Главная Новости «Маңғыстау жүрегі» мәртебесін иеленген кәсіпорын
28 тамыз 2018, 13:33 2274

«Маңғыстау жүрегі» мәртебесін иеленген кәсіпорын

«Маңғыстау жүрегі» мәртебесін иеленген кәсіпорын

Халық арасында «Маңғыстау жүрегі» аталып кеткен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы биыл өзінің іргесі қаланғаннан бергі жарты ғасырлық белесіне көтерілді. Осы айтулы оқиғаға орай, 50 жылдық асуды табысты еңсерген өңірдегі энергетика көшбасшысының бас директоры Қайрат Әбдірәсіловті әңгімеге тартқан едік.

Қайрат Айтайұлы, жақында өзіңіз басқарып отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Кәсіпорын мен оның ел экономикасын өркендетудегі алар орны жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

Маңғыстау аймағы үшін ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық дамуына нәр беріп отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ұжымы шілде айының басында өзінің жеке отау құрып, қалыптасуының елу жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Кәсіпорынның республика экономикасы үшін де маңызы жоғары деуімнің себебі оның өндіретін электр энергиясының 68 пайызы мұнай өндіру секторының пайдалану үлесінде болуында.

МАЭК 1968 жылдың 1 шілдесінен бастап, оның алғашқы директоры Дмитрий Сергеевич Юрченконың басшылығымен өз алдына отау тігіп құрылды. Содан 2003 жылдың 1 мамырында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны боп өз тарихының жаңа бетін ашқанға дейін өрлеуді де, кешегі одақтың ыдырауына байланысты туындаған қиындықтарды да бастан өткерді, мекемені оңалту процедурасын да, банкротқа ұшырау сатысын да өтті. Сол қиын кезеңдердің өзінде біздің комбинат Петр Исаакович Назаренко сияқты тәжірибелі де білікті басшылардың жетекшілік етуімен және ұжым мүшелерінің өзара достығы мен бірлігі, кәсіби шеберлігі, ең бастысы әрқайсысының өзінің кәсіпорнына деген сүйіспеншілігі, міндетіне жоғары жауапкершілікті сезінуі арқасында жұмысын үздіксіз жалғастыра берді. Айта кету керек, сол жылдары республикамыздың барлық дерлік аймағында энергия тапшылығы қатты сезіліп, біртіндеп сөндіріліп отырғанда маңғыстаулықтар оны басынан өткізген жоқ. Керек десеңіз, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына электр энергиясын беріп, қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болды.

«Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, комбинат осы еңбегінің нәтижесінде  маңғыстаулықтардың аузымен «МАЭК-Маңғыстау жүрегі» деген атауды иеленді. Бұл шынында да кәсіпорынға берілген әділ баға деп санаймын.

Сонда талай белесті еңсерген бұл мекеменің өз ерекшеліктері көп дейсіз ғой...

Кәсіпорынның ерекшеліктері жөнінде айтар болсам, біріншіден, ол республиканың біртұтас электр энергиясы желілерінен тәуелсіз дербестігінде. Екіншіден, комбинат тек электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді, ол сонымен бірге теңіз суын тұщытып, Ақтау қаласын ауызсумен, жылумен қамтитын ауқымды кешенге айналып отыр.

Біздің комбинат «Каспий» су тұщыту зауыты іске қосылғанға дейін Ақтау қаласын, Мұнайлы ауданын, Құрық, Ақшұқыр ауылдарын ауызсумен қамтып келгені белгілі. Қазіргі кезде «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының суы Мұнайлы ауданы мен Құрық селосына берілетін болғандықтан, біздің суымызды облыс халқының 31 пайызы пайдаланып отыр. Осы деректерге сүйенсек, «МАЭК-Маңғыстау су артериясы» деуге де толық негіз бар.

Елу жыл кәсіпорын үшін аз мерзім емес, үнемі қолданыста болған жабдықтар тозады, тиісті жұмысын атқару қабілеті кемиді. Ал, Маңғыстау аймағы орталық энергия жүйесінен шалғайда орналасқан аймақ. Өндірісті аймақты электр энергиясымен қамтуда таяу болашақта қиындықтар туындамай ма?

Бұл сұрағыңызға жауап ретінде  комбинатта іске асырылып жатқан жабдықтарды жаңарту, жаңғырту бағытындағы жұмыстарға қысқаша тоқтала өтсем. Сонымен, елімізде қолға алынған индустрияландырудың төртінші кезеңі аясында кәсіпорында технологиялық процестерді басқарудың жіктелген жүйесін қолдана отырып, ескірген автоматтандыру құралдарын заманауи микропроцессорлық құрылғыларға біртіндеп ауыстыру тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде жасақталуы мен күрделілігі әртүрлі деңгейдегі 22 автоматтандыру жүйесі енгізілді, адам факторы жойылып, жабдықтар жұмысының сенімділігі жоғарылатылды.

Осы заманғы электроэнергетика талаптарына сай келетін 16 толық функциялы интегралданған бағдарламалық-техникалық кешендер енгізіліп, олар жүйелік архитектура, сенімділік пен адами-машиналық интерфейсті қамтамасыз етудегі әлемдік жетістіктерге сәйкес жасақталды. Бұл кешендер сенімді, тиімді және үнемді басқаруға қол жеткізетін энергетикалық жабдықтар мен процестер жұмысының барлық режімдегі технологиялық процестерді басқару мен бақылауға қатысты бүкіл міндеттерді шешіп бере алады.

Бұрындары бөлек-бөлек болып келген ақпараттық базаны біріктіретін бағдарламалық кешен енгізілді. Оған негізгі өндірістің технико-экономикалық көрсеткіштері, айлық төлем, қазынашылық, қойма қорларын басқару, логистика, автокөліктерді басқару, кадр есебі біріктірілген.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы холдингімен ықпалдастырылған электронды-цифрлық қол қою электронды құжаттар айналымы жүйесі енгізілді.

Коммунальдық қызметтер үшін есептеу, жинау, өңдеу және төлемдерді аудару процестерін автоматтандыру міндеттерін жүзеге асыратын «Биллинг жүйесі» іске қосылды. Соның нәтижесінде есептеу құралдары көрсеткіштерін өңдеу мерзімі 14 күннен 2 күнге дейін төмендетілді, қателесу мөлшері 20 пайыздан 0,2 пайызға дейін төмендетілді.

Абоненттерге ыңғайлы жағдай жасау мен қызмет көрсету сапасын көтеру үшін есептеу-кассалық орталығының абоненттің жеке кабинеті мен тұтынылған энергоресурстар үшін онлайн-төлем жасау функциясы бар сайты ашылды. Оған 7500 абонент тіркеліп, ай сайын 500-ден астам төлем жасалады.

Сондай-ақ, есептеу-кассалық орталығында iOS  және Android  үшін абоненттің жеке кабинеті мен онлайн-төлем жасау функциясы бар мобильді қосымшасы жасалып, оған 2500 абонент тіркелді.

Бұлардан басқа болашақта аймақты электр энергиясымен сенімді қамту мақсатында жергілікті билік пен Үкімет алдына қуаты 250 МВт құрайтын газ-турбиналық қондырғы салуға ұсыныс беріліп, оны шешу жолдары қарастырылуда.

Биылғы жаз айларында табиғаттың тосын мінезі еліміздің барлық дерлік аймақтарында күтпеген қиындықтар туындатып, кей облыстарда электр энергиясымен қамтуда жетіспеушіліктер орын алды. Бұл Маңғыстау аймағында да болған болар?

Сұрағыңызды түсіндім. Биылғы табиғаттың ерекше құбылыстары біздің облысты да айналып өтпегені баспасөз бетінде жарияланып жатыр ғой. Маусым айының соңғы күндері мен шілде айының басында көрші Атырау облысы мен Маңғыстауда өте қатты ыстық болды. Атырау облысында электр энергиясының жетіспеушілігі орын алып, бізден электр энергиясымен көмек беруді сұрады. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 950 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру мүмкіндігіне ие. Қазіргі кезде біз 550-600 МВт мөлшерінде электр энергиясын өндіріп отырмыз, өз облысымызды толықтай қамтып, көрші облысқа 50 МВт-қа дейін электр энергиясын берудеміз. Ақтау қаласындағы бірнеше рет жарықтың өшу себептері қалаға электр энергиясын тасымалдаушы мекеменің ескірген электр желілеріне түскен салмақтың әсерінен орын алды, қазіргі кезде оны болдырмаудың шаралары алынды.

Қорыта айтқанда, біз алдымызға қойылған міндеттерді абыроймен орындап, МАЭК-тің әлі де  жылдар бойы Маңғыстауға, Қазақстан экономикасына үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз ететін боламыз.

Қайрат Айтайұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет. Сізді және «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, ғасыр қойнауынан болашаққа көш түзеген абыройлы қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Қолқанат НҰРЖАУБАЙҰЛЫ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: