Главная Новости Мұнайшының мәртебелі жолы
03 августа 2026, 16:39 39

Мұнайшының мәртебелі жолы

Мұнайшының мәртебелі жолы

Кей адамдардың өмір жолы тұтас бір дәуірдің шежіресіндей әсер қалдырады. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының операторы Абулхаятова Жанна Идаятқызының еңбек жолы – сондай тағылымды тағдырлардың бірі.

Жанна Идаятқызы 1965 жылғы 2 шілдеде Атырау қаласында дүниеге келген. Әкесі – агроном, анасы – ұстаз. Еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол 1982 жылы Махамбет ауданының Алмалы орта мектебін тәмамдап, Атырау политехникалық техникумында мұнай және газ ұңғымаларын пайдалану мамандығын игереді. 1985 жылы «техник-мұнайшы» біліктілігін алып, еңбек жолын бастайды.

Сол жылы курстасы Сағындықов Нагим Жұмажанұлымен шаңырақ көтеріп, жас мамандар ретінде Маңғыстауға келеді. Бұл олардың отбасылық өмірімен қатар, мұнай саласындағы ұзақ еңбек жолының бастауы болды.

Жанна Идаятқызы еңбек жолын «Жетібайнефть» өндірістік басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехында IV дәрежелі оператор болып бастады. Кейін №3 мұнай және газ өндіру цехына ауысып, қырық жылдан астам уақытын «Асар» кен орнында еңбек етуге арнады.

Өндірістегі әр жұмыс күні жоғары жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Осы жылдар ішінде ол өз ісіне адалдығымен ерекшеленіп, еліміздің мұнай-газ саласының және «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының дамуына лайықты үлес қосты.

Кәсіби білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмай, 1986–1992 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында сырттай білім алып, мұнай және газ геологиясы мамандығын меңгерді.

Жолдасы Сағындықов Нагим Жұмажанұлы да өндірісте қарапайым жұмысшыдан бастап, цех бастығының орынбасары, цех бастығы, орталық инженерлік-технологиялық қызметтің басшысы, кейін «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Өкінішке қарай, 2020 жылғы пандемия кезінде қызмет бабында сырқаттанып, өмірден өтті.

Жұбайлар үшін «Маңғыстаумұнайгаз» тек жұмыс орны емес, өмір жолын айқындаған, отбасының берік іргетасын қалаған қасиетті қара шаңырақ болды.

Бүгінде Жанна Идаятқызы – үш ұл мен бір қыз тәрбиелеген ардақты ана, тоғыз немеренің сүйікті әжесі. Балалары әртүрлі салада еңбек етіп, ата-анасының адал еңбегі мен тәлім-тәрбиесін жалғастырып келеді.

Қырық жылдан астам уақытын өндіріске арнаған әріптесіміз бүгінде құрметті еңбек демалысына шығып отыр. Оның кәсіби жолы, еңбекке деген адалдығы мен жауапкершілігі кейінгі буынға әрдайым үлгі болып қала береді.

«Маңғыстаумұнайгаздың» тарихы – осындай өз ісіне берілген еңбек адамдарының тағдырымен құнды. Өйткені өндірістің басты күші – техниканың ғана емес, оны өрге сүйрейтін адамдардың адал еңбегі.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: