Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының қызметкерлері күн сайын тәуліктік мұнай өндіру рекордын жаңартып қана қоймай, маңызды әлеуметтік және қайырымдылық бағдарламаларын да назардан тыс қалдырған емес.
Мұнайшылар жылдар бойы Қарақия ауданының елді мекендерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, мұнайшылардың қаражаты есебінен Жетібай кентіндегі көпфункционалды спорт кешені және музыкалық өнер мектебі сияқты ірі әлеуметтік жобалар іске асырылды, елді мекендердегі жолдар жөнделді, спорт алаңдарында жасанды көгалдар төселді. Биыл да әдеттегідей игі істер эстафетасы өз жалғасын тапты.
«Жетібаймұнайгаз» ӨБ бастығы Болат Сейтмағанбетовтың айтуынша, тұрғындар мен жергілікті әкімдіктердің сұрауы бойынша кәсіпорын басшылығы Қарақия ауданында әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға көмек көрсету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі.
«Біздің негізгі қызметіміз – мұнай өндіру, бірақ біз әлеуметтік мәселелерге де үлкен көңіл бөлеміз, жергілікті атқарушы органдармен белсенді жұмыс жасаймыз, – дейді Болат Сейтмағанбетов. – Әкімдіктердің өтініші бойынша, аумақты тазалау, құрылыс жұмыстары, қалдықтарды шығару, арнайы техниканы ұсыну және т.б. кезек күттірмейтін мәселелердің оң шешілуіне жұмыстандық. Соңғы уақытта әртүрлі стихиялық оқиғалардың жиілеп кеткенін білесіздер. Сондықтан да әрбір түйткілді мәселеге бей-жай қарамай, ауыл тұрғындарына әрдайым қол ұшын созуға әзірміз».
Жыл басынан бері іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының қолдауымен Мұнайшы кентінің кәріз-тазарту құрылыстарының сүзу алаңын қоршау қалпына келтірілді. Шетпе ауылындағы полигон электр желісіне қосылды, Жетібай кентіндегі Астана шағын ауданының саябағында суару үшін құбырлар және «Ұштаған» кентінде биіктігі 25 метр тутұғыр орнатылды. Сонымен қатар, «Қалақан Ата», «Сарыболат Ата», «Қаражашы», «Ақмола», «Мешітбай» және «Теңізбай» қорымдарына қоршау орнату жұмыстары сәтті аяқталды.
«Барлық еңбек ұжымына және «Жетібаймұнайгаз» ӨБ басшылығына ұдайы көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін үлкен алғысымды білдіремін, – дейді Мұнайшы кенті әкімінің орынбасары Әбутәліп Тәжібай. – Мысалы, тұрғын үйлерден сарқынды сулар ағып жатқан кәріз-тазарту құрылыстарының сүзу алаңы қоршалмағаны көптен бері біраз қолайсыздықтар туғызғаны рас. Өйткені бұл аумаққа мал сойылуы мүмкін, мұнайшылардың арқасында қоршау мәселесі шешілді. Мұнайшыларға үлкен рахмет».
Жетібай кентіндегі №4 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Сағидолла Қалдығараев мұнайшылардың елдік істе жұмыла жұмыс істейтінін алға тартты. «Жетібаймұнайгаз» ӨБ қолдауымен мектеп алдына қойылған саябаққа арналған орындықтар мен күркелер жасалды. Келесі жылы саябақта ағаштар мен сәндік қолөнер бұйымдарын отырғызу жоспарлануда, ал мектеп басшылығы болашақта бұл аймақ студенттер мен жергілікті тұрғындар үшін керемет демалыс орнына айналады деп үміттенеді.
«Астана» шағын ауданының құрылысы 2008 жылы басталып, Қазақстан астанасының 10 жылдығына орай, Жетібай халқының игілігіне берілген еді. Қазіргі таңда мұнда жалпы білім беретін мектеп пен балабақша жұмыс істейді. «Астана» саябағы мұнайшылардың арқасында суару жүйесіне көшіп, бүгінде жергілікті биліктің пайымдауынша, ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Саябақта қоршаулар мен орындықтар орнатылып, жолдар төселді. Жетібайдың мұнайшылары суару жүйесін орнатуға көмектескеннен кейін, мұнда ағаш көшеттері көптеп отырғызылды. Жалпы, жыл соңына дейін Қарақия ауданында әлеуметтік маңызы бар жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Ел өміріне келбетті өзгерістер енгізу – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан да «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясаты өз мұнайшыларының ғана емес, ауыл-аймағының, бүкіл түбек халқының мұң-мұқтажын шешуге арнала бермек. Компания жарты ғасыр бойы аға ұрпақ қалыптастырған еңбек дәстүріне, бай тарихи сабақтастығына адал болып қала береді.