Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Киелі Маңғыстау өңірінің ең қадірлі де қасиетті орындардың бірі, атақты қорым – Сисем ата қорымы. Алты ғасырға жуық кезеңді қамтитын (13-19 ғасырлар) Сисем ата қорымы – ірі тарихи-архитектуралық кешен. 1982 жылдан бері республикалық дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған қорымда 1,5 мыңға жуық нысан бар. Олардың 25 күмбез там, 100 астамы сағанатам мен сандықтас, 500 жуығы қойтас пен құлпытастар.
Мұнда ерте ғасырлардан сыр шерткен сәулет өнерінің ең шебер үлгілерін көруге болады. Қазір Сисем ата қорымы зиярат ететін орынға айналды. Мұнда жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарына қарамастан Қазақстандықтар ғана емес, шетелден келетіндер де бар.
Осынау құнды жәдігер, мәдени һәм тарихи ескерткіштің аманаты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшыларының мойнында. Әуелде ерікті қызмет ретінде басталған күтіп-ұстау жұмыстары кейін Маңғыстау облысы мәслихатының шешімімен ресми бекітіліп, Сисем ата қорымы маңғыстаумұнайгаздықтардың қамқорлығына өтті.
Содан бері жылына бірнеше рет, әсіресе, көктем-күз маусымдарында компания қызметкерлері қорым аумағында тазалық және әрлеу жұмыстарын жүргізіп, түнеухана ғимаратын жөндеу, зияраттап келушілерді отынмен, сумен қамтамасыз етуді жақсы бір дәстүрге айналдырған.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек ардагерлері қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қорым басында ас-садақа берді. Игілікті іс-шараға Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев пен ауыл ақсақалдары және жастар қатысты. Зиярат етушілер аталарға құран бағыштап, дұға етті.
«Бүгін Аталардың басына зираяттап келдік. Өзіммен қатар тағы да 35 ардагер бар. Біздің ұсынымызды ескеріп, қолдау көрсеткен компания басшыларына айтар алғысыз шексіз. Осы үрдіс үзілмей, болашақта жалғасын табады деп сенемін»,- дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ еңбек ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Ахметов.
Сисем-ата қорымы – өлкені мекендеген көшпелілердің салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат беретін құнды ескерткіш. Тіпті қорым халық арасында «Адайлар пантеоны» деп те аталады. Себбебі мұнда Адай руының Құнанорыс Лабақ, Кенже Ер Қонай, Есен Сейіт, Бәйімбет Әнет, Ер Төлеп, Жаңай Қожаназар сынды небір асылдары мен ардақты азаматтары жерленген. Қорымның тарихы тым ертеден басталады. Адайларды осы өңірге алғаш орналастырушы жолбасшылардың, батырлардың, билердің, бай-мырзалардың бейіттері де осы қорымда.
Заманымыздың заңғары Әбіш Кекілбайұлының Маңғыстаудағы ескі қорымдар туралы айтқан бір пікірінде «Зираттар – әрі шекаралық белгі, әрі марқұмның өзі мен әулетінің әлеуметтік хал-ахуалының нақты куәлігі... Көшпелілер өз тарихын хатқа сенбей, тасқа сеніп қалдырғандай» деген сөздер бар. Расында да ескерткіштерге үңіліп қарар болсақ, ғасырлар қойнауында қалған біраз сырды ұғынуға болады. Бұл нысанның да басты құндылығы сонда. Келер ұрпақ тамырынан айрылып қалмау үшін осы секілді жәдігерлердің шашауын шығармай келесі ұрпаққа аманаттап кету ұлт үшін парыз.