Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы ұсынған дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда облыс аумағында Ұлы Отан соғысына қатысқан 12 майдангер болса, 4 092 тыл ардагері бар екен. Бүгін жүз жасқа толып отырған Қалмен Мұратұлы – сол санаулы көзі тірі соғыс ардагерлерінің бірі.
Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылында тұратын қарияны арнайы құттықтап бардық. Өмірінің 35 жылын Арыс пен Бадам аралығындағы темір жол бойында өткізген, ғасырмен құрдас ақсақал ширақ екен, өзі алдымыздан шығып амандық сұрасты. Өзі еркін жүріп-тұрғанымен қоймай, суретке түсердің алдында үлкен келіні Қызжібекке «Әй келін, кәстөмімнің қыртысын жазып, түймесін қадап бер» деп бұйрық беріп жатты...
Бүгінде Қалмен ата – мәуелі бәйтерекке айналған тау тұлға. Өзінен тараған 6 ұл, 2 қызынан бүгінде 35 немере, 72 шөбере сүйіп отыр екен. Темір жолда еңбек етіп, зейнетке шыққан үлкен ұлы Жақыпқа дейін Қалмен атамыз бен Ұмсын анамыздың 8 перзенті шетінеп кеткен екен. Ақсақалдың айтуынша, Арыс төңірегіндегі айтулы әулие Ақын Жақыптың кесенесіне түнеп, Құдайдан тілеп жүріп, кейінгі 8 перзентін құшағына басқан. Өкінішіке орай 16 құрсақ көтерген Ұмсын анамыз 1995 жылы жол апатынан қайтыс болыпты.
Үлкен отбасын асырап, ұл-қызын жетілдіру үшін Қалмен атамыз аянып қалмапты. Алдымен Арыс вагон депосында, кейіннен Бөген станциясындағы мекемелерде 1984 жылға дейін тер төгеді. Қызығы сол, бүгін зейнетке шыққанына да тұп-тура 40 жыл толып отыр екен.
1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде 8-класты бітірген бозбала Қалмен әскер қатарына шақырылады. Әуелі Семейдегі Аягөз қаласында командирлік курста 6 ай оқып, сержанттық шен алады. Сол жылдың желтоқсан айынан бастап 1943 жылдың қазан айына дейін Аягөз маңындағы Сергиополь қалашығында жауынгерлерді соғысқа даярлау, оқу-жаттығу курсынан өткізумен айналысады. Ал қараша айында бірінші Беларусь майданында соғысқа қатысады. Кейіннен Витебск қаласының маңында болған кескілескен шайқаста жараланып, госпитальға түседі.
«Біз Беларусь фронтына келгенде Ржев сияқты қалаларды немістер басып алған екен. Жаяу әскер болсақ та жауды шегіндірдік. Мен майданда минометпен жүретінмін. 1944 жылдың ақпан айында соғыс алаңында екі жерден жараландым. Бір оқ білезік буыныма тиіп, ал екінші оқ сұқ саусағымды жұлып кетті. Дзержинский қаласындағы эвакуациялық госпитальде 2 айға жуық жатып, дәрігерлердің №336 шешіммен «ІІ топтағы мүгедек» атанып елге қайттық. Қырық жыл теміржолда тер төгіп еңбек еттік, бала-шаға өсірдік. Құдайдың осы күнді көрсеткеніне мың да бір шүкіршілік етемін», – дейді жүз жасты еңсерген қарт майдангер.
Бөген ауылында тұрып жатқан қарияның кенже ұлы Батыр Қалменұлының өзі 56 жасқа аяқ басқан. Әскерилендірілген теміржол күзетінде қызмет ететін ол жұбайы Манзура екеуі бес баласы мен қарт әкелерінің күтімін жасап келеді. 8-сыныпта оқитын немересі Көркем газет-журнал, қызықты кітап оқып береді екен. «Ел аман, халық тыныш болсын! Жүз жасаған жақсы, ал адал өмір сүріп, абыройлы болған бәрінен де жақсы, шырақтарым» деп қоштасты бізбен абыз ақсақал.
Нұрлыбек Досыбай
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"