Главная Новости Оразада денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Диетологтан 5 кеңес
05 сәуір 2022, 10:10 1364

Оразада денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Диетологтан 5 кеңес

Оразада денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Диетологтан 5 кеңес

Рамазан айында майлы, тәтті, тұзды тағамдардан бас тартып, рационға көкөніс, жеміс-жидекті көбірек қосу керек.

Диетолог, нутрициолог Дияра Антаева ашығудың адам ағзасына әсерін айтып, ауызашар мен сәресінде қалай тамақтану керек екенін әңгімеледі. Информбюро маманның Medsupport алаңында өткен сұхбат барысындағы өзекті сұрақтарға берген жауаптарын ұсынады. 

Диетолог, нутрициолог Дияра АнтаеваДиетолог, нутрициолог Дияра Антаева

– Ораза ұстау ағзаға қалай әсер етеді?

– Зерттеулерді қарасақ, ораза ағзаға жағымды әсер етеді. Рамазан айында адамдар бірінші кезекте рухани тазаруға мән береді. Сондай-ақ, үшглицерид, холестерин тұтынуды азайтады. Күретамыр қысымы төмендейді, салмақ азайып, бел жіңішкеріп, биохимиялық өзгерістер болады.

Бұған ашығу ғана емес, адамның өзін белгілі бір әдеттерден шектеуі де әсер етеді. Мысалы, бұрын тойғанша ішіп-жеп, көкөніс аз тұтынуы мүмкін. Ал оразада құндылықтарға көз жүгіртіп, тойып тамақтануды қояды. Рамазанның артықшылығы – саналы түрде тамақтануға үйретеді. 

– Ағза сусызданбауы үшін не істеу керек?

– Оразада ағзаның сусыздану қаупі бар. Рамазан жаз мезгіліне тұспа-тұс келетін ыстық елдерде сусыздану қатері өте жоғары, өйткені кей адамдар қол еңбегімен айналысып, күн астында жұмыс істейді. Бұл судың булануын арттырып, соған сәйкес ағзаны жедел құрғатады.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Суды күн батқаннан кейін ғана ішуге рұқсат болғандықтанн ораза ұстағанда су ішу арқылы қалыпқа келтіре алмаймыз. Сондықтан күн батқаннан таң атқанша 1,5-2 литр су ішкен жөн. Тәтті сусындар, компот, кисель емес, тұрақты түрде сағат сайын таза су ішу керек. Ағзаны нәрлі сорпа секілді сұйықтықтың басқа да көздерімен толықтыруға болады.

– Рамазан айында қалай тамақтанған жөн?

– Рамазан айында адамдар салмақ тастайды, бел жіңішкереді. Ауызашар мен сәресіде көп тамақтанса, мұндай нәтижеге жету мүмкін емес. Тойып тамақтанбау керек. Рамазан ауызды тию ғана емес, ол – өзіңді тәртіпке үйрету, құндылықтарға баға беру айы. Мұндай игі әдеттерді Рамазаннан кейін де ұстанған жөн. Қасиетті айды тиімді өткізу үшін ең біріншіден артық тамақтанбай, ауызды қалай ашса, солай бекіту керек. Бірінші кезекте сумен, құрмамен ауыз ашуға кеңес беремін. Сосын бірден тамақтанбай, ағзаның бейімделуі үшін 15 минут не шыдасаңыз, бір сағат күту керек.

Құнарлы тамақтарды көп тұтынып, нашарлауға, шөлдеуге әкелетін тамақтардан бас тартуды ұсынамын. Тұзды, натрий консерваторлар қолданылатын пакеттегі өнімдер, тәттілер жеген соң көп су ішкің келеді. Тұзды, қуырылған, тәтті және қышқыл өнімдер дәм сезу рецепторларын тітіркендіріп, оны сумен өтегісі келеді.

Ауыз ашқаннан кейін ыстық тамақ алдында салат жеген жөн. Зәйтүн майын қосса, салат қанық бола түседі. Моцарелла ірімшігі не йогурт секілді ақуызбен араластырса, жасұнық пен майдан да пайдалы. 

Күн батқаннан кейін кемінде екі рет тамақтануға тырысыңыз. Ауызашар, жүрек жалғау, сәресін ішу деп үш рет тамақтануға болады. Әр ас ішкенде құрамында көкөніс болсын. 

– Сәресіде не жеу керек?

– Жиырма минут қалғанда оянып, тағамның бәрін жеп тауысуды көздемеген жөн. Жарты не бір сағат бұрын тұрып, су ішуге, тойып тамақтанбауға кеңес беремін. Тойып жеген тамақ тез қорытылады да, аштық сезімін тудырады. Таңертең жасымық не асбұршақ сорпасын ішсеңіз, ол ұзақ уақыт қорытылады. Құрамында жасұнық та, бұршақ та, май да бар. Сәресіде айран, сүт ішіп, түрлі жаңғақ жеген дұрыс. 

– Оразада кофеин, темекі, тәттіні тұтынуға бола ма?

– Никотиннен бас тарту үшін оны азайту керек. Ауыз ашқанда темекі шекпеген жөн, өйткені дін тұрғысынан да, физиология тұрғысынан дұрыс емес. Күні бойы ашығып, бірден темекі шеккенде түтіні асқазан-ішек жолы мүшелерінің тіндерін тітіркендіреді. Никотин, кофеин, тәттіні шектен тыс тұтынудан бас тартыңыз. 

Кофеиннің несеп айдайтын әсері бар, ал бұл шөлдеуге итермелейді. Кофеин мөлшерін 300 милиграмға дейін азайтыңыз, не тіпті мүлдем тұтынбаңыз. 

– Созылмалы ауруға шалдыққан адамдар ауыз бекіте ала ма?

– Дінде дам өміріне зиян келтірмесе, ораза ұстауға болатыны, ал денсаулыққа зақым келтірер болса, ұстамаған дұрыс екені айтылады. Диабетке шалдыққан инсулинге тәуелді адамға ауыз бекітудің қажеті жоқ, тіпті зиян. Зат алмасу процестері бұзылған адамдарға, мысалы диабет, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі, кардиология, гастроэнтерология секілді ішкі органдардың кез келген ауруына шалдыққандарға ашығудан бас тартуға кеңес беремін.

Мұның салдары неге әкелетінін ешқашан білмейміз. Денсаулыққа пайдалы да, зиян да болуы мүмкін. Сізге диетотерапия тағайындалса, ең бірінші кезекте дәрігермен бірге денсаулық жағдайыңызға баға беріп, осындай рухани тазару мен ашығудың қажет не қажет емес екенін шешу керек. Созылмалы аурулардан инсулинге төзімді екінші типтегі диабетке шалдыққандарға ораза ұстауға болады, оларға аздаған ашығу пайдалы. Ал тойып тамақтанса, салмақ жинауы мүмкін.

– Ораза ұстап жүріп спортпен айналысуға бола ма?

– Рамазан кезінде қарқынды жаттығудардан бас тартып, оның орнына тыныс алу, медитация, йога, пилатес, созылу секілді энергияны көп жұмсамайтын жаттығулармен айналысуға кеңес беремін. Ауызашардан бұрын не не кейін жаяу жүру артық емес. 

Диетологтың дұрыс тамақтануға қатысты 5 кеңесі:

  • Сәресін өткізіп алмау. Таңертең бір сағат бұрын оянып, міндетті түрде тамақтану керек. Жұмыртқа, жаңғақтар, сорпа, ірімшік секілді ақуыздар мен майлар бар өнімдер қанығуды ұзартады. Тәттілерді, ақ нан, өте майлы тағамдарды тұтынбауға кеңес беремін, олар керсініше тәбетті ашады.
  • Тойып тамақтанбау. Адам ашыққанда тәрелке толы тамақтың бәрін жеп тауыса алмайды. Ораза кезінде адамның асқазаны кішірейеді, соған сай аз тамақтанады. Ал қалған тамақты босқа тастауға тура келеді. Экология тұрғысынан алсақ тамаққа қанша ресурс, энергия, су жұмсалады. Бұл саналы түрде тамақтанбау өзіңе ғана емес, табиғатқа да әсер етеді. Тәрелкеге өзіңіз жей алатынды ғана салыңыз, тағы керек болса үстіне қосасыз.
  • Суды көп ішу.
  • Өзіңді де, күшіңді де аямай қозғалу. Қозғалу арқылы энергия келеді. Қасиетті айда түскі үшке дейін ұйықтап, кешке ауыз ашу дұрыс емес. Белсенді болсаңыз ораза ұстауға күш те, ынта да болады.
  • Шөлдететін, тәбет шақыратын (қышқыл, тұзды, тәтті, қуырылған) тағамдардан бас тарту.

Авторы: Назерке Абибулла

Дереккөз: Информбюро порталы

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: