Главная Новости «Мина іздеген сапердей». Зертханашы Фарида
11 қараша 2020, 08:24 1155

«Мина іздеген сапердей». Зертханашы Фарида

«Мина іздеген сапердей». Зертханашы Фарида

Фариданы мұнай саласына химия, биологияға бейімдігі алып келді. Бала күнінен кез-келген нәрсені сағаттап зерттеуге бар. Мектеп бітірісімен «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыс цехіне химиялық талдау лаборанты болып орналасты. Осылайша, шебірлік бойжеткеннің мұнай саласындағы қызығы мен шыжығы мол еңбек жолы басталды.

Фарида Әбиева 1968 жылы Маңғыстау ауданы, Шебір елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі Қалдыбай Әбиев еңбек ардагері, үшінші дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегері, чемпион тракторист болған кісі.

Оң-солын әлі танып үлгермеген Фаридаға кәсіпшілікте бәрі қызық көрінетін. Өндірістік цехтегі жұмысты ауырсынған жоқ. Жас болған соң шығар, оның үстіне тәлімгерлері де осал болмады. Бойжеткенге жөн сілтеді, жұмыстың қыр-сырына үйретті, тек қызмет барысында ғана емес, өмірлік ақыл-кеңестерін айтты. Содан шығар, ол болашағын осы саламен байланыстыруға бел буған.

«Көз майын тауысып пробирка, колбаға үңіле қараған зертханашы мина іздеген сапердей, оған қателесуге болмайды. Біздің жұмыста асығыстық жасап талдау нәтижесіне немқұрайды қарамай мол шыдамдылық, зор ыждағаттылық танытқан дұрыс, – дейді Фарида Қалдыбайқызы. – Менің лайықты маман ретінде қалыптасуыма лаборант Айсулу Таспаеваның жәрдемі тиді. Ол кісіні ұстазым ретінде құрмет тұтамын. Өйткені, алғаш жұмысқа орналасқанымнан осы күрделі мамандықтың бар қыр-сырын жалықпастан үйретті»

Фарида Әбиева өндірістен қол үзбей жүріп мамандық иесі атанады. Химиялық талдау зертханасының ыстық-суығынан өтті. Алдына келген жас мамандарға қолынан келгенінше бағыт-бағдар берді, тәжірибесімен бөлісті. Өзі де ізденді, шыңдалды. Химиялық талдау лаборанты болып істеген отыз бір жыл ішінде алған қаншама «Алғыс хаттары» мен марапаттары бар, 2019 жылы өз саласының үздігі атанып, «Үздік маман» титулын иеленді.

Фарида отбасында төрт қыз, бір ұлдың арасында өсті. Бауырлары мен баласын өмірінің басты байлығы санайды. Өмірде бар  қиындықты нәзік болмысымен, кіп-кішкене иығымен мойымай көтере біліп, олардың барлығының жоғары білімді маман болып шығу жауапкершілігін өз мойынына алды. Бүгінде барлығы да жоғары білімді мамандар, әр салада қызметтерін атқарып жүр. Өз отбасыларын құрған, балалы-шағалы азаматтар. Фариданың өзі  жалғыз ұлынан өрбіген екі немересін қызықтауда.

Кейіпкеріміздің шынайы келбетін бір ауыз сөзбен өрнектеуге болады – қызметіне адал, қарапайым, болмысында нағыз қазақылықтың қаймағы бар, ең бастысы, өз ісінің білікті маманы.

Лаура Жолдыбаева

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: