Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ел ішінде жақсы ісімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретін азаматтар болады. Олардың кейбіреуін күллі ел таныса, тағы бірін өзі туып-өскен өңірі мен қызмет етіп жүрген ұжымы ғана біледі. Бірақ бұл адамгершілікті ту еткен азаматтардың беделі мен халқына сіңірген еңбегін бір мысқал да кемітпек емес. Бүгін біз тілге тиек еткелі отырған Тілесова Тілектес Қосынбайқызы сондай көпке үлгі боларлық жан.
Ол - қазақтың кемеңгер ұлы Әбіш Кекілбаев балалық кезеңін өткізген, тарихы терең Таушық ауылында дүниеге келді. Туған жерінде өріс кеңейтіп, өмір өзгерткенге дейінгі шаттыққа толы күндері әлі есінде. Әкесі Тілесов Қосынбай сонау қиын-қыстау кезеңдерде наубайханада, кейін мәдениет үйінде контролер болып жұмыс жасап, адал еңбекпен асырап бақты. Анасы Ұлтөре апай да жұмыстың қайсысынан да қаймықпай атқара жүріп, балаларының бабын да таба білді.
Осындай еңбекшілер жанұясында 1972 жылы ақпанда Тілектес он екі баланың он біріншісі болып дүние есігін ашты. Атақты дүлдүлдер шыққан «Шахта» орта мектебін тәмамдады. Мектеп бітіргесін ата-анасы алысқа жібергісі келмей, Жаңаөзендегі мұнай-газ техникумына мұнай-газ ұңғымаларын әзірлеу және пайдалану мамандығы бойынша оқуға түсірді. Оқуды абыроймен аяқтап, сол кездегі мұнайдың қарашаңырағы «Комсомольскнефть», қазіргі – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына жолдамамен келді. Ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехындағы операторлық жұмыс кеше келген балауса қызға үлкен өмір жолының алғашқы баспалдағы болды. Өндіріс табалдырығын аттағанда басынан сипай қарсы алған ұстазы Әния Ізбасарова, адамды адам ететін, тәндік және рухани тұрғыдан жетілдіре түсетін әрекет – еңбек екенін шын ұқтырды. Сол арқылы жас маман Тілектестің бойында жасампаздық қабілетін оятып, үлкен мақсатқа жетеледі. Өн бойында белсенділік, сыйластық, өзгеге көмекке келу секілді өзі үшін де, өзге үшін де жақсылық болып табылатын ізгі тұстарының оянуына ықпал ете білді. Сондықтан да ұстазын әлі күнге рухани анам әрі ұстазым деп ерекше жылулықпен еске алады.
Қазіргі таңда бірінші МГӨБ басқару пультінің операторы болып жұмыс жасауда. Атқаратын қызметі – мұнай өндірудің технологиялық процесін жүргізу және автоматика құралдарының көмегімен мұнай, газ өндіруді өлшеудің технологиялық процесін қашықтықтан басқару. Ол дегеніміз әр ұңғыманың тарихына қарап отырып, ұңғымалардан және топтық өлшеу қондырғыларынан ақпарат жинауды, өңдеуді және беруді жүзеге асыру деген сөз. Мысалы ұңғыманың көрсеткіштері компьютерде екі сағат сайын бегунок сияқты ауысып отырады. Сол ұңғыманың геологтар тарапынан белгілеген тоқсан сайын мұнай өндіру мөлшері бар. Егер ол жос-пар орындалмай жатса, компьютерден арнайы анықтап, шеберге тапсырма беріледі. Ол өз кезегінде операторға тап-сырма беріп, олар сол уақытта себебін түсіндіріп, қажетті шара қолданады. Яғни, қолданыстағы ұңғымалар қорының жұмысын басқару пульті және қызмет көрсететін операторлардың ақпараты арқылы бақылауды жүзеге асырып, ол туралы Орталық технологиялық қызметке авариялық жағдай туралы ақпа-ратты дайындауды және беруді жүзеге асырып отырады. Жұмыстың нәтижелі болуы – ауызбіршілік пен ынтымақта деп білетін ол ұжымдастары арасында да зор беделге ие.
«Қазақтың қыздары көрікті, көріктілігімен қоса бөрікті» - деген сөз әрдайым жадында. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін өндіріс саласында еңбек еткеніне 32 жыл болды. Бұрын «ерлерге ғана лайықты ауыр жұмыс» саналатын саланы меңгеріп, маңызды әрі жауапкершілікті талап ететін жұмыстарды атқарып жүрген Тілектес апа да мұнай өнеркәсібі саласындағы жұмысының жақсы нәтижесі еліміздің экономикасына қосқан теңіздей іске тамшыдай болса да үлесі болып жатқандығына сенеді.
Жұмыстан демалыс кезінде Тілектес апа табиғаттың төрт мезгіліндей іштегі алуан-алуан ойлардың тоқтаусыз ағысының үнін кейде сиясы кеппеген қаламмен, кейде қолөнер туындыларымен шығаратыны бар. Өмірдің өзіндей бірде мұңды, бірде қажырлы, бірде нұрлы, бірде сабырлы өз әлемімен сарқыла сырласып, әңгіме-сұхбат құрып отырып талай туынды шығарды. Ол өзін тігіннің сара жолына түскен адам емеспін, менікі жәй әуесқойлық десе де оның қолынан шыққан қазақи нақыштағы сөмкелер, үкілі кәмшат бөріктер, сырлы кәжекей мен жастарға арналған этно киімдер көздің жауын алады. Ол өскелең ұрпаққа қазақ халқының салт-дәстүрлерін, қазақи нақыштағы ұлттық киімдерін насихаттауды өз өміріне бағдар етіп, әрқашан айналасына үлгі бола жүріп, замандастары мен әріптестері, балаларына рухани жағынан толысқан адамның қандай болатынын дәлелдеп жүрген ана.
«Мақсатым қазақ деген ұлттың қазақы нақыштағы киімдерін жастардың талабына сай заманауи стильде, әрі қолжетімді бағада шығару. Әр тапсырысқа ерекше қарап, бір туындымды қайталамауға тырысамын. Мен қай туындыма да арнайы баға қойып, талап еткен емеспін. Бұл бастапқы туындыларым болғандықтан, егер де болашақта қатты сұранысқа ие болып жатса, солардан түскен қаржыны қарттар үйі немесе балалар үйіне, мешітке қайырымдылық мақсатта аударып тұрғым келеді, - дейді кейіпкеріміз. Кім көптің қамын ойлап, көпшіліктің мүддесіне қызмет етуге ұмтылса – ол ішкі жоғары мәдениеттің көрінісі десе болады. Халықтың жоғын іздеп, барын асқақтату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Яғни Шәкәрімнің айтқанындай «Бәрін, нәрін тірлігінде беріп, ғибратты із қалдыруға» ұмтылсам дейді. Тілектес Қосынбайқызының бұл ниеті шын құрмет пен мадаққа лайық дей аламыз.
Ол сондай-ақ, бос уақытында туған өлкеміздің тарихи жерлерін аралағанды ұнатады. Отаншылдық, ең алдымен өз өлкеңнің тарихи тек тамырын, ғұмыр-жолын, қадір-қасиетін терең білу деп біледі.
«Маңғыстау өзінің терең тамырлы тарихымен де, соқтықпалы-соқпақты ғұмыр жолымен де, мейлінше толымды мәдени-рухани төлтума болмысымен де кез келгенімізді мерейлендіруге тиіс», – дейді ол.
Ол отағасы Мұқатаев Айту ағамен өмірде де, өндірісте де қол ұстасып келе жатқан жарастықты жанұя. Өмірлерінің жалғасы, екі қызғалдағы Перизат пен Қарақат бүгінде Астана қаласында сәулет дизайны және киім сән үлгісі мамандықтары бойынша жоғары білім алуда. Тілектес апа өзі шықпаған биікке осы балаларым шықса екен деп армандайды. «Қазақта «Арыстандай күшің болса да, құмырсқадай ісің болсын» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл сөздің түп-төркіні - қанша мықты болсаң да тырбанып, тынымсыз еңбек ет дегенді білдірсе керек. Осы сөздің толықтай үдесінен шығып келе жатқан Тілектес апаның да алдағы уақытта жоғары асуларды бағындырып, армандары орындала берсе деген тілегіміз бар.