Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазпошта» АҚ қызметкерлерін 30 жылдық мерейтойымен және Дүниежүзілік пошта күнімен құттықтады. Құттықтауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев оқыды.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде «Қазпошта» АҚ-ның мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асырудағы және өзінің дамыған инфрақұрылымы есебінен шағын және орта бизнесті қолдаудағы рөлінің айрықша екенін атап өтті.
«Ғасырлар бойы батыс пен шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы біздің еліміз арқылы өткені мәлім. Бүгінде Қазақстанның Еуразияның транзиттік торабы, логистикалық хаб ретіндегі рөлі едәуір артып келеді. Осы тұрғыда мыңдаған қызметкері бар «Қазпошта» ұжымы еліміздің көлік және логистика әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенемін», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ іс-шара барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың құрмет грамоталары табысталды. Салтанатты марапаттауға Қазақстанның барлық өңірлерінен «Қазпошта» өндірістік персоналының 50 үздік қызметкері қатысты.
Мерекелік іс-шара аясында «Қазпошта» АҚ-ның 30 жылдық мерейтойына арналған маркаға салтанатты түрде белгі соғылды. «Қазақстан поштасына 30 жыл» тақырыбындағы «Ұмытылмас және мерейтойлық даталар» сериясының төрт маркалы пошта блогын пошта айналымына енгізудің мерекелік рәсіміне ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысты.
Салтанатты марапаттаудан кейін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова компания қызметкерлеріне осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктері, еңбегі мен табандылығы үшін алғысын білдірді.
«Отыз жыл бұрын біздің компания Қазақстан Республикасының ұлттық пошта байланыс операторы ретінде өзінің дербес жолын бастады. Отыз жылда Қазпошта көпфункционалды және заманауи компанияға айналды, Қазақстанның бәсекелестік нарығына және халықаралық пошта қауымдастығына интеграцияланды. Біз күрделі тарихи және қиын-қыстау кезеңдерде жұмыс істей алатынымызды дәлелдедік. Біз әрқашан Қазақстан халқының қасынан табыламыз», – деді Әсел Жанасова.