Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Айсұлу Таспаева – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының зертханашысы.
Әкесі Жайман аға жұмыста қалай талапшыл болса, отбасына, балаларына да сондай талап қоятын. Ұл-қызын еңбекке, адалдыққа, тәртіпке баулыды. Әкелері жұмыстан келетін уақыт жақындағанда, отбасындағы шүпірлеген он екі баламен қоса, анасы да бәйек болып отағасының қасы мен қабағын бағатын. Мұнайшылар жатақханасының вахтері болып қызмет еткен анасы Сәнзира отбасының ахуалын бірқалыпты ұстаушы еді.
«Әкем ортасына ықпалы бар, сөзі жүретін, жан-жағындағы ағайын-тума, ұжымдастар мен бала-шағасы үшін зор бедел иесі болды. Ұрпақ тәрбиесіне орасан зор мән берді. Әке өнегесінің пайдасын, оның отбасындағы ешқандай жағдай, ешбір күш шайқалта алмайтын беделі туралы сағаттап айта аламын. Біз үшін осындай даңқты мұнайшының баласы деген атты алып жүру әрі үлкен сын, әрі үлкен мақтаныш болды», – деп еске алады Айсұлу.
Сондай отбасында тәрбиеленген Айсұлу Жайманқызы да әкенің жол көрсетуімен, нұсқауымен орта мектепті бітіре сала, небары 17 жасында еңбекке араласты. «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындағы ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехындағы зертханаға оқушы-үйренуші болып орналасты. Бірлігі жарасқан тату, білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері, кәсіби қызметкерлер еңбек ететін ұжым жас маманды мейлінше еңбекке баули білді. Соның ішінде Галина Бухвалованы ұстазы ретінде зор құрмет тұтады. Осы ұжым берекелі құтты шаңырақ болып, он жылдан астам жас маманды ширатты, зертхана қызметінің қыры мен сырына әбден үйретті.
1981 жылы қазыналы қарашаңырақ Қаламқасқа ауысты. Бүгінде Айсұлу Жайманқызы еңбек ететін ғылыми-зерттеу және өндірістік жұмыстар цехындағы химиялық анализ зертханасын нағыз тәжірибе алаңы деуге болады. Мұнда зертханашылар мұнайдың құрамындағы тұзды, суды, топырақты айырып, сапасын анықтайды. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамына өткізуге дайындалатын мұнайдың құрамындағы компонеттерді ажыратады. Яғни, тұздың деңгейі 100 миллиграмнан, судың деңгейі 0,5 пайыздан аспауы керек. Осылайша зертханашыларымыз мұнайды тапсырудың тоқтаусыз процесіне өз үлестерін қосуды жалғастыруда. Цех заманауи жабдықпен жабдықталған және осында жұмыс істейтін әріптестерге толыққанды еңбек ету үшін барлық жағдай жасалған.
Айсұлу үшін Қаламқастан ыстық жер жоқ. Өмірінің ең аяулы сәттерінің куәсі болғандықтан шығар, мұнда сағынышты естеліктері бар. Жылдар бойы табанды тынымсыз еңбегінің куәсіне айналған мекен – Қаламқаста болашақ жан жарын кездестірді. Өтеген Абдрахмановпен танысып, шаңырақ көтерді. Сол шаңырақтан өрген 4 ұл-қыздың барлығы жоғары білімді, өз саласының білікті мамандары, отбасылы, бала-шағалы азаматтар. Барлығы да шаңырақта қалыптасқан тәртіптің, тәлім-тәрбиенің арқасында осы күнге жетіп отыр.