Главная Новости Мұнайшының еңбек жолы – көпке үлгі
10 қаңтар 2025, 16:40 83

Мұнайшының еңбек жолы – көпке үлгі

Мұнайшының еңбек жолы – көпке үлгі

«Ата-бабамыздан келе жатқан «Еңбекпен тапқан нан тәтті» дейтін тәмсілді санамызға құйып өстік. Әр саланың өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді ғой. Өз ісінің нағыз маманы болу сөзсіз төзімділікті, үнемі үйренуді, ізденісті, әсіресе жауапкершілікті талап етеді. Қолыңнан іс келсе, адал еңбек ете білуің керек. Қара алтын қамбасының кіндігі саналатын Қаламқас кен орны мен үшін өте ыстық. Себебі 1989 жылы оператор ретінде жұмысқа орналасып, алғаш еңбек жолындағы тұсауым кесілген жер», - дейді біздің кейіпкер Майса Тәжімханқызы.

Майса Тәжімханқызы 1991-1993 жылдар аралығында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында геолог қызметін атқарғандығын сөз етті. Еңбек өтілі бақандай 35 жылды құрайтын Майса апай, бала күтіміне байланысты демалысынан кейін 1999 жылы операторлық жұмысын қайта жалғастырды. 2002 жылдан бастап ол №4 Мұнай және газ өндіру цехында ұзақ жылдар бойы есепке алушы, қазіргі атауы бойынша техник қызметін атқарып келеді.

«Кез келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Алғаш №4 цехқа жұмысқа келгенімде бастығымыз Жалғас Иманбаевтың «Мына үш нәрсені жадыңызда ұстаңыз: табель, жеке қорғаныс құралдары, сонымен қатар айлық есеп дұрыс болса сізді ешкім мазаламайды да, іздемейді де. Жұмысыңызға мұқият болыңыз» деген сөзі әлі жадымда тұр. Қағазбасты жұмыстарымыз өте көп. Өндірістік басқарма цехы жұмыскерлерінің жұмыс уақытын есепке алу табелін жасақтау, ай сайынғы материалдық есеп берумен қатар инвентаризация, Галактика бағдарламасымен жұмыс, бухгалтериямен тығыз байланыс, ауысым кестесіне байланысты жұмыскерлердің жұмысқа шығуын қадағалау, тамақ ішуге арналған карточкалармен қамтамасыз ету секілді үздіксіз жұмыстар бүгінде жаттанды әдетімізге айналғандай», - дейді жұмыс барысын тізбектей тарқатқан мұнайымдық жұмыскер.

Жаратылысынан болса керек, ерінуді білмейтін, жұмысына беріліп кірісетін М. Ғұбайдолинаның өзгелерге үлгі кең жүректілігін, шыншылдықты жоғары қоятындығын, сондай-ақ қайшылықта да, жайшылықта да өз таным-пікірін ашық білдіре алатындығын, керек жерде көмек қолын соза алатын адамгершілігін жанындағы әріптестері де жоғары бағалайды екен. Ол туралы Қалиса Кисикова:

«Майса апаның бір жақсы қасиеті – кісінің сыртынан сөз айтпайды. Жұмысқа қажетті ақпараттарды дер кезінде бөлісіп, шұғыл әрекет жасай алады. Ұжым арасында татулықты ту ететін беделі мен белсенділігі айрықша. Көргені көп рухани бай адам ғой», - дейді.

Ыстық-суыққа қарамай жұмыстың басы-қасынан табылатын мұнайшылар еңбегін қашан да басты назарда ұстайтын басшылық тарапы жұмыскер Майсаны бірнеше рет құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапаттап, Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Энергетика Министрлігінің мерейтойлық төсбелгісін де таққан.

Бір отбасының тірегі, үш баланың аяулы анасы кейіпкеріміз жұмыстан бос кезде ұлттық қолөнерді дәріптеп, тігін тігумен, бедерлі шашақ жасаумен айналысады екен. Кезінде анасы сыйға тартқан жез самаурынды және сүйікті әжесінен қалған жадағайды көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етуді көздейтіндігін тілге тиек етті. Ұяда көргенін ұшқанда іліп, ізетті келін бола білгенін, қонақ күту мен дастарханды қамдауды сүйікті қайын апасынан үйренгенін де жасырмады.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: