Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жуырда Маңғыстау мұнай саласының үздігі Көшербай Әлібаевтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай, Көшербай Әлібаевпен қызметтес болған ардагер мұнайшылар мен замандастары қатысты.
Өлке өндірісіне дем берген мұнай саласына бар ғұмырын арнаған Көшербай Әлібаевқа арналған ескерткіш тақтасының ашылу рәсіміне жиылған жұртшылықтың қарасы көп болды.
– «Адамдар әділ болса өмір әрқашан әділ» деген сөз бар. Еңбек жолын сонау өзі туып-өскен Түпқарағаннан бастап, Маңғыстау мұнайын игеруге бар жастық жігерін арнап, күш-қуатын сарқа отырып қызмет еткен Көшербай ағамыздың тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылуының мән-маңызы зор. Елге еңбегі сіңген ағаларымыздың өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, насихаттау – ең үлкен мақсат. Осы игілікті істің іске асуына атсалысқан барша азаматтарға, ұрпақтарына алғыс айтамыз.
Ағаның ескерткіш тақтасы құтты болсын, - деді қала әкімінің орынбасары Ә.Байпақов. Ескерткіш тақтасын Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай мен мұнайшының ұлы «Қаламқасмұнайгаз» АҚ кешенді мұнай дайындау және өткізу цехының бастығы Өркенбай Әлібайұлы салтанатты түрде ашты.
– Қадірлі қонақтар. Асыл ағамызды еске алып, мәңгілік ұрпақ жадында қалдыруға арналған ескерткіш тақтасы құтты болсын. Көшербай ағаның еңбегі ерекше еленіп, жоғары баға алған. Мен «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының әлеуметтік саласына жетекшілік еткен кезімде ағамызбен талай пікірлес болған едік. Ағамыз қандай құрметке де лайық, асыл азамат еді. Көзі тірісінде де үлкен құрметке бөленген. Бүгінгі ұрпақ та ұмытпауы тиіс деп білемін. Ағамыздың иманы жолдас, рухы шат болғай. Ұрпақтары өсіп-өне берсін. Мына ескерткіш тақта болашақ буынға үлкен үлгі-өнеге болсын. Ұлы азаматтарымызды ұлықтайық, - деді Аманжол Қартбай.
Көшербай Әлібайұлы Форт-Шевченко қаласындағы Киров атындағы орта мектепті бітірген соң, Гурьев мұнай техникумына түсіп, 1962 жылы тәмамдайды. 1958-1996 жылдардағы еңбек жолы Маңғыстаудың мұнай өндіру саласымен тығыз байланыста болды. «Өзенмұнайгаз» өндірістік басқармасында өндіру операторы, шебер, №3 бұрғылау цехының бастығы, шебер, 5-дәрежелі бұрғышы болып, еңбек еткен. «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі «Комсомолскнефть» өндірістік басқармасында мұнай және газ өндіру операторы қызметтерін атқарған.
Көшербай Әлібайұлы жайында замандас, жолдастары өз естеліктерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. «Көшербаймен бірге оқып, қатар есейдік. Жастай спортпен айналысып, әр кездері туған жеріміздің абыройын бірге қорғадық. Оның мұнай игеруде ерекше еңбегі сіңген мұнайшы екенін мұқым ел түгел біледі. Еңбегімен ел алдында үлкен абыройға бөленген азаматтың атын ардақтап, таныта түскен ескерткіш тақтасының ашылуына үлес қосқан азаматтарға замандастары атынан зор ризашылығымды айтамын», - деді сыныптасы Асылбек Айдаров.
Көшербай Әлібайұлы еселі еңбегі және мұнай өндіру саласына қосқан сүбелі үлесі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек қызыл ту» ордендерімен наградталған. «Еңбек ардагері» медалінің иесі. «Ерлік еңбегі үшін», «Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен марапатталған. Сондай-ақ «КСРО Мұнайгаз өнеркәсібінің озаты», «Маңғыстау мұнайына 50 жыл» төсбелгілерін алған. Көшербай Әлібаев 2016 жылдың қазан айында өмірден озды. Ұлдары Өнербай мен Өркенбай бүгінде әке жолын жалғастырып, жергілікті мұнай өндірісінде қызмет етеді. Көшербай Әлібайұлының еткен еңбегі мен мұнай игеруде жасаған ерлігі тарих беттерінде қатталды. Елін сүйген еңбек иесінің үйіне орнатылған ескерткіш тақтасы «өткенге салауат – келешекке аманат» болып қалады.