Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Тіршіліктің тамыры еңбекте екенін ұққан халқымыз ертеден еңбек адамдарын ерекше бағалайды. Өндіріске екпін берген біздің өңірде де үлгі етер еңбек адамдары жетерлік. Солардың бірі – бір цехта, бір қызметте еңбек етіп, спортта да Компания намысын қолдан бермей жүрген қос бауыр, теңбіл доптың теңдессіздері Наурызбек пен Аманбек Коңырбаевтар.
Мақала кейіпкерлері – егіздер «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №1 мұнай және газ өндіру цехында оператор болып еңбек етеді. Олардың туылу уақытының айырмасы жарты сағат. Кей кездері әріптестері екеуін бір-бірінен айыра алмай қалатын сәттер болады.
Ағайынды Қоңырбаевтар 1973 жылдың 16 наурызында, Краснаводск қаласында дүниеге келді. 1977 жылы Маңғыстауға оралған отбасы, Жетібай кентіне қоныстанды. Көп ұзамай отағасы теміржол саласына жұмысқа орналасып, балаларын мұнайшылар кентіндегі орта мектепке береді. Бір ұлдан соң дүниеге келген қос қуаныштарына әке ілтипаты ерекше болды. Жан-дүниесі спортқа жақын ол, балаларын жастайынан футболға баулиды.
«Спортқа келуімізге әкеміз себепші болды. Кішкентай кезімізден тентектігімізді басу үшін күшімізді балаларға емес, доп теуіп алаңда шығарыңдар деп, 10 жасымыздан бастап спортқа әкелді», – деп есіне алды Аманбек аға.
Қос футболшы жасөспрімдер мен жастар арасында бақ сынаған барлық дүбірлі додада топ жарып өсті. Бүгінде ересектер арасында да үмітті ақтап жүр.
«Наурызбек пен Аманбек Қонырбаевтардың марқұм әкелері Тезекбай ағай футбол жанкүйері болған кісі. Үлкен ұлы Амангелді де футболшы болған, қазіргі таңда Астраханьда футболдан жаттықтырушы. Егіздер бала кезден ауылдағы құрама командада айшықты ойын көрсетіп өсті. Ауданның атынан Халықаралық жарыстарға да қатысты. Ұжымға келгелі бері өзіндік қолтаңбалары бар компаниямыздың беделді ойыншылары. Тіпті көрермендер олардың ойынын тамашалауға келетіндей», – дейді кенорнындағы спорт нұсқаушы Ықылас Жарылғасов.
1991 жылы Украина жерінде екі жылдық борыштарын бірге өтеп келген егіздердің еңбек жолдары да бір салада өрбіді. Тіптен, бір күнде отау көтерген олар өрт сондіруші болып та, теміржолшы болып та бірге еңбек етті. Осыдан жиырма жыл бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қауіпсіздік қызметіне күзетші болып қабылданған жастар сол сәттен бастап өз өмірлерін мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстыруға белді бекем буады. Аға күзетші, жүргізушілік қызметтерді атқарған Қоңырбаевтар ұжымда еңбекқорлықтарымен елене бастайды.
Жұмыстан шыққан бойда спортзалға жүгіріп, футбол ойнаған оларды салиқалы әріптестері кейбіреулер құсап арзан кафелерге немесе қуыс-қуысты паналап, «шаршағанды басамыз» дегенді сылтауратып ащы суға әуестенгендер қатарында болмағаны үшін де қатты сыйлайтын. Ерінбеген еңбектің алғашқы нәтижелері де спорт жағынан көріне бастайды. Мұнайшылар арасында өткен футбол жарыстарынан бірнеше дүркін жеңімпаз болып, кәсіпорынның даңқын көтереді. 2018 жылы «Жетібаймұнайгаз» ӨБ, №1 мұнай-газ өндіру цехына 3-дәрежелі оператор болып ауысқан олар бүгінде ең күрделі деген операторлық операцияларды еркін меңгерген, цехтағы беделді мамандар.
«2018 жылы қауіпсіздік қызметінен цехымызға ауысып келген Наурызбек пен Аманбек Қонырбаевтар өте қарапайым, еңбекқор азаматтар. Мұнайшыларға артылған жүктің ауырлығына қарамай, қызметтеріне етене аралысып кетті. Өз міндеттерін адал атқарып қана қоймай, цехымыздың абыройын асқақтатып жүрген спортшылар», – деді №1 мұнай-газ өндіру цехының бастығы Ержан Ишанов.
Ағайынды Қоңырбаевтар өмірде ұяң, бірақ ішкі қуаты берік азаматтардан. Екеуі де бес бала тәрбиелеп отырған ардақты әкелер, немерелерінің сүйікті аталары. «Біздің ұжым ұйымшыл, жұмыс қызу қарқынды, еңбекақы уақытылы. Еңбек етуден тайсалмаймыз, ең бастысы төзім. Спортта да бір футболмен шектелмей, волейбол, стол теннисіне де уақыт тауып жүрген жайымыз бар» дейді мұнайшы ағалар. Осыған қарап «жігітке жеті өнер де аз» деген мақалды еске аламыз. Адам толық қалыптасуы үшін де бір өнерден екіншісіне ұмтыла беруі керек қой. Біз олардың биік армандары мен мақсаттарының орындала беруін тіледік.