Главная Новости Өндірістегі зияткерлік
26 шілде 2018, 18:16 3612

Өндірістегі зияткерлік

Өндірістегі зияткерлік

Биыл «Интеллектуалды кен орны» жобасы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Жаңаталап кен алаңы мен «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Шығыс Мақат кен алаңында сыналуда. Жалпы, бұл қадам «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен алаңдарын цифрландыру жобасын сәтті жүзеге асыруының көрінісі болып отыр.

Әңгіме басында атап өтерлігі, компанияның 2023 жылға дейінгі «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасында 11 кен алаңын сандық жүйеге көшіру жоспарланған.   

Қазіргі заман талабына сай, мұнай-газ саласын да цифрландыру уақыт күттірмейтін өзекті мәселе екені белгілі. Осы орайда, геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын әзірлеу жұмыстарын жүргізу, мұнай мен газды өндіру, дайындау қызметтерімен айналысатын «Ембімұнайгаз» компаниясы соңғы жылдары тиісті жұмыс бағытына ерекше назар аударуда. Мысалға, 2016 жылы, өндірісті басқарудың озық үлгілі кешенді жүйесін құру мақсатында «Интеллектуалды кен орны» жобасы пилоттық тәртіпте Уаз кен алаңында іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Айқын нәтиженің бірі, электр энергиясын үнемдеу 30 пайыздан жоғары көрсеткішке жетті. Ұңғымалар қорын пайдалануды үдету арқылы қосымша мұнай өндіру көлемі артты. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі қысқарып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Игілікті істің заңды жалғасы ретінде, жемісті тәжірибе былтыр, яғни 2017 жылы Прорва кен алаңдары тобына таратылды.

 

Сонымен, ақылды технологияның өзіне тоқталсақ, мұнда мұнай өндірудің барлық кезеңін бақылайтын қондырғылар қамтылған. Олар арқылы онлайн тәртіпте маңызды деректер диспетчерлік орталыққа жіберіліп, оператордың шұғыл шешім қабылдауына мүмкіндік туады. Болашақ іс-қимылды сауатты жоспарлау жағы да жеңілдемек. Бұнымен бірге, ақпарат толығымен «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік үдерістерді бақылау орталығы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы саналатын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ талдау орталығына түсіп, сараланып, соның негізінде ұзақмерзімді жоспарлар құрылады.

«Бүгінгі таңда көптеген мұнай-газ компанияларында мұнай өндіру үдерісін цифрландыруға бағытталған бір-біріне тәуелді емес, өзара ықпалдастыруды қажет ететін бірқатар бағдарламалар, электрондық базалар, жүйелер жұмыс істеуде. Біздің тұжырымдаманың артықшылығы – жекелеген жүйелерді бір ақпараттық жүйеге топтастыра алдық», - дейді «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

Тұжырымдама демекші, оның басымдылығы сонда, жоғарыда келтіргеніміздей, қолданылатын технологиялар электр қуатын едәуір үнемдеуге жол ашпақ. Өйткені, тереңдіктегі сорап сұйықтық толғанға дейін әрекетте болмақ. Құрылғының оңтайлануына байланысты қондырғының өзіне түсетін ауыртпалық азайып, соның негізінде көпке дейін тозбайды, жөндеуді сирек қажет етеді, яғни, ұзақ уақыт бойы қызмет етеді.

Тұжырымдаманың арқасында қаржылық кіріс диаграмма және графика түрінде ұсынылады. Ұңғымалар, цехтар мен мұнай өндіру басқармаларының жоспарынан ауытқу байқалса, жедел ақпарат түсіп, өндіруге, геологиялық-техникалық шараларға кететін шығындар мен мерзімі кесте түрінде көрсетіліп тұрады.

Сарапшылар интеллектуалды кен алаңдарының оператор мамандар келбетіндегі қарапайым еңбек адамдарының жұмысын жеңілдеткенін айтады. Себебі олар қыстың суық және жаздың аптап ыстық күндері ұңғымалардың жағдайын тексеру немесе істен шығу себебін анықтау үшін кен алаңдарын аралап жүрмейді. Бұл жұмыстар автоматты түрде және қашықтықтан жүзеге асып, қауіпсіздік мәселесі де ақсамайды.

«Ембімұнайгаздықтар» «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасының авторлары – қазақстандық мамандар, яғни, өздерінің қызметкерлері екендігін мақтан тұтады.

Сөз соңында келтірсек, аталған жоба экономиканы цифрландыру жөніндегі кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысына таныстырылып, «Цифрлық Қазақстан» республикалық бағдарламасына енгізілгені аян. Сондай-ақ, өткен жылы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өткен «Мұнай-газ саласы үшін үздік 10 IT-жобалар» IX бүкілресейлік байқауында үздік деп танылды.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: