Главная Новости «Молдабайдың әнінен» «Қызыл каскаға» дейін... (фото, видео)
12 наурыз 2019, 11:09 2883

«Молдабайдың әнінен» «Қызыл каскаға» дейін... (фото, видео)

«Молдабайдың әнінен» «Қызыл каскаға» дейін... (фото, видео)

Өндірісте өнерлі жастар көп. «KEGOC» компаниясының қазыналы Қарағанды өңіріндегі жас еңбеккері Алмат Қордабаевтың ұжымдастарын сүйсіндірген дарыны осыған айқын дәлел. Талай талант түлеп ұшқан Жаңаарқа жерінің тумасы қолына домбыра алса, қиялына қанат бітіп, қыран бүркіттей дүр сілкінеді.

Соңғы рет аталған Ұлттық компанияның Ақпараттық күні аясында еңбек қорғау мен оның қауіпсіздігін сақтауға шақырған креативті байқауда жарқ еткен кейіпкеріміз бұған дейін де ерекше өнерімен танылып, қоғам назарын аударған.

«Байқауға ұсынған «Қызыл өрік» әуені негізіндегі «Қызыл каска» әні сайын далада электромонтер ретінде жоғары кернеулі әуе желілерін тексеріп жүргенде, жұмыс арасында әріптестерімнің көңілін көтеру мақсатында туындаған еді. Қызмет барысында ажырамас досқа айналған бұл кісілер нағыз адал жанкүйерлерім десем де болады, - деп жалғастырады әңгімесін Алмат. - Түскі асқа 3 бригада жинала қалып, Нұра аймақтық торабындағы шебер Мейрамбек ағамыз домбыра ұстата қойды. Қалғандары қостап, ән шырқап жіберуімді өтінді. Жылжымалы жатақхананың сатысына мінгенім сол-ақ, жан-дүнием сайрап қоя берді. Телефонға түсірілген бейнебаян лезде «Уатсап» мессенджерінде тарады. Әлеуметтік желіде 50 мыңнан астам рет қаралғанын кейін білдік. Нәтижесінде «Қазақстан» арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы маған іздеу салды. Бүгінге дейін телевидениеге бірнеше рет шығып үлгердім».

Осылай өткенді шолған «желі жұлдызы» әкенің өнерге деген махаббаты мен тәрбиесі алға жетелегенін айтады. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері ұйымдастырған домбыра үйірмесіне қатыса бастаған.

«Әкем бөлме ортасында орындыққа отырғызып қойып, терме тыңдауды жақсы көретін. Дайындығыма мұқият көңіл бөлетін. Содан 8-9 сыныптарда музыкалық мектеп ашылып, аудандық, облыстық деңгейде «Күй қайнары», «Ұлытау үні» сияқты жарыстарда бақ сынадым. Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлікпен өнерден қол үзуге тура келіп, әкемнің балалық шақтан құлаққа құйған инженер болсын деген арманының қарқынымен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде электр энергетикасына грантқа оқыдым», - дейді табиғатындағы қарапайымдылығынан айнымаған Алмат.

Серік Оспанов, Бекболат Тілеухан тәрізді жерлес-өнерпаз қайраткер ағаларына еліктеп шыңдалған ол, оқу бітірген соң еңбек жолын Балқаш қаласында бастайды.   

«Тойларды ән мәтінін ұмытып, домбыраны бабына келтіре алмай біраз қызық болды. Бірақ біртіндеп қобалжу азайып, халықтың сенімін сездім. Жұмыста да домбыраны қасымнан тастамай, қол босағанда иен далада әнді еркін сілтейсің ғой. Әріптестерім «осы сен электр желілеріне көтерілгенде ән айтпашы, әйтпесе Құдай сақтасын не тоққа түскеніңді, не өлеңдетіп жатқаныңды айыра алмай шатасып қалармыз» деп күлетін. Наурыз мейрамында белсенділігім мен аз-кем еңбегімді бағалап, қарамағына ауыстырған «KEGOC» АҚ Қарағанды филиалының басшысы Тұяқов Төлеу Ақанұлына алғысым зор», - деп қайырды бүгінгі таңда мойнына инженерлік міндет жүктелген Алмат Қордабаев.

Алматтың құйқылжыта орындаған «Молдабайдың әнін» біз де тамсана тыңдап, құлақ құрышын қандыра «Бәрекелді!» дедік (төменде – 46 минуттан).

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Молдабайдың әні
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: