Главная Новости Маңғыстауда су тасқынына қарсы пойыздар жасақталып, күзетті күшейтті
03 сәуір 2024, 10:29 432

Маңғыстауда су тасқынына қарсы пойыздар жасақталып, күзетті күшейтті

Маңғыстауда су тасқынына қарсы пойыздар жасақталып, күзетті күшейтті

Маңғыстауда биыл қар қалың болған жоқ. Мұнда тек жиналған жаңбыр суынан қауіп туындауы мүмкін. Дегенмен теміржолшылар кез келген төтенше жағдайға дайындығын пысықтап, бес қаруын сайлап отыр. Ағын суға қарсы қажетті құрал-жарақтарымен екі пойыз жасақталып, қауіпті тұстарға күзетті күшейткен.

Кезінде түбек теміржолының кейбір учаскелеріне қар суы жолды шайып кеткен жағдайлар болған. Сондықтан су басуға бейім жерлер назарға алынып, тиісті мамандар таулы-қыратты жерлерде судың көбею немесе жиналу қаупін қадағалап отыр. Су ағып өтетін бағыттардағы суағарлардың жағдайы жіті тексерілген. Қалпына келтіру пойыздары да дайындық сапына қойылған. Бейнеу және Маңғыстау станциясындағы екі қалпына келтіру пойызынан басқа теміржолға қауіп төніп, төтенше жағдай жарияланар болса, судың салдарымен күресуге қай мекемеден қанша адам шығатын тізімі де жасалған.  

Синоптиктер наурыз айының соңы мен сәуір айының бастапқы онкүндігінде ылғал көп түседі деген болжам жасайды. Сол себепті барлық құрылым дайындық сапында, тасқынға қарсы пойыздар 15 мамырға дейін кез келген уақытта жолға аттануға әзір тұрады, – дейді Маңғыстау қосалқы бөлімі бастығының орынбасары Алпамыс Балғымбеков.  

Ал Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің хабарлауынша, қазір түбек теміржолы аумағында бес жүзге жуық су құбыры мен жүз шақты көпір бар. Соның ішінде Маңғыстау жол дистанциясы қызмет атқаратын №9 бекет-Маңғыстау, Маңғыстау-Құрық порты, Маңғыстау-Болашақ станцияларына дейінгі аралықта 250 құбыр, 66 көпір, 9,6 шақырым кювет, 4,2 шақырым таулы арық орналасқан. Ал Бейнеу жол дистанциясына қарасты Бейнеу-Оазис, Бейнеу-Тассай, Бейнеу-Сай-Өтес станцияларына дейінгі жолдарда су өткізетін құбыр – 222, көпір 24 дана. Сонымен қатар бұл аумақта 25 шақырым кювет, 13,4 шақырым таулы арық бар. Мамандардың айтуынша, соның барлығы тексеріліп, тазаланып, жауын-шашынды мезгілге дайындық жасалған.  

– Маңғыстау жол дистанциясы аумағында 55, Бейнеу жол дистанциясы бойынша 14 су шаюға бейім жер бар. Соған назар аударылуда. Сонымен қатар тасқынға қарсы екі пойыз жасақталып, Бейнеу станциясында бір жабық вагонға пиломатериал, цемент, т.б. материалдар тиелген. 60 дана шпал мен 12 дана рельс дайын. Сай-Өтесте бір платформа шпал, Шетпе станциясында бес платформа тас, 120 дана шпал әзірленді. Маңғыстау станциясында бір жабық вагон инертті материал, пиломатериал, цемент, т.б. материалдар, 12 дана рельс пен 2 платформа тас жүктеліп тұр. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын жүргізу үшін 22 азаматтық қорғау құрамасы құрылды, – дейді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Нұрболат Шалғабай.  

Материал басылымға беттеліп жатқанда көктемгі су тасқынына байланысты түбек теміржолында селекторлық жиын өтіп, онда аталған жұмыстар тағы да егжей-тежейлі қаралды. Маңғыстау қосалқы бөлімі бастығы Нәжімеден Ғұбашов өңір теміржолы тарихында жаңбыр суымен байланысты 1991, 1997, 2006, 2012, 2016 жылдары орын алған жайттарды еске салып, сондай оқиғалар қайталанған жағдайда қапы қалмас үшін дайындықты күшейтуді тапсырды. Тасқын суды бөгеуге қарсы материалдарды көбейте түсіп, Шетпе станциясына тағы да 10 вагон қиыршық тас дайындап қоюды міндеттеді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: