Главная Новости «Мұнайлы өлкенің» нумизматигі
15 қараша 2021, 14:05 1130

«Мұнайлы өлкенің» нумизматигі

«Мұнайлы өлкенің» нумизматигі

15 қараша. Төл теңгемізге 28 жыл толады. Тәуелсіздіктің туын алып, Әл-Фараби, Сүйінбай, Абай, Құрманғазы, Әбілқайыр хан, Абылай хандардың, кешегі шоқтығы биік Шоқандарды төл теңгеміздің төріне шығарып, бөркімізді аспанға атқанымыз кеше еді,ә?! Өзім секілді, 1988 жылы Желтоқсанда туған ұрпақтың жадында болар, қазақтың қаймақтары шыққан қағаз ақшаны, ұлылардың аманатындай көріп, менде Абай көп, менде Сүйінбай, менде Құрманғазы деп қуанатын едік. Тәуелсіздіктен тәбәрік боп жеткен теңгеміз талай өткелектерден аман шықты.

– 1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ұлыбританиядағы Harrison & Sons отбасылық типографиясында басылған банкноттар Лондоннан елге бір апта тасымалданды. Елімізде теңге айырбастау 1993 жылы 15 қараша таңғы сағат 8-де басталып, тұп-тура 5 тәулікке созылды. Осынау тарихи қадам біздің дербес экономикалық бастамаларымызға, өзіндік қаржы саясатын жүргізуімізге жол ашты. Ең бастысы, елімізге толыққанды тәуелсіздік сыйлады, – дейді Ұлттық банкті 1992-1993 жылдары басқарған Ғалым Байназаров өзінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

Төл теңгеміздің тарихын парақтағанда саяси сәттерді санамызда қайта жаңғыртып, ұжым арасынан теңге күніне қатысты тың дерек, қызықты мәлімет іздедік. Не дегенмен, ел қазынасына қара алтын құйған компанияның қаржы жүйесін басқаратын білікті мамандарды аталған мереке айналып өтпесі анық қой. Әріптесім, "Мұнайлы өлкенің" дизайнері Ербол Айтбаевтың нумизматик екенін білгенде көктен іздегенімді жерден тапқандай қуандым.

Нумизматика, бонистика, фалеристика, филателия деген терминдерді естуіңіз бар шығар. Тиындарды тірнектеп жинайтындарды нумизматиктер дейді. Олардан кез-келген тиын туралы сұрасаңыз, мүдірмей жауап береді.

Бонистер қағаз жүзіндегі ақшаның түр-түрін жете меңгерсе, фалеристтер медаль мен түрлі таңбаларды жинақтайды. Филателдер поштаға қатысы бар таңбалардың бәрін біледі. Қызық, ә!

Нумизматиктер қатарында есімі әлемге әйгілі саясаткерлер жетерлік. Түптеп келгенде тарих тиындар тілінде де сөйлей алады. Әрбір коллекционердің жеке қоры – жинақталған мұражай. Саясат серкелерінің көпшілігі нумизматика мен филателияға қызығады.

Мысалы, Францияның күн королі атанған Людовик XIV Бурбоновтар әулетінің дәстүрін жалғастырып, сирек кездесетін тиындарды жинаған.

100 валюта, 200-ге жуық тиын бар

Өңірдегі «Алтын ғұмыр – ұлы Маңғыстау», «Ақкетік арайы», «Мұнайлы», «Жаңаөзен жаршысы» басылымдарында дизайнерлік қызметін сәтті сабақтаған оның монета «әлемінің» есігін қағуы да кездейсоқ емес. «Облыстық баспаханада жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні ішке құрылғыны жөндеуге үндістандық бір кісі келді. Ұмытпасам, аты Рама болатын. Кетерінде 10 рупийды қолыма ұстатты» деп еске алған әріптесіміздің әңгімесіне құлақ түре түстік. «Бала кезімде косманавт болуды армандадым. Мен туған жылы 1981-де "Адамның алғашқы ғарышқа ұшқанына 20 жыл" мерейтойлық монетасы шығарылды».

Сол оқиғадан кейін Ерболдың көне тиындарға қызығушылығы оянып, оны жинауды қолға ала бастаған. Қазіргі күні оның қолындағы ең көне тиын – 1931 жылғы. Аргентина, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы, Уганда, Канада, Мальдив аралдары, Малави, Тайланд, Вьетнам, Қытай, Гондурас, Иран, Үндістан, Польша, Хорватия секілді 4 құрлықтың төл теңгелері де нумизматик топтамасынан ойып орын алған. Қазақ халқының «Айтыс», «Қырқынан шығару», «Бата», «Наурыз» секілді салт-дәстүріне байланысты шыққан монеталарда ұлттық құндылықтарды айқын аңғаруға болады. Сондай-ақ ұлт зиялыларының туған күніне орай шығарылғаны да нумизматик коллекциясының сәнін келтіріп тұрғандай.

– Коллекциямда шамамен 100 ден аса валюта, 200-ге жуық тиын бар.  Негізінен менің ақша, монета жинайтынымды білетін достарым, әріптестерім саяхатқа шыққанда әкеліп беріп жатады. Онымен қоса өзіме керекті тиынды көзіме түссе сұрап немесе бір нәрсеге айырбастап аламын. Ал кейбіреулерін сатып алуға да тура келеді. Әсіресе ардагер-мұнайшы Алексей Лифаренконың коллекциямды жинақтаудағы үлесі зор, ол кісі маған біраз жәдігер сыйлады, - дейді әріптесіміз. Ескі тиын көрсе  «әкеме керек» дейтін қос ұлының қарлығаш көмегін қосыңыз. «Жарым Шолпанның қолдауы қызығушылығыма қанат бітіреді», – дейді сөз арасында. 

Үйіңде болсын, не болмаса көшеде келе жатып өзге елдің таңсықтау бір монетасын тауып алсаң былай-былай төңкеріп бір қарайсың да қалтаңа, не сөмкеңе сала саласың. Бұл кез келгеннің басынан өтуі мүмкін жағдай. Ал біреулер монета десе жанын береді. Кейбіреулері оның шығу тарихына қызықса, жай хобби ретінде жинайтындар да бар. Әр монетаны өзінше сөйлететін тәжірибесі бар адам қай тиынның сұранысқа ие, қай жәдігердің, әсіресе ескі монеталардың нағыз түпнұсқа екенін бес саусағындай айыра біледі.

Әрбір нумизматиктің жеке қоры кәнігі мұражайдан кем түспейді. Әріптесіміз Ербол Бисенбайұлы әр жылдары сыйға алған, сатып алған тарихи жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап жүр. Себебі, оның жеке қорындағы заттар – ескінің сарқыншағы, өткен дәуірдің келбеті. Бір монета арқылы тұтас бір мемлекеттің тарихынан сыр шертуге болады. Тіпті тарихтың бір ұшы қолында десек те артық болмас. Уақыт озған сайын жаухардай жәдігерлердің құны да қымбаттай түсетініне кепілдік көп.

Әріптесіміздің монеталық мұражайына үңілген сайын түсінгенім, өз еліңнің төл теңгесі бәрінен де ыстық, бәрінен де биік! Осы орайда, теңге күні қарсаңында қаржы саласының маман-дарын мерейлі мерекемен құттықтап, адал еңбектеріне абырой тілейік.

Жаннат Кемал

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: