Главная Новости Маңғыстау мұнайшылары мұқтаж анаға баспана сыйлады
14 маусым 2024, 13:47 735

Маңғыстау мұнайшылары мұқтаж анаға баспана сыйлады

Маңғыстау мұнайшылары мұқтаж анаға баспана сыйлады

Мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық – қазақ халқына тән асыл қасиеттердің бірі. Ананың ақ сүтімен дарып, атаның өсиетімен сіңген бұл болмыс қашан да қазақ қоғамының діңгегі һәм имандылығымыздың айшығы болған. Сондықтан болар қамыққанға қамқор, жабырқағанға демеу болу кәсіби ұжымдар арасында да дәстүрге айналып кеткен.

Асарлату, жылу жинау, шүлен тарату «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшылары үшін де жат дүние емес. Тіпті ұжымның ерекше тұстарының бірі десек те болады. Мәселен, кеше ғана өткен қасиетті Рамазан айында Қаламқас кен орнының қызметкерлері аз қамтылған бір жанұяға Маңғыстау ауданы орталығынан баспана алып беріп, бүтін бір отбасының жүгін жеңілдетіп, батасын алып еді енді міне қасиетті Құрбан Айт мейрамы қарсаңында маңғыстаумұнайгаздықтар тағы да бір сондай көп балалы отбасыға облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер сыйлағалы жатыр деген қуанышты хабар келіп жетті. Елінің жел жағына пана болып, жұртының жоғын жоқтаған Қаламқас әулиенің есімі берілген кенорын қызметкерлерінің игі бастамасы ұжымда жаңа дәстүрге айнала бастағандай...

Бұл жолы жомарттығымен жұртты сүйсіндірген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жерігілікті кәсіптік одағының мүшелері болды. Бастамашы топ - «Жетібаймұнайгаз» ӨБ №1-МГӨЦ мұнайшылары. Жетібаймұнайгаздықтар бұл отбасыны біраз уақыттан бері қанатының астына алып, қамқорлап келген екен. Ұжым болып ұйысып алты бірдей баланы жалғыз асырап келе жатқан анаға азық-түлігімен, киім-кешегімен қарасып, жалдамалы пәтерінің ақысын да көтеріп келген.

Алайда, мұнымен жалғыз басты ананың мәселесі шешілмесіне көзі жеткен жетібайлықтар, «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» деген ұстаныммен қамкөңіл отбасыны бір қуантып баспаналы етейік деген ұсыныспен Қоғамның кәсіподақ комитетіне шыққан. Нәтижесінде Компаниямыздың Кәсіподақ ұйымдары өзара ақылдасып, тар жол тайғақ кешсе де, аналық антынан алыстамаған замандасымызға Компания Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің атынан Ақтау қаласының қақ ортасынан құны 10 миллион теңгелік 2 бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешім қабылдаған. Сахилық деп осыны айт!

Сәрсенбінің сәтті күні, маусым айының 12 жұлдызы күні пәтер кілті көпбалалы анаға табысталды.

Ананың төбесі көкке жеткендей. Жанарында қуаныштың жасы... Бір жүгі жеңілдеп, ендігі жерде бауыр еті балаларын алаңсыз қалдыра алатын тұрағы, өз үйі - өлең төсегі бар екеніне әлі де сенбей тұрғандай. Қобалжулы. Екі сөзінің бірі «Бақытты болың» мен «Алла сыйласын». Балалар да ерекше көңілді, бөлмелерді аралап, төсектерге аунап, періште көңілмен тілеген ең үлкен армандарының орындалғанынан өздерін қоярға жер таппай жүр. Көздерінен мұнайшы аға-апаларына деген шексіз құрмет пен ризашылық көрініп тұр.

Игілікті істен Компания қызметкерлерінің «Мұнайлы өлке» қайырымдылық қоры да шет қалмапты.Қор атынан бұл отбасына бұған дейін де жылу үлестіріліп келген. Енді міне жекеменшік шаңырақтарына көрімдік ретінде тұрмыстарын жеңілдететін бірінші қажеттіліктегі бұйымдар сыйға тартылды. «Көп түкірсе, көл» деген осындайдан қалған болар сірә.

Осы орайда игі шараның жүзеге асуына атсалысқан барша әріптестерімізге алғыс айтамыз! Еңбектерің жана берсін. Алла жасаған жақсылықтарыңызды еселеп қайтарсын!

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: