Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс орындарында еңбек ететін қызметкерлер арасында өнер мен шығармашылыққа жақын адамдар аз емес. Өнер-білімге құштар, зерек ұрпақ өсіріп отырған ата-аналар да бар. «Жетібаймұнайгаз» ӨБ Өндірістік жұмыстарды ғылыми зерттеу цехында геолог болып жұмыс істейтін Бақтығали Нұрболғановтар отбасы – өнері өрге тасып, өрісі кеңейген шаңырақ.
Бақтығали Нұрболғановтың ұлы Нұрғали қаршадайынан қаламды микрофон қылып, ән айта бастаған екен. Баласының өнерге бейім екенін байқаған ол «бетін қақпай, белін буып», түрлі өнер сайыстарында бақ сынатыпты. Мәселен, Нұрболғановтар отбасы 2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұйымдастырған байқауға қатысып, «Мұнай саласын жалғастырушы отбасы. Династия» конкурсының бас жүлдегері атанды.
Нұрғали – ата-әженің тұңғыш немересі. Ізінен ерген Нұрсұлтан атты інісі бар. Атасы Айтбай Дүмбайұлы – 46 жыл мұнай саласында еңбек еткен құрметті мұнайшы. Қазіргі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясынан еңбек демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Әжесі Дариғаш Айтқалиқызы фармацевтика саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан.
«Тұңғышымыз болғасын әрі бойынан талантын байқағасын немеремізді биіктерден көргіміз келеді. Мектепте, қалада әртүрлі сайыс, шараларда өнер көрсеткен кезде үйде отырып тақымымызды қысамыз. Талабына сай бақ берсін, болашағы жарқын болсын деп әркез тілеп отырамыз», – дейді ата-әжесі.
Халқымыз білім-ғылым игеріп, өнерлі болуды жоғары бағалаған. Сондықтан да болар әкесі Нұрғалидың киелі сахнаға, өнер жолына қадам басуына әркез қолдау көрсетіп жүр.
«Балалардың қуанышы, жетістігі әр ата-ана үшін үлкен абырой, зор марапат. Бала – болашағымыз ғой. Ұрпағымыз ұлтына қызмет етсе, білімді, өнерлі, арлы болып өссін деп тілейміз. Нұрғали жастайынан өнерге икем болды, ән-жырға жақын, естіген әуенін айна-қатесіз айта алады. Қатысамын деген әртүрлі жарыс, сайыстарына апарып, қолдау көрсетуге тырысамыз. Осы балалардың арман-тілектері, ойға алған мақсаттары орындалса екен дейміз. Жан-жақты жетіліп өскенін құп көреміз», – дейді Бақтығали Нұрболғанов.
Иә, «болар бала жасынан» демекші, Нұрғали бала да болса өнерде ісі өрге басып тұр. Ол әртүрлі деңгейдегі облыстық, республикалық және халықаралық конкурстарында жүлдегер атанды. 2018 жылы I республикалық «Қазақстан таланттары» рухани-патриоттық байқауында «Эстрада вокал» номинациясы бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін I дәрежелі лауреат, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында 4-7 сынып оқушылары арасында «Әнді сүйсең, менше сүй!» атты ән байқауында ерекше қабілетімен дараланғаны үшін III орын, Мұқағали Мақатаев шығармашылығын дәріптеуге арналған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты көркем сөз оқу байқауында I орын иеленді.
2019 жылы «Ұлттық бала дауысы – 2019» балалар ән байқауының лауреаты болса, 2021 жылы Ақтау қаласында өткен «Музыкальный вояж» XXVIII қалалық жас орындаушылар байқауында 3 орын иеленіп, «Халық әртісі» номинациясын жеңіп алды. Нұрғали талантымен әлі талайды тамсандырар деген үміттеміз.