Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Алматыда "Самұрық-Қазына" АҚ еншілес компанияларының омбудсмендері және кәсіподақ көшбасшыларының форумы өтті.
Шараға жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы дау-дамайлардың алдын алу, жұмысшы тараптың құқығын қорғап, тиісті деңгейде еңбек жағдайын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Мұнымен қатар, сайланған омбудсмендер және тағайындалған кәсіподақ көшбасшылары арасында берік байланыс орнату, еңбек қарым-қатынасын реттеуде күш біріктіру мәселелері талқыланып, әр тарап өз ұсынысын ортаға салды.
250 мың адам қызмет ететін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ компаниясында еңбек қарым-қатынасына қатысты оң шешім қабылдау мақсатында Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы жұмыс жүргізеді. Аталған орталықтың басшысы Елдос Өмірзақұлы компаниялардың қолайлы орта қалыптастыру үшін тек жасырын сауалнама жүргізумен шектелмейтінін айтады.
"Компаниялардың барлығында бірінші кезекте жұмысшы тараптың құқығы толық қорғалуы үшін омбудсмен, медиатор, IR, HR мамандар бірігіп қызмет етеді. Омбудсмендер тікелей директорлар кеңесіне қарайтындықтан, жағдайды таразылаған соң тәуелсіз шешім шығаруға құқылы. Мысалы, қызметкердің жұмыстан заңсыз шығарылуы немесе оның қандай да бір еңбек құқығы тапталуы мүмкін. Осындайда аталған мамандар жағдайды саралаған соң, міндетті түрде әділ шешім қабылданады. Дәл қазір әр компанияда бір-бір омбудсмен бар. Бірақ, "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан Темір жолы" секілді ірі компаниялар үшін бұл жеткіліксіз. Осы мәселенің шешімін табу үшін бұған дейін медиаторлар мен омбудсмендердің форумын өткіздік. Жобаның тиімді екеніне көз жеткен соң, екінші форумды өткізуді қолға алдық. Алайда, бұл жолы жұмысшылардың басы-қасында жүретін кәсіподақ көшбасшыларымен байланыс орнатуды да жөн көрдік. Осы екінші тарап жұмысшылардың сұранысы мен талабын жеткізіп отырады", – деді Елдос Өмірзақұлы.
Шара спикері Жангелді Әжіғалиев әдеттегі тренингтерге қарағанда компания кейстерін талдау әлдеқайда тиімді екенін айтады. Мұнымен қатар, ол сайланған омбудсмендер және тағайындалған кәсіподақ басшыларының бірігіп жұмыс істеуінің маңыздылығына тоқталды.
"Форумға жиналған азаматтардың барлығы тікелей жұмысшы тараппен жұмыс істейтіндіктен, әрдайым осылай біліктілікті арттырып отыру маңызды. Кездесу барысында барынша іс-тәжірибелік кеңестер айтылып, компанияның нақты кейстері талқыланып жатыр. Осылайша, кәсіподақ басшылары мен омбудсмендер бір жеңген қол шығарғандай жұмысшы тараптың мәселесін туындаған сәтте-ақ шешіп беріп отырады. Омбудсмендер тағайындалады, ал кәсіподақ басшыларын жұмысшылар өз арасынан сайлайды. Екі тараптың қызметке әртүрлі жолмен келгеніне қарамастан, ортақ тіл табуы маңызды, өйткені мақсаттары ортақ", – деді Жангелді Әжіғалиев.
"Самұрық-Энерго" АҚ омбудсмені Нариман Ақылов өзіне бір жылда "Нысана" жедел желісі, Қаз Құжат жүйесі, электронды пошта және ауызша, жазбаша түрде 70-тен астам өтініш келіп түсетінін айтады. Олар негізінен келесі мәселелер бойынша:
Мұнымен қатар, осындай шағымдардан бөлек, заң қызметі мен омбудсмен қызметіне қатысты консультация сұрайтындар бар.
"Біздің қызметімізге кикілжіңді реттеу, болуы мүмкін дау-дамайдың алдын алу, ұжым ішінде агрессияға жол бермеу, жұмысшылардың мәселесін митинг, пикет, аштық жариялағанға жеткізбей шешу, әртүрлі жағдайға байланысты ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу кіреді. Барлық арыз, өтінішке байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, консультация беріледі. Мұнымен қатар қызметкердің ұлты, діні және жынысына қарай кемсітуге жол бермейміз. Жұмыс барысында "Құлақ асатын жетекші" қағидатын қолданамыз. Біз тек қызметкерлермен жұмыс істеп қана қоймай, басшылыққа да тиісті кеңесімізді береміз", – деді Нариман Ақылов.
"Ақпараттандыру және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қажымұрат Темірханов мұндай форумдардың ұсыныстарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінімен құнды екенін айтады. Мұнымен қатар бірлестік төрағасы көп мәселенің орташа жалақының дұрыс есептелмеуімен байланысты екенін алға тартты.
"Форум барлық жағынан өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастырушы тарапқа алғыс айтамыз. Өйткені жұмысшыларымыздың әлеуметтік тұрақтылығын сақтау мақсатында күш біріктіру маңызды. Форум барысында кәсіподақ лидерлері өз ұсынысын ортаға салды. Солардың ішінде ең өзектісі – орташа жалақының әділ есептелуі және еңбек шартын орындауға қажет қаражатты топ-менеджерлер тарапынан шектемеу болды. Қазір орташа жалақыны есептейтін кезде ең төмен және топ-менеджерлер жалақысы есепке алынады. Алайда, кейінгілердікін есепке алмау және нарықтағы еңбекақымен теңестіру аса маңызды. Сондай-ақ, қызметкерлер өндіріс сұранысына сай қажет киім, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Ұсыныстарымыздан тиісті нәтиже шығара аламыз деген ойдамын", – деді Қажымұрат Темірханов.
Дереккөз: "Информбюро" порталы