Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстан мұнай өндірісі тарихында саладағы тұңғыш әйел басшы болған Балжан Жұмағалиеваның өз қолтаңбасы бар. Ол ғұмырының 60 жылын мұнай кәсіпшілігіне арнаған. Анасының өмір мен еңбек жолы туралы қызы, бүгінде 83 жасқа келген Сәуле Измайлова әңгімелеп берді.
«ҰЯДА НЕ КӨРСЕ – ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕДІ»
«Әкем де, анам да – нағыз еңбек адамдары еді. Жұмысқа деген жауапкершіліктері соншалық, оларды үйде сирек көретінбіз. Түнде жұмыстан келеді, таңертең мектепке оянғанымызда олар көбіне үйде болмайтын. Жұмысқа жауапкершілікті мен ата-анамнан үйрендім», – деп бастады әңгімесін Сәуле әжей.
Сәуле Измайлова
Балжан Жұмағалиқызы 1917 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол көп нәрсені жаңалыққа жаны құмарт өз әкесінен үйренген.
«Әкем Жұмағали Досмұхамбетов шаруашылықпен айналысқан қарапайым шаруа болатын. 1921-1929 жылға дейін Доссор мұнай промыселындағы бұрғылау бригадасының масленщигі болды. Кейін «Ембімұнай» тресіне қарауылшы қызметіне ауысып, 1946 жылы зейнеткерлікке шықты».
(Балжан Жұмағалиқызының естелігі, «Мұнайшы қыздар – нар қыздар» кітабынан үзінді)
Балжан Жұмағалиқызы 1936 жылы Гурьев мұнай техникумының геологиялық факультетін қазақ қыздарының ішінде алғашқылардың қатарында бітіріп, техник-геолог атанды. Берілген жолдама бойынша ол Ескене мұнай кәсіпшілігіне ұңғымаларды пайдалану жөніндегі геолог ретінде жұмысқа келіп, еңбекке құлшына кірісті. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, күнделікті жұмысын жаңалықпен толықтырып отырды.
Өзі Ескенеде болса, жолдасы Ғазиз Измайлов партияның ұсынысы бойынша Жылыой аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан КП Мақат аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, Мақат аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді. Соғыстың қиын-қыстау кезінде әбден жұмысқа төселіп, ысылып қалған Балжан үшін ерлермен бірге қызмет ету күнделікті үйреншікті жұмысына айналады.
КҮНІНЕ – 12 САҒАТ ЖҰМЫС
Ұлы Отан соғысы басталған жылы Балжанның өзі майданға аттанған ерлердің орнына қажыр-қайратымен барынша жауапты қызмет етуге сұранады. Сөйтіп, оны жаңадан ашылған Сағыз мұнай кәсіпшілігіне шебердің көмекшісі етіп жібереді. Кейін шебердің өзі соғысқа аттанып, Балжанды шеберлікке ұсынды. Ел басына күн туған шақта күніне 12 сағат жұмыс істеп, бар күш-жігерін тек қана ел игілігі үшін жұмсайды.
«Анам күні-түні үй көрмей, жауында да, қарлы боранда да учаскедегі ұңғымалардың ақауларын жөндеп, қалайда іске қосатыны есімде қалыпты. Тіпті болмаса, жөндеуші адамдарға үйден тамағын алып, «Азық-түлік менде. Киіміңді ки де, жұмысқа жүр» деп ерте жөнелетін. Сонда күннің қай мезгілі болса да, уақытпен санаспайтын. Тіпті, ауылда жарық өшіп қалса да, қарап тұрмай, қалпына келтіру жұмысына кірісіп кететін еді, – дейді Сәуле Измайлова. – Ал әкемнің құрылыс-монтаждау жұмысында жүргені есімде. Сұрапыл жылдары тамаққа берілетін карточкаларды үлестірген екен. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғандықтан, бәріне бірдей қарап, ортақ тәртіпке сай тең таратып отырған. Кейін комиссия тексергенде әкемнің әділдігіне таңданыс білдіріпті».
«Соғыс жылдары сапалы отынға сұраныстың үнемі артуына, жалпы алғанда, мұнай өндіру және мұнайды қайта өңдеу салаларының қарқынды дамуына түрткі болды. Қазақстандық мұнайшылар КСРО-да алғашқы болып мұнайды қайталама әдіспен өндіруді меңгерді. Республика мұнай өндіруден КСРО-да Ресей Федерациясы мен Әзербайжаннан кейінгі үшінші орынға шықты. Сөйтіп, күнделікті жоспарды артығымен орындап, айлық жоспар, жылдық жоспар ретінде де өзгелерден алда болдық. Соғыс жылдары Сағыз промыселындағы ең алдыңғы қатарлы учаскенің бірінен саналдық».
(Балжан Жұмағалиқызының естелігі, «Мұнайшы қыздар – нар қыздар» кітабынан үзінді)
ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДАҒЫ ЕКПІН
1944 жылы Балжан Жұмағалиева Доссор кәсіпшілігінің мұнай өндіру жөніндегі бастығы болып тағайындалады. Қызметке кірісе салысымен бұрынғы еңбек ету қалпын бұзбастан, оны еселетіп, еңбек көрігін қыздыра түседі. Оның басшылық қызметте еңбек етуі көп ретте тез шешім қабылдап, қажетті орында қажетті құралды пайдаланып, мұнай өнімін молайтып қана қоймай, оның қорға кері әсерін тигізбейтіндей етіп өндірілуіне көп үлес қосты.
1945-1951 жылдар аралығында Балжан Жұмағалиева Доссор мұнай-газ өндіру басқармасында бөлім бастығы, директордың орынбасары, екінші әдіс жөніндегі инженер қызметтеріне дейін көтеріледі. Әрине, мұндай жауапты істердің оған тапсырылуы тектен-тек емес. Бұл жұмыстардың қыр-сырын меңгеруі және уақытылы дұрыс шешім қабылдай білуі өндірісті ұйымдастырушы басшылардың сенімін туғызады. Еңбекқор Балжан Жұмағалиқызының елді есеңгіреткен соғыс жылдары белін бекем буып, жауапты жұмыстарды сапалы атқаруы ерлікпен пара-пар.
ДОССОРДАҒЫ ӘЙЕЛ ДИРЕКТОР
1959 жылы Доссор-Мақат учаскелеріне ауысып, 1962 жылы облыстық партия комитетінің хатшысы Нұртас Оңдасынов өз ісіне адал берілген Балжанға сенім артып, Доссордағы кәсіпшіліктің директорлығына шақырады. Сол кездегі қалыптасқан тұрмыс үрдісіне қайшылау болғандықтан ба, оны көп адам қолдай қоймайды. Әйел басшыға деген сенімсіздік білдірген кейбіреулер жұмыстың жақсарып кетеріне сене қоймайды. Бірақ, басшы әйел бай тәжірибесінің арқасында еңбек майданының алғы шебінде жүреді.
Доссор кәсіпшілігінің директоры болып жасаған 8 жылда ол қазақ қыздарының мәртебесін, абыройын көтере білді. Өйткені, олардың әрқайсы жігіттермен иықтаса жүріп, өндірістің маңызды учаскелерінде табысты еңбек ететін.