Главная Новости Не хабар? Астанада мұнайшы жастар жиыны өтті
01 шілде 2019, 10:12 2433

Не хабар? Астанада мұнайшы жастар жиыны өтті

Не хабар? Астанада мұнайшы жастар жиыны өтті

Небары 25 жасында ұлттық газ операторында басшылыққа тағайындалған, ірі халықаралық компанияда істейтін, 2 миллион доллар қаржысын аты жаман аурудан (рак) емге жіберген, қоғамдық белсенділік пен өндірісті ұштастыра білген... Осындай табысты жастар шоғыры демалыс күндері елордада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жас толқын өкілдерімен табыс сырымен бөлісті. 

1993 жылы туған, өткен жылдың соңына таман «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне кіріскен Тайыр Жанұзақты жүргізушілер «Қалайша қызмет баспалдағында өте жылдам өрледің?» деп біраз қинады. Назарбаев университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетінде математика ғылымын зерделеген Қызылорда өңірінің тумасы мансабын 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қабырғасында инвестициялық саясат департаменті менеджерлігінен бастаған. Өзінің айтуынша, бұлайша өсуге таныс-тамырдан бұрын, үздіксіз білім алу тікелей септігін тигізген және де көкжиегін кеңейтуді әлі де тоқтаусыз жалғастыра бермек.

«Кезінде шетелде оқу мүмкіндігі болып тұрғанымен, Ұлттық компаниядағы жұмысты таңдадым. «Бастық боламын» деп киіп-жарып ұмтылған емеспін, ең негізгісі бүгінгі таңға дейін білім алуда табандылық танытып келемін. Жалпы елімізде Жастар жылы жарияланды, замандастарыма дамуға жол ашық деп санаймын. Тек, алға!», - деп желпіндірді ол.    

Онлайн броньдауға қажет Booking желісінің әзірлеуші маманы, Америка Құрама Штаттарындағы әйгілі Силикон аңғарында стартап тәжірибе жинақтаған Әлібек Датбаев жұмыссыз қалып, Павлодарда 120 рет (!) әңгімелесуге қатысқанын шағын еске алады.

2010 жылы Қазақ-Британ техникалық университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамту» мамандығы бойынша бітірген Әлібек Booking.com компаниясына жұмысқа шақырылғанға дейін 2 рет «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түспей сүрініп, 3 рет математика мен информаикадан республикалық олимпиадаға өтпей қалған. Яғни, ол үшін сәтсіздіктер биік белестерді бағындырудың ажырамас бөлігі болған және ұдайы шыңдап отырған.   

Тағы бір талантты ІТ-технология білгірі Асхат Мырзабаевтың есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Англиядағы беделді банк құрамында жарты жыл еңбектеніп тапқан 2 млн долларын толықтай рак дертімен күреске аударған.

«Әрине, ақша жақсы ғой, бірақ басты құндылық ол емес. Ұлы мұрат әлдеқайда асқаралы болуы тиіс. Сондықтан туған-туыс, достарымның арасында қатерлі ісікке шалдыққан жандар жиі жолыққандықтан, еңбекақымды ойланбастан пайдалы іске бағыттауға бел байладым», - деді Twitter сапында тер төгіп үлгерген Асхат.

«ҚазТрансОйл» АҚ пайдаланым департаментінің жетекші инженері Данияр Смағұлов кезінде көңілді де тапқырлар клубында (КВН) сахнаға табысты шығып, қазіргі уақытта цифрлы өндіріске ойыса білген. 

«Расы керек, ҚазТрансОйлға келгенде мұнай құбырының не екенінің өзі маған бұлыңғыр болды. Шығармашылық әлеуетімді қайда жұмсайтынымды іздедім. Содан үдерістің түбіне үңіліп, бастан-аяқ зерттедім. Содан бірқатар шығындарды оңтайландыруға үлес қостым. Өндірістегі жастарды топтастыруға күш салдым. Нәтижесінде басшылық шетелге оқуға жіберді», - деген ол жастарды барынша саяхаттап, ел көруге шақырды.

Сонымен мұнай саласындағы басты қазақстандық отандық компанияның өңірлерден ат шалдырған жас еңбеккерлерге арналған шараны барынша бейресми әрі еркін өткізуге тырысқаны байқалды.

Таңертеңнен саналуан ой-өрісті дамыту, ынталандыру мәжілістері ұйымдастырылған «неконференция» қазақтың дарынды баласы Димаш Құдайбергеннің өнерін тамашалаумен қорытындылады. 

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: