мұны Қазақстандағы алғашқы «цифрлы IPO» деуге болар: акцияларды сатып алуға өтінімдердің 99%-ы онлайн берілді.

Басымдық жеке инвесторларға, яғни Қазақстан азаматтарына берілді. Сауда-саттыққа тек екі ірі қала тұрғындарының арасында болады деген болжамдар жоққа шықты. IPO-ға облыс орталықтарының ғана емес, аудандар мен кенттердің тұрғындары да белсенді қатысты.

«ҚазМұнайГаз» IPO-сы Қазақстанның қор нарығы тарихында бірнеше көрсеткіш бойынша ең үлкені болды: өтінімдер саны бойынша – 130 мыңға жуық өтінім келіп түсті, сауда көлемі бойынша – 154 млрд теңгеге жуықтады және жеке тұлғалардың қатысуы бойынша – 52%-дан астам жеке тұлғалар қатысты.

Бір акцияның бастапқы құны – 8 406 теңге болды, қазір ол 9 500 теңгеден астам бағамен саудаланып, жақсы өсім көрсетті.

Әрине, бұл – үлкен жолдың бастамасы ғана. Компаниямыз акционерлер алдындағы міндеттемелерін орындау үшін аянып қалмайды.

– Акционерлер компания қызметінің ең маңызды көрсеткіштері – барлау мен өндіру бойынша жаңалықтарын асыға күтеді. 2022 жыл қандай нәтижелермен аяқталды?

– Көктемде 2022 жылдың жылдық есебін жариялауды жоспарлап отырмыз, қазір әзірленіп жатыр.

Оның мазмұны акцияларымыздың бағасына тікелей әсер етеді десем артық айтқандығым емес.

Сондықтан көрсеткіштерді толық айтып бере алмаймын. Әзірге шоғырландырылған өндіру, барлау және тасымалдау бойынша жоспарланған барлық көрсеткішке қол жеткізгенімізді айта аламын.

Мұның нәтижесі несие рейтингінде ұпайымыз BB-ден BB+ көрсеткішіне көтерілгені болды (S&P – ред.). Акционерлер алдында дивиденд бойынша міндеттемелер орындалды, борышымыз жоспар бойынша жабылып, жаңа жобалар қаржыландырылып жатыр.

Оған өндірістің әр буынында жұмыс істейтін – жоба жетекшілерінен бастап, қарапайым мұнайшыларға дейін зор еңбек сіңірді.

Өндірісте еңбек етудің қаншалықты қиын, жүгі ауыр жұмыс екенін жақсы білемін. Өзім де еңбек жолын қарапайым бұрғылаушыдан бастадым, еліміздің батыс өңірінде, Ресейдің қиыр солтүстігінде, Түркіменстан кен орындарында жұмыс істедім. Мұнайшылар ауа температурасының өзгеруіне қарамастан, шіліңгір ыстықта да, қақаған аязда да еңбек етеді. Олардың өз кәсіптеріне адалдығы мен жанқияр еңбегі үшін алғыс білдіргім келеді.

– Мұнай өндіру бойынша компанияның болашақ жоспарлары туралы айтып өтсеңіз?

– Барлығына ретімен тоқталып өтейін. Кез келген мұнай-газ компаниясының тұрақтылығы неге байланысты?

Ең алдымен, бұл тұрақты өндіріс пен қорының өсуі.

Біздің өндірудегі ең үлкен мәселеміз – электр қуатындағы ақаулар. Егер кен орнында электр қуаты 10 минутқа өшетін болса, онда өндірісті қайта бастау үшін бірнеше күн кетеді, толық қуатқа шығу үшін одан да көп уақыт керек. Қаржы жағынан жоғалтатынымыз көп.

Сондықтан, жоғарыда айтып өткенімдей, Еni компаниясымен бірлесіп гибридті электр станциясы сияқты жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл «Өзенмұнайгаз» секілді аса маңызды учаскелерде энергияның өшіп қалмауын қамтамасыз етеді.

Қорды ұлғайтуға келетін болсақ, бұл бағытта барлау жұмыстары тұрақты әрі белсенді жүріп жатыр.

 Мәселен, былтыр Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында мүмкіндігі жоғары деген 5 учаске бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия алдық. Тайсойған-1 және Тайсойған-2 учаскелерінде барлау мен өндіруге келісімшарттар жасалды.

Қаламқас кен орнында қор ұлғайды. «Қаламқас теңіз/Хазар» және «Қаратон-Сарықамыс» жобалары бойынша жақсы болжам бар. Толық ақпаратты жылдық есепте жариялайтын боламыз.

Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған ескі кен орындарымызды да ұмытпаймыз. Атап айтқанда, басты міндеттеріміздің бірі – олардың тиімділігін ұзарту.

Бұл бағыттағы жұмыспен білікті ғылыми қызметкерлер мен сарапшылардан тұратын ҚМГ Инжиниринг институты айналысады. Қазір болжалды-талдамалы жұмыс жүргізіп жатыр. Осы зерттеу мен ұсыныстарға сүйене отырып, алдағы жұмыс бағытын айқындайтын боламыз.

Мысалға Өзен кен орнын оңалту жұмысын келтіруге болады. «Өзенмұнайгаз» өндірісі 2024 жылы табыс әкелу шегіне жетуі мүмкін. Кен орнындағы өндіру көлемі төмендеп, еңбекақы төлеу қоры мен күрделі салымдар шығындары өсіп келеді.

Сол себепті оңалту жоспарын жасадық. Оны енгізу өндірісті жылына шамамен 0,6-дан 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға және бұл деңгейді 2030 жылға дейін ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Осының арқасында табыс түсіп қана қоймай, жұмыс орындары сақталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығая түспек. Бұл өте маңызды.

– Былтыр ақпараттық кеңістікте компанияға қатысты хабарлардың көп бөлігі Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтауына байланысты болды. Бұл тақырыпқа қатысты алып-қашпа әңгіме көп тарады. Сол жағдай биыл да қайталанбай ма? Жалпы алғанда, энергия тасымалын дамыту мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?

– Каспий құбыр желісі консорциумына қатысты сұрақтарға талай рет жауап берілген секілді. Жыл қорытындысы бойынша бұл үзілістер соңғы нәтижеге еш әсер еткен жоқ. Құбыр желісінің жұмысы бойынша серіктестерімізбен толық келісім бар (Каспий құбыр желісі консорциумының 20,75%-ы ҚМГ-ға тиесілі – ред.).

Жалпы тасымалдауды дамытуға келетін болсақ, бірқатар маңызды жобаны қолға алдық.

Солардың бірі – Президенттің жақында БАӘ-ге жасаған сапары кезінде келісімге қол қойылған «Abu Dhabi Ports» компаниясымен бірлескен жоба. Бірлескен кәсіпорын құрылады. Ол бойынша өңірде толыққанды көлік-логистикалық хаб құруды және Каспий теңізі мен Қара теңіз су аумағында бірлескен танкер тасымалын дамытуды жоспарлап отырмыз.

– Компанияның газ бағытындағы жұмысы қалай? Аздап көлеңкеде қалып қойғандай сезіледі...

– Келіспеске амалым жоқ. Газ өндірісінің ұлттық экономика үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Соңғы 6 жылда елдегі тауарлық газды тұтыну көлемі шамамен 30%-ға, яғни, жылына 13 млрд текше метрден 19 млрд текше метрге дейін өскен.

Сол себепті қазір компанияның газ стратегиясын әзірлеуді бастадық, оған сәйкес газ өндіруді операциялық және барлау активтеріміз бойынша ұлғайту жоспарланған. Өсу мүмкіндігі 2030 жылға қарай қосымша 3,9 млрд текше метрге жетеді.

Бұл көрсеткішке қалай қол жеткіземіз?

Біріншіден, 2023 жылдың соңында «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің Оңтүстік Ақсай кен орнын пайдалануға беру жоспарлануда.

Екіншіден, 2024 жылы «Рожковское» кен орнында газ өндіру жоспарда.

Үшіншіден, 2026 жылы «Орталық Өріктау» кен орнында өндіруді толық көлемде бастауды жоспарлап отырмыз.

Одан бөлек, газ өндіру деңгейінің өсуі «Қаламқас» кен орнының мүмкіндігін кеңейту арқылы, Батыс Прорва кен орнының газ горизонттарынан газ дайындау мен өндіру қуатын арттыру есебінен орындалалды. Аталған кен орындары бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары перспективалы «Қаратон-Сарықамыс» және «Торғай Палеозой» құрылымдарында барлау ұңғымаларын бұрғылау жұмысы жоспарланып отыр.

Бұл жоспарлардың сәтті жүзеге асуына баға, өңдеу бойынша және шетелдік серіктестермен келісімдер секілді көптеген фактор әсер етеді. Компаниямыздың менеджерлері бұл міндетттерді орындау үшін барын салуға дайын. Бұл үшін компания құрылымында газ жобаларына жауап беретін орынбасарды арнайы белгіледік.

– Мағзұм Маратұлы, бүгінгі сұхбатымызды әлеуметтік жауапкершілік тақырыбымен аяқтауды ұсынамын. «ҚазМұнайГаз» – еліміздегі ең ірі салық төлеушілердің бірі. Білуімше, 2021 жылы компания бюджетке 787 млрд теңге салық төлеген; елімізде өндірілетін барлық мұнайдың 25%-ы компания үлесіне тиеді, компания активтері ұлттық ІЖӨ-нің 21% үлесін құрайды. Мүмкіндіктері орасан. Бүгінде әлеуметтік міндеттемелерін орындау бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Сөзіңізде 2021 жылғы салық аударымдары туралы айтып өттіңіз. Толықтыра кетсем, былтыр біз бұл көрсеткіштен 2022 жылдың 9 айында асып кеттік. Қорытынды сандарды, жоғарыда айтып өткенімдей, жылдық есепте береміз.

Оның үстіне, «ҚазМұнайГаз» – еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі екенін еске салғым келеді. Компанияда барлығы 47 мың адам жұмыс істейді.

Біз еншілес тәуелді ұйымдар мен олардың мердігерлік ұйымдары арасында жалақыдағы айырмашылықты азайту бойынша үлкен жұмыс атқардық. Бұл жерде 46 млрд теңгеден астам ақша туралы айтып отырмыз.

Тағы бір маңызды оқиғалардың бірі – былтыр Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаздың» өкілдігі ашылды. Бұл институт қазірдің өзінде жақсы жұмыс нәтижесін көрсетіп отыр: ол еңбек дауларынан бастап мұнайшылардың жұмыс жағдайына дейін туындаған мәселелерді жедел әрі тиімді шешеді.

Былтыр Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, Жаңаөзенде медициналық орталық пен екі заманауи спорт кешенінің құрылысын аяқтадық.

Қазір Президенттің тапсырмасына сәйкес, екі ірі жоба іске асырылып жатыр, олар – Жаңаөзенде су тұщыту зауытының құрылысы мен «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырын қайта жаңарту.

Екі жоба да батыс өңірлердің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жарқын Болашақ» секілді орындалған жобалар да бар. Ол бойынша Жаңаөзеннен 227 бала Қазақстан бойынша IQanat High School of Burabay немесе Алматы республикалық физика-математика мектебі секілді үздік оқу орындарына түсті. Жобада оқу ақысымен қоса, оқушылардың жол жүру, тамақтану шығындары мен қосымша стипендия қарастырылған.

Өткен аптада Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының барлық мектебін әлемге әйгілі National Geographic журналына тегін жаздыру жобасын бастағанымызды айта кетуге болады. Осылайша оқушылардың жаратылыстану-ғылыми бейіндегі пәндерге қызығушылығын арттыруды көздейміз.

Бұл әлі де әлеуметтік жобаларымыздың толық тізімі емес. Бұл – қызметіміздегі маңызды басымдықтардың бірі. Жауапкершілік – «ҚазМұнайГаздың» басты құндылығы деуге болады.

Әңгімелескен Амангелді ҚИЯС,

«Egemen Qazaqstan»

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: