Главная Новости Мұнай-газ химия саласында іргелі жобалар жүзеге асырылуда - Асхат Хасенов
03 қыркүйек 2024, 16:00 623

Мұнай-газ химия саласында іргелі жобалар жүзеге асырылуда - Асхат Хасенов

Мұнай-газ химия саласында іргелі жобалар жүзеге асырылуда - Асхат Хасенов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту бағыттарында бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

«Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет. Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр», - деді Президент жолдауында.

Бұл бағытта жасалып жатқан ауқымды жұмыстар мен іргелі жобалардың жүзеге асуы туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасенов жуырда «Хабар» арнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында жан-жақты айтып берген болатын, деп хабарлайды Kazinform.

Асхат Хасеновтің сөзінше, мемлекет мұнай-газ химиясы саласының дамуына ерекше назар аударып отыр. Өйткені бұл міндет еліміздің шикізат экспортына тәуелділігін азайтып, экономиканы әртараптандыру жоспарына сай келеді. «ҚазМұнайГаз» тәрізді энергетикалық компаниялар үшін бұл келешегі зор бағыт деуге болады. Инвестиция тұрғысынан да тартымды. «ҚазМұнайГаз» қазіргі кезде өз мұнай-газ-химия кешенін қалыптастыру үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр екен. Бұл компания үшін ғана емес, еліміз үшін де жаңа өсу нүктесі деуге болады.

Мәселен, 2022 жылдың күзінде Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. газ-химия кешені іске қосылған. (KPI) Теңіз пропанынан полипропилен өндіру қуаты – жылына 500 мың тонна. Тіпті біздің макроөңірде бұл өте үлкен өндіріс болып саналады.

«Аса заманауи, толық цифрландырылған және экологиялық таза кәсіпорын іске қосылғаннан кейін, бұған дейін 50 мың тоннаға жуық полипропилен импорттаған республиканың ішкі нарығы бірден жанданды. Қазір Қазақстанға шетелдік полипропиленнің импорты күрт төмендеді, бұл ретте отандық KPI зауыты өнімдерінің ішкі нарықтағы үлесі 50%-ға жетті, яғни жылына шамамен 25 мың тонна полипропилен отандық өндірушілерге жеткізіледі», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы сұхбат барысында.

Оның айтуынша, зауыт өнімдерінің негізгі бөлігі өз кезегінде экспортталады. Өйткені, ұлттық компанияға бизнесті әртараптандырып, шикізат қана емес, дайын өнім сату туралы тапсырма берілген. Осылайша, полипропилен газдан 15-20 есе қымбат тұрады. Тиісінше, оны неғұрлым көп сатса, соғұрлым қазақ экономикасына қосымша пайда түспек.

Сонымен қатар, Асхат Хасенов мұнай-химия саласындағы басқа да жобаларға тоқталды.

«Бұл - қомақты капиталды қажет ететін сала. Бүгінгі күні бізді қоршаған дүниенің барлығы дерлік полипропиленнен жасалған: кілемдерден құбырларға дейін»,-деді ол.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы көптен күткен тағы бір жоба – полиэтилен өндіретін кешеннің құрылысына кеңінен тоқталды. Оған салынған инвестиция, оның ішінде ГСК (Теңіздегі газ бөлу кешені) құрылысы шамамен $11 млрд құрайды. Жобаның ІЖӨ-ге қосатын үлесі 1,2% құрайды. Ал құрылыс кезеңінде 8 мың жұмыс орны және пайдалану кезінде 800 жұмыс орны ашылады. Жаңа кешеннің ауқымы өте үлкен.

Жалпы, бұл бағыттағы кешендер техникалық жағынан күрделі жобалар, бірақ экономикаға қосатын үлесі орасан. Оған қоса мамандарды даярлау және материалдық-техникалық жабдықтауды дамыту мәселесі де бар.

"ҚазАқпарат" агенттігі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: